Тағзым • 15 Ақпан, 2024

Халық геологі Қосым Пішенбайұлы есімін «Богатырь» кенішіне берсе жарасады

282 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Баянауыл мен Екібастұз жерінде ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басында пайдалы қазбалар, атап айтқанда, мыс, күміс шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істеген. Жосалы мен Майкүбіде көмір шахтасы болған. Ал Қандықарасу-Александровкада уран, мыс, алтын шығарылған. Көпестер кеннің тілін түсінетін жергілікті қазақтарды алдап-арбап, сыйақы беріп, солардың көмегімен қазба байлықтарды тауып отырған.

Халық геологі Қосым Пішенбайұлы есімін «Богатырь» кенішіне берсе жарасады

Геология ғылымындағы «Қосым айырымы»

Қазақтан шыққан алғашқы кен білгір­лерінің бірі, халық геологі Қосым Пішен­­байұлы туралы ел аузында аңыз көп. Оның Екібастұз көмірін, Май­қайың­да­ғы алтын кенін, өзге де аймақ­тард­ағы кен орындарын ашқаны туралы кейін­гі архивтік құжаттар толық растай­ды. Әйгілі жерлесіміздің геология сала­сын­да­ғы еңбегі туралы асықпай баяндасақ.

Биыл Қосым Пішенбайұлының туға­нына 180 жыл толып отыр. Халық гео­логі Баянауылдың қазіргі Жұмат Ша­нин ауылы аумағында дүниеге келген. Бала шағынан тау-тасты кезіп, шалғай жер­лер­ді аралауға құмар болыпты. Ол тұста жер барлаушы, геология ғылымы дегенді қа­зақ түсінбейді. Ешқандай кәсіби білімі жоқ Қосым жігіттік шаққа дейін салт ат­пен, түйемен біраз өңірді шолып, сол тұста-ақ болашақ кен көздерінің біразын зер­десіне түйіп үлгерген. Осы бір елден ерек қасиетін ауылдастары жақтырмай, «Ке­з­бе Қосым» деп атап кеткен деседі. Ол ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың ба­сында қазақ жеріндегі 20-дан астам кен орнын алғаш ашқан қазақ. Оның ішін­де «Екібастұз», «Александровка», «Берік­қа­ра», «Қазанауыз», «Майкөбе», «Май­қа­йың», «Жосалы», «Көктас», «Жел­тау», «Жартас», «Үшқатын», «Най­затас», «Үш­қара», «Қарақұра», «Шөп­ті­көл», «Алтынды» сияқты кен орындары бар.

Кен барлаушы туралы кеңес өкіме­тінен гөрі арғы патша заманындағы деректер мол кездеседі. «Қосым айырымы» деген геологиялық белгі сол кезеңде кен іздеумен айналысқан өнеркәсіпшілер үшін үлкен жаңалық болған. Ал Екібастұз көмірі мен Майқайыңдағы бай алтын қорын іздеп табуы тарихи тұрғыдан үлкен оқиғалар екені сөзсіз. Ол жайында қаламгер Қалмұқан Исабаев, Ертіс-Баян өңірінің белгілі өлкетанушылары, соның ішінде Дмитрий Багаев пен Александр Черкашин мол естеліктер жазып кетті.

са

«Алтын өнеркәсібі және тау-кен ісі жар­шысының» 1900 жылғы №10 санында Екібас­тұздағы көмір орны туралы былайша баяндалады:

«Деров (Артемий Иванович Деров, керекулік көпес) іскер адам ретінде көмір өндірудің маңыздылығын және бұл істің табысты екенін түсінді (ол уақытта Батыс-Сібір теміржолын салу мәселесі шешіліп жатқан, ал көмір ең негізгі проблема еді) және 90-жылдардың басында ол көмірдің сенімді жерлерін іздеуге белсене кірісті, ақыры мұндай жердің бірі Екібастұз алабында 1893 жылы ашылды. Бұл кен орнын ашу құрметі жергілікті қазақ Қосымға тиесілі. 1895 жылы Қосым­ айырымы (Қосымның талабы бо­йын­ша ол жер Қосым алабы деп аталды) іске берілгенде әуелі беткі топырағы алынып, кен қазушылар көмірге жетті. Одан соң 5-ші және 6-сажында оңтүстік-батысқа және солтүстік-шығысқа қарай бірлік векторлары белгіленді, бұл жерде назар аударуға тұрарлықтай көмір қабаттары табылған еді...».

Тағы бірнеше архивтік құжатты келтірейік. Артемий Деров Қосымды жер өлшеуші етіп қызметке алып, кен барлаушы Екібастұздың көмірін тауып оралғанда оны 40 рубльмен марапаттайды. Әрі Қосымға күніне бір сөлкебайдан тағайындаған. Деров мол көмір қорын игеруге өзінің қаржылық әлеуеті жет­пей­тінін түсіне отырып, Киевтегі ірі қант өндіруші Лазарь Бродскийден қаржылай көмек сұраған.

Павлодардағы өлкетану музейінде оның негізін салушы, танымал фотограф Дмитрий Поликарпович Багаевтың естелігі сақтаулы. Ол былай деп баяндайды: «Мен Қосымды білуші едім, асырып айтқаным емес, екеуміз жақсы дос болдық. 1899 жылы мен Павлодардағы Деровтың кеңсесіне жұмысқа тұрдым, ол тұста Қосым көпестің қол астында қызметте жүрген кезі. Оның міндеті – иен даланы аралап, көмір, мыс, темір кен орын­дарын іздеп табу және оны Деров­тың пайдасына жазу. Ол уақытта тау-кен басқармасының заңдары бо­йын­ша учас­кені бекіту үшін акті жасау қажет еді, оған кен барлаушы анықтаған қаз­ба кенінің түрін, жер бедерінің сипат­тамасын көрсету және заттай дә­лел­­деме қалдыру қажет болды. Мен Қо­сымға қатысты жайттарды, соның ішін­де Екібастұз көмірін ашуға қатысты жағ­дай­ларды талай мәрте естідім.

Бірде А.Деров Л.Бродскийден хат алды. Ол былай деп жазады: «Артем, Сібір теміржолының құрылысы бас­талып жатыр. Паровоздарға көмір керек... Қазақ даласы бай, қайда қазсаң да, алтын. Сіз жолы болғыш адамсыз, пайдалы кәсіптен қол үзбеңіз... Ақшадан қысылып жатсаңыз, Лазарьдің көмектесетінін біліңіз», деп жазылған».

Деров Петерборға барып, мұнда миллионер байлармен, мәртебелі княздің әйелі Стеблин-Каменскаямен және әйгілі әулие Иван Крондстацкиймен байланыс орнатты. Олардың көмегімен «Воскресенск тау-кен-өнеркәсіп қоғамы» деп аталатын акционерлік қоғамдық құрылады. Алайда көмір қазу шаруасын біліксіз мамандар жүргізгені себепті, бірлестік кейін күйреп тынады.

Екібастұз көмірін ашу құрметі шынында Қ.Пішенбайұлына тиесілі екенін верхотурлық көпес Александр Бенардакидің мына бір хабарламасы-ақ­ дәлелдеп береді: «Отправился в 12 дня июня же месяца по Баянаульскому округу с партией из 5 человек киргиз местных и через день прибыл на мес­то называемое Қарабидаик, где от соленого озера Екибазтуз примерно в 500 сажень на юг. Заложил шурф ширины и глубины 3 аршина, и встретил каменный уголь. Партию составили местные киргизы: Хосум Пшенбаев, Салгара Баймиканов, Жантеле Мамбетов, Койшикара Наурузов, и Ногайбай Оразов. Заявляя Карабидаикскую копь каменного угля прошу внести эту заявку в книгу». Соңында «Өнеркәсіпші Бенардаки, 1867 жылғы 21 маусым» деп қолын қойған. Бенардаки бұл жерде көмірдің алғаш табылуы 1893 жыл емес, 1867 жыл деп көрсетіп тұр. Сондықтан Екібастұз көмір алабының ашылуын осы өтінім бойынша 1867 жылға теліген дұрыс болар.

Тума талант геолог Қосым Пішен­байұлының есімі кейінгі ғылыми әде­биетте де ұмытылған жоқ: «Қазақ­стандағы төңкеріске дейінгі түсті металлургия және тау-кен ісі» – Воскресенск теміржол зауытының жазбасында мынадай жолдар кездеседі: «Воскресенск зауыты 1900 жылдың 17 сәуірінде іске кірісті. Ол халық аңызы бойынша көшпелілерден шыққан мал бағушы Қосым Ишенбаев ашқан (бұл жерде тегінде қате жіберілген) Екібастұздың көмірімен жұмыс істеді».

Баянауылдық өлкетанушы Алек­сандр Черкашиннің биыл жарық көр­ген «Қосымның тағдыры» кітабында кен іздеушінің Шақпақ кен орнында қазақ жұмысшыларының басын құрап, алғашқы артель ұйымдастырғаны туралы да жазған. Дала қазақтары сол жерде алғаш «қара тастың» отқа жанатынын көрген. Артель көп ұзамай тарап кетсе де, бұл әңгіме әлі күнге дейін ел арасында айтылып жүр.

Ал Майқайыңдағы алтын кен орын­да­рының ашылуы – Қосымның ең ірі еңбегі әрі соңғысы болса керек.

Атақты геолог ғалым Қалкен Жәмі­нов өз жазбасында Қосым кедей отба­сы­нан шыққандықтан көп нәрсеге қол жеткізе алмағанын баяндайды. «Ағылшын байлары біздің жерімізге аяқ түсіргенде оларға жол көрсетуші болды. Көпке белгілі кен орындары: Екібастұз, Майкөбе, Жосалы, Найзатас, Жуантөбе, Майқайың, Александровка, Шөптікөл және өзге де көптеген кенді орындары Қосыммен тікелей байланыс­ты. Ол кеннің орналасқан жерін шөпке, тасқа және жергілікті жер бедерінің географиялық құрылымына, желдің әсерінен жер бетінде пайда болған «дәліздерге» қарай отырып оңай табатын. Қосым Баянауылдағы Мақаш ауылына ат басын жиі бұрып тұрған. Бірде әлгі ауылдағылар өз жерлерінен Қосымның бағалы кен жынысын анықтағанын біледі де, бай ақсақалдар оған ат мінгізіп, шапан жауып, алдына мал салып береді. Халық өнеркәсіпшілер келіп, оларды жерлерінен қуып шығады деп үрейленсе керек. Есесіне Қосым әлгі жерді белгілемеуі керек болады. Осыған ұқсас оқиға Қызылтау өңірін жайлап отырған халық арасында да болған. Үрпек ауылынан Желтау асуына қарай ойысатын жерде тас бар, онда Қосымның өтінішімен мынадай белгілер түсірілген: «3 В В М 3 262У – 1907 ЗИНЗ», деп жазады ғалым.

 

Халық геологінен ұрпақ қалған ба?

Енді Қосымның ұрпақтары мен өмірі жөнінде бірер сөз айтсақ. Кейбіреулер 32-нің аштығында оның барлық отбасы қырылып қалды деп ойлайды. Жоқ, шындығында одан Әбіш, Мұқыш дейтін екі ұл қалған. Әбіштен Қайша, Қатыкен, Хадиша атты қыз бала туған. Хадишаның қызы Рымтай кішкене шағында нағашы атасы Әбіштің қолында өскен. Рымтайдан Гауһар, Гүлнәр деген екі қыз тарайды. Өкінішке қарай, Қосымнан еркек кіндік ұрпақ қалма­ған. Дейтұрғанмен, оның аталас туысы­ Амантай Есімбаев бүгінде көзі тірі, шежірелі қарттардың бірі. Амантай аға – Қосымның інісі Есімбайдың ұрпа­ғы, Пішенбай әулетінен қалған жалғыз ер-азамат.

Екібастұз шаһарында тұратын ақса­қалмен жолығып, көп жайттың анық-қанығын дұрыстап алғанды жөн санадық.

– Қосымды көрген, онымен бір шаңырақ астында күнелтіп, талай қиын­дықты бірге бөліскен азаматтармен дастарқандас болдым. Соның бірі – Баянауылдың Жұмат Шанин ауылында тұрған марқұм Әбдірахман ақсақал еді. 1970 жылдардың аяғында Южный (қазіргі Жұмат Шанин) кеңшарына зоо­техник болып барғанда, Әбекең көп жайтты ақтарған еді. «Қарағым, мен өлсем мойнымда қарыз болып қалады. Қосекең 88 жасқа келіп қайтты. Үш адам өз қолымызбен жерледік, оның бірі мен едім. Саған жерленген жерін нұсқап кетейін» деп, мені Мақаш қыстауына алып барып, сол жердегі көп зираттың арасынан Қосымның қабірін көрсетіп кетті. Кейін басына ескерткіш тас орнатып, айналасын қоршадық, – деп бастады әңгімесін Амантай ақсақал.

Әбдірахман өле-өлгенше Қосымның аруағына риза болып кеткен. Себебі 1932 жылдың аштығында Мақаш қыстауын паналап отырған 5-6 отбасының аман қалуына Қосым тікелей себепкер болған екен. Соның арасында Әбдірахманның отбасы да бар. Сол жылы жазда-ақ жер танығыш Қосекең «биыл жұт болғалы тұр, ертерек қамданайық» деп өзі жақсы білетін ер-азаматтарды тізе біріктіруге шақырады. Елде асыра сілтеудің қызып, жұртшылықтың малы тартып алынып жатқан кез. Осы жазда-ақ сай-салаға босып жүрген аш-арықтар толып кетеді. Аш адам жыртқыш адамнан да қауіпті. Қосымның жөн сілтеуімен жаңағы 5-6 отбасы бір үйге келіп қоныстанады. Үйде адам қарасы көп болса, жалғыз-жарым жан азық іздеп келуге жүрегі дауаламайтыны айқын.

«Қосекең қолда қалған барлық мал-мүлік, тері-терсекті Қоянды жәрмең­кесіне айдатып, бидай, шай, қант секілді қат азықтарға айырбастатады. Атпен алып келгенде бидай 6 қап шыққан екен. Атамыз: «Бұл бидай біздің әулеттеріміздің сақталып қалуына бірден-бір себепкер болады. Осыны көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп, әлгі жерде үш бөлмелі үйдің жал пешін бұзғызып, ортасынан қуыс қалдырып, барлық дәнді сол жерге төгіп, қалатып тастайды. Әйгілі 32-нің қысында бұл үйдегі барлық жан осы бидайды күніне қуырып жеп, жан сақтаған екен. Олардың арасында қос ұлы – Әбіш пен Мұқыш бар. Міне, бұл да – Қосымның бір ерлігі еді», деп жалғай түсті әңгімесін Амантай Ақышұлы.

Өкінішке қарай, сол қыста қарт кен барлаушы көз жұмады. Аштықтан емес, аурудан. Бұл Майқайыңнан ағыл­шындардың барлық өндірісті тастап, үдере кетіп жатқан кезі. Алғаш­қы қар түскенде ағылшындар қос ат жеккен шана­­ларымен көше бас­тайды. Сонда атамыз: «Шіркін, бұл шаналардың іші алтынға толы, біреуін қолға түсірсек, арман не!» деген екен. Сөйтсе, әлгі шана­лар­дың табанындағы ағаштардың іші ойы­лып, түйір алтынға толтырылған екен. Сырт көзге байқалмайтын ағыл­шын­дардың қулығын Қосекең бұрыннан білген ғой. Атамыз күздің қара суығында түйесіне мініп, ағылшындарды торуыл­дап кетеді. Алайда жолы болмай, қарулы әскерден сескеніп, шананы қолға түсіре алмай қайтады. Ұзақ жол жүріп шаршап келген, оның үстіне жүдеген қарияның жасы да сыр бере бастаған уақыт. Төсек тартып қалған. Сол қыста о дүниелік болады. «Сонда бір үйде қоныстанған Әбдірахман, Жәмін және тағы бір (атын ұмыттым) азамат үшеулеп Мақаштағы зиратқа әкеп жерлеп, үстіне ескі үй­лер­дің бірінен қалған есікті жапқан екен. Топырақтың тоң болып қалғаны сон­шалық, сүймен батпай, ескі зираттың қабырғасын құлатып, қабірді соның астынан қаздық деп отыратын Әбекең», деп еске алды Амантай аға.

Екібастұздағы «Отарқа» газетінің редакторы, ақын Жанаргүл Қадырова мынадай бір қызық мәліметтің шетін шығарды. Айтуынша, әжесі Биғайша – Есімбайдың қызы. «Әжем бұрынырақта: «Әлгі Қосымның теріп жүрген тастарынан бірдеңе шыққан көрінеді» деп айтып жүреді екен, оған кезінде мән берген ешкім болмапты. Әжем маған үнемі түлкі тымақ тігіп беретіні есте. Тағы бір қызығы, Пішенбай нағашы атамыз Қонақбай қайтыс болғанда оның жесірін әйел қылып алады. Бірақ оның балаларын өз тегінде қалдырыпты. Отан­дық эстра­да жұлдызы Меруерт Түсіп­бае­ва­­­­ның аталары Пішенбайдың қолында өскен. Егер тегін өзгерткенде Меруерт апа­мыз қазір Пішенбаева болып жүрер еді», деп қосты танымал журналист.

 

Кенішке есімі лайықты!

Бұдан бес жыл бұрын Қосым Пішенбайұлының басына Маңғыстаудың ұлу тасынан кесене тұрғызылды. Нысанға «Богатырь Көмір» ЖШС 5 млн теңгеге жуық қаржы бөлгізген. Бұл құрылыстың жүзеге асуына негіз болғандардың бірі – баянауылдық кәсіпкер азамат, марқұм Орал Сартаев еді. Туған жеріндегі бас көтерер жұрағаттары да қарап қалмай, Әнет баба қыстауын жайлап отырған Қосыммен аталас Сүтжан, Сәтжан, Сәкен, Солтан есімді ағайындылар құрылысшылардың ас-суына, материалдарды тасып-жеткізуге қолұшын беріп, сауапты істі бірге атқарысқан.

Баянауыл мен Екібастұз өңірінің жұрты биыл халық геологінің 180 жылдығын атап өтуді ойға алып отыр. Осы орайда тұлғаның мерейтойы облыс көлемінде лайықты атап өтілуін әрі оны облыс билігі өз назарына алғанын қалаймыз. Екібастұз секілді алып өнді­ріс­тік аумақтың негізін салып берген кентанушының қай еңбегі болсын атауға тұрарлық. Кезінде ғұлама Қаныш Сәтбаев «дала академигі» деп атаған Қосым Пішенбайұлының есімі бүгінде лайықты бағаланбай отырғаны өкінішті. Тұтастай қазақ елінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген әйгілі кентанушының атында бүгінде Екібастұз қаласында бір көше мен колледж бар. Осыдан бірер жыл бұрын Екібастұздың зиялы қауымы кеншінің есімін «Богатырь Көмір» серіктестігіне беру туралы ұсыныс жаса­ғалы отыр деп естігенбіз. Алайда бас­та­маның соңы сиырқұйымшықтанып қалған тәрізді. Біздіңше, бұл ұсыныс қайтадан жаңғыруға тиіс.

Мақаламызды «Қаныш аға осындай еді» кітабында жазылған мына бір үзіндімен аяқтауды жөн көрдік.

«Облыс басшылары Қаныш ағайға қонақасын Ертіс үстінде катерде берді. Қайтарда Екібастұзға соқтық.

– Мына разрезді қалай атап жүр­сіз­дер? – деді ағай жергілікті басшылардан.

– «Богатырь» деп атауды ұйғардық.

– Пішенбайұлы Қосым дегенді есту­лерің бар ма?

– Ондай адам бізде істемейді, – деді біреуі.

Қаныш ағай күліп жіберді.

– Ол қазір дүниеде жоқ адам. Екібас­тұз көмі­рін тапқан сол. Құжаттарын іздес­ті­ріп тауып, мына разрезді соның атына қой­ғандарың дұрыс болар еді».

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы