Сайлау • 16 Ақпан, 2024

Сайланған әкімге сенім көп

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ашық сайлау – стратегиялық мәні айрық­ша міндеттің бірі. 2023 жыл сайлау жүйе­сі­не елеулі өзгеріс әкелген жыл ретін­де тарих қойнауына енетіні анық. Жыл басында Парламент Сенатының сай­лауы өтті, наурыз айында Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын таңдадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «сайлауды ашық әрі әділ өткізу дәс­түрі жалғасады» деп сайлау үдерісінің саяси салмағы артатынын айрықша атап өтті.

Сайланған әкімге сенім көп

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сайлау үдерісіне енген тағы бір өзгешелік – әкімдерді тікелей сайлау. Тұрғындардың жергілікті атқарушы билік басшысын таң­дау­ға қатысуы олардың ертең­гі күнге деген сенімін оятып, қо­ғамның ашықтыққа қадам бас­қа­нын айқындай түседі. Басқа да өңірлер секілді Қызылорда облысында да ауыл және кент әкімдерін таңдаудан басталған науқан аудан әкімдерін тікелей сайлаумен жалғасты. Пилоттық сайлау Сырдария және Шиелі ауда­­нында заң аясында және ашық­­­тық қағидаты негізінде ұйым­­­­дас­ты­рылдды.

Сайланған әкімнің бірі – Қаза­лы ауданындағы Қарашеңгел ауыл­­дық округін басқаратын Шоқан Қожантаев есімді азамат. Қызыл­ордадағы «Бола­шақ» уни­­вер­си­те­тін бітірген ол еңбек жолын жер­гілікті телеарнадан бастаған. Біраз жыл камера ар­қа­лап, өңірге қатысты талай дүниені тас­палады. Кейін де сол телеарнада ең­бек етті.

Кейінгі 15-20 жылда жайлы тіршілік іздеп, ауылдан қалаға ағылған жұрттың қарасы қалың. Бұл құбылысты біреулер қазір жос­парсыз урба­низацияға жатқызып жүр. Ал Шоқан урбан­да­лудың осы шартына қарсы келіп, қаладағы жайлы қызметін тастап елге кетті. Кейіннен ауыл әкімдігіне жұмысқа тұрды. Қызметте сатылап көтерілген тиянақты жігіттің талабын тұрғындар да қолдап, 2021 жылы ауыл әкімі етіп сайлады.

– «Ел сенімін қайткенде ақ­та­уым керек» деген ойдың өзі-ақ адамға тыным бермейді. Сай­лау­ал­ды бағдарламаңды орындаймын деп басқа шаруаны жиып қоятын кезіміз көп. Әкім болу таңғы 9-да барып, кешке кеңсені жауып, үйге қайтып кететін жұмыс емес. Біреу сенер, біреу сенбес, кейде түскі асқа шы­ғат­ын да уақыт таппай қа­ла­сың, – дейді ол.

Қазалымен іргелес Арал ауда­­нында Жаңа­құ­рылыс атты ауыл бар. Кезінде осы ауылды бас­қа­рып, бүгінде сондағы ардагерлер кеңесіне жетекшілік жасайтын Сердалы Шалбаев үнемі ел тұрмысына қатысты мәселелерді көтеріп келеді. Ақсақалдың ай­туын­ша, сайланған әкім елдің мұң-мұқтажын әуелгі орынға қояды. Бірақ ауылды басқаратын азаматтарды таңдауда ел арасына жік түспеуін де ойлаған жөн.

– Қазіргі әкіміміз Елнұр Елшекен деген жас жігіт. Бұған дейін де шаруа қожалығын бас­қа­рып, ауылдың кем-кетігіне көмек көрсетіп тұратын. Сол жәрдемін әлі жалғастырып келеді. Ауыл адамдарының азын-аулақ бақша өнімдерін егіп алуы үшін жерін жыртып, жағдайын жасады. Ондай талабына қуанып отырамыз. Ең батысы, ел тіршілігін біледі, мұң-мұқтажынан хабардар, – дейді ақсақалы.

Президент пәрменімен былтыр жыл басында сайлау комиссиялары кәсіби негізде тұрақты жұмыс істеуге көшкені белгілі. Нәтижесінде, қазір 31 комиссия мүшесі тұрақты жұмыс атқа­рып, бұрынғы жылдармен салыс­тыр­ған­да кадр­­лар құрамы 1,7 есеге өсті. Биылдан бастап облыс, қала, аудандық сайлау комиссия­ла­ры мен учаскелік комиссия мү­шелерінің құрамы жаңадан жа­сақ­талды. Былтыр облыста 38 ауыл және кент әкімі сайланса, осы жылы 25 ауыл және кент әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталып тұр. Алда Арал ауданында – 3, Қазалыда – 5, Қармақшы ауданында – 7, Жалағаш ауданында – 1, Сырдария ауданында – 2, Шиелі ауданында – 6, Жаңақорған ауданында 1 әкімді тұрғындар таңдайды.

Азаматтық жауапкершілік сай­лаудан бастау алатыны анық. Бұл ретте Қызылорда өңіріндегі тұрғындардың сайлауға қатысу деңгейі жоғары. Әсіресе сай­лауға отбасымен бірге бару дәстүрі қарқын алды. Мұның бәрі де – елдегі сайлау жүйесінің орнықты әрі үйлесімді дамуының көрінісі.

 

Қызылорда