Аймақтар • 20 Ақпан, 2024

Алматы облысында бірнеше ауылдық округ атауы өзгереді

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында бірнеше ауылдық округ және ауыл атауы өзгеріп, қайта аталынады. Іле, Кеген, Талғар аудандарының жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша тиісті аумақтар халқының пікірлерін ескере отырып, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысына сәйкес шешімді мәслихат қабылдап, қаулыны облыс әкімі шығарған, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Алматы облысында бірнеше ауылдық округ атауы өзгереді

Фото: 2gis.kz

Іле ауданында өзгертілетін атаулар:

Энергетический ауылдық округі – Өтеген батыр ауылдық округіне;

Энергетический ауылдық округінің Покровка ауылы – Кенен Әзірбаев ауылына;

Чапаев ауылдық округі және Чапаев ауылы – Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы;

Междуреченск ауылдық округі және Междуреченск ауылы – Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы;

Іле ауданы Казцик ауылдық округінің Комсомол ауылы – Іле ауданы Казцик ауылдық округі Жайнақ ауылына;

Казцинк ауылдық округі және Іле ауданының Казцинк ауылы – Асқар Тоқпанов ауылдық округі және Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылы болып аталып, өзгертілмек.

Кеген ауданында Жалаңаш ауылдық округі және Жалаңаш ауылы тиісінше Жалағаш ауылдық округі және Жалағаш ауылы болып аталмақ.

Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінде Қызыл-Ту-4 ауылы Жібек жолы ауылы болып өзгертілді.

Осы Алматы облыстық мәслихатының бірлескен шешімі мен Алматы облысы әкімдігінің қаулысы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күннен соң, яғни 2024 жылғы 24 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.