Тағзым • 18 Ақпан, 2024

Шәкен киноларының апталығы

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ киносының қабырғалы режиссері, талантты актер, халық әртісі Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Біздің сүйікті Шәкен» атты кинолекторий және көрме өтті.

Шәкен киноларының апталығы

Шәкен Айманов (Шаһкерім) 1914 жылы 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз, отандық кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан, өмірі парасат пен өнегеге өрілген тұлғаның ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасып, дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнады.

Ш.Аймановтың режиссерлігімен 11 кинофильм түсірілсе, тағы 11 кинотуындыда өзі актер болып ойнаған. Кино өнеріндегі жарқын еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығымен, Байсейітова атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығымен, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Кеште Ш.Айманов орындаған халық әндері шырқалып, туындылары паш етілді. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жиналғандар назарына әйгілі жерлесімізге қатысты фотосуреттер мен жеке заттарынан тұратын көрмені ұсынды.

Іс-шара ұйымдастырушысы Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхимовтың айтуынша, Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында 15 ақпаннан Шәкен кинолары тегін көрсетіле бастады. Көрермендер бір апта бойы «Алдар көсе», «Тақиялы періште», «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Біз осында тұрамыз», «Дала қызы», «Ән шақырады», «Атамекен» фильмдерін тамашалай алады.

 

ПАВЛОДАР