Қоғам • 20 Ақпан, 2024

Жасанды интеллект әлемді өзіне қаратады – маман

595 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Премьер-министрді тағайындап, құрамы қайта жасақталған Үкіметке зор жауапкершілік жүктегені белгілі. Сын сәтінде атқарушы органдардың алдында орасан тапсырма һәм халықтың аманаты тұрғанын ескерткен Президент бірнеше саланы дамытуға ерекше басымдық берілетінін атап өтті. Соның ішінде жасанды интеллектіні дамыту, қолданысқа енгізу жайы да қамтылды.

Даму үдерісінде Азия құрлығының алпауытына айналған Сингапур елінде генеративті жасанды интеллект өрісі бойынша ағартушылық қызмет атқаратын Әсел Мұсағалиева-Танг жуырда елге келді. Білікті маманмен сұхбаттасып, өркениеттің озық технологиясы саналатын өріс – жасанды интеллектіні өркендету жайын сұрадық.

Жасанды интеллект әлемді өзіне қаратады – маман

Фото: Ашық дереккөз

– Жасанды интеллектінің артықшылығы қандай?

– Бұл өзі сан тарау салалы өріс. Соның ішінде генеративті жасанды интеллектіні OpenAI компаниясы ойлап тауып, нарыққа шығарды. 2022 жылдың қараша айында OpenAI өзінің алғашқы ChatGPT өнімін ұсынды.

Жасанды интеллектінің басты артықшылғы деп әділдігін айтуға болады. Ол барлық адамның қабілетін теңдей көреді. Екінші ерекшелігі – инклюзия. Барлығына қолжетімді, ағылшын тілін білсеңіз де, болмаса түсінбесеңіз де жасанды интеллектіні игілігіңізге жарата аласыз. Үшінші артықшылығы – арнайы мүмкіндігі. Яғни арнайы білім беру қажеттілігі туындаған студенттер мен оқушылар да жасанды интеллектінің шарапатына кенеледі. Аудиторияны игеру әлеуеті артады. Мысалы, бір залда 10 студент немесе оқу кабинетінде 10 оқушы отырса, оқытушының оларға жеке (персоналды) білім беруге мүмкіндігі жетеді, сабаққа қатыстыру ісінде барлығын да игеріп, қамти алады. Ал сол орынға 100 білім алушыны шақырса, бір мұғалімнің қарым-қабілеті жетпей қалуы мүмкін. Жасанды интеллект осы арасалмақты өзі теңшеп, бағамдап бере алады. Мысалы, біз силлабус оқу бағдарламасын құрғанда жасанды интеллектіге сұраным жібереміз. Мәселен, жаңағы айтқан 100 студенттің жартысына жуығының қабілеті жоғары, оқу үлгерімі жақсы, 20%-ы орташа, қалғаны нашар деген секілді. Жақсы оқитын студенттерге көп мәлімет беріп, жетекке алудың қажеті жоқ, өздері тапсырманы қорыта алады. Ал қабылдауы төмен студентке сөлін сығып дайындап беруің қажет. Жасанды интеллектіні іске қосқанда барлығына тең қарайды, жақсы оқиды, үлгерімі нашар деп сараптамайды. Студенттердің қабілетін нығайтып, оқу нәтижелерін жақсартады.

ортасына

Тағы бір артықшылығы виртуалды ассистент қызметін де атқарады. Өзіңізге сенімді көмекші болуға жарайды. ChatGPT өнімін, виртуалды машинаңызды ассистент ретінде тиімді қолдана аласыз. Нақты ақпарат берсеңіз, өзіңіз туралы тереңірек тани түседі.      

– Қоғам бұл түсінікке екі көзқарас танытады. Артықшылығымен қатар қатері де бар дегенді алға тартады. Бұған қандай уәж айтасыз?

– Ғылымда галлюцинация деген түсінік бар, білесіз. Жасанды интеллект ұсынған ақпаратқа өзіңіз талдау жасап, сараптап нақтылығына көз жеткізіп алған ләзім. Өйткені, машина сізге жалған ақпаратты, ақиқаттан алыс, бұрмалаған жаңалықты ұсынатыны да рас. Ол ақпаратты қайнар көзінен емес, адамдардың айтқан пікірінен үзіп ұсынуы мүмкін немесе машинадағы толық ақпараттың жетіспеуінен болады. Әлемдегі жетекші технологиялық компанияларда жалған мәліметті саралап, ақ-қарасын айыратын департаменті бар.

– Келешекте адамзат баласы үшін жұмыс орындарының азаюына әкеліп соқпай ма? Бүгінгі күнде дамыған елдерде көлік құрастыратын зауыттарда автоматтандырылған жасанды интеллект жұмыс атқарып келеді.

– Бұл – уақыт талабы, заман ағымының қалауы. Әлем технологияны түлетіп жаңа өнім ұсынғанда ескісі қолданыстан ығысуы – заңдылық. Мысалы, калькулятор қолданысқа енді, бұрынғыдай шот қағып отырмайсың дегендей. Сондықтан да жасанды интеллектінің адамзат өміріне енуі жаңа мамандықтардың өмірге келуіне септігін тигізіп отыр. Промпт-инженер деген маман иелерін оқыту бір жыл бұрын жоқ еді. Күні кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  осындай жасанды интелектіні өрістету үшін қажетті маман иелерін оқыту бойынша ауқымды конференция өтіп, жан-жақты талқылау болды.

– Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту ісін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та қолдап отыр. Тіпті былтырғы Жолдауында жасанды интеллект саласына кадр даярлауды жоғары оқу орындарына жүктеген еді.

– Жасанды интеллектіні дамыту үдерісінде кадр даярлау ісі әлем үшін де өзекті болып отыр. Стэнфорд университетінің оқытушы профессорларынан арнайы курс оқыдым. «Этика, технология және мемлекеттік саясат» деп аталады. Үш профессор оқытты, үшеуінің де қорқынышы – уақыт талабына төтеп берудегі қуатымыз кеміп кете ме деген уайым. «Біздің білім әлем үшін өзекті болмай қала ма деп қорқамыз» дейді.

Мысалы, Қазақстандағы университетте бір семестр оқу ұзақтығы 3-5 ай аралығын қамтиды. Теориялық білімді студенттердің бойына бес ай бойы сіңіргені әлемдік индустрияның жаңарып, жаңғыруына жарамай қалуы әбден мүмкін.

– Сингапурде ағартушылық қызмет атқарасыз.

– Біздің стартап онлайн 100% практикалық білім береді. Арнайы интервьюмен өткен студенттер мен жас мамандарды үздік технологиялық компанияларға жұмысқа дайындаймыз. Ал университеттермен тікелей жұмыс істегенде бірден студенттерді оқытпаймыз. Алдымен профессор оқытушыларды даярлаймыз. Соларды жасақтап алған соң ғана студенттерге тәлім береміз. Қазіргі буын Z ұрпақ деп саналады ғой...

Ақпараттық-коммуникативтік технология өрісінде центениалды толқынның қабылдау қабілеті өте жоғары. Кез келген ақпаратты сүзгіден өткізіп қабылдауға құштар ұрпақ бұрынғыдай 90 минуттық дәріс тыңдауға ықыласты емес. Қысқа уақытта, тез арада түсінуге тырысады. Былайша айтқанда бұрын 10 минутта кеңінен қамтып ауқымды түсіндіретін дүниені бұлар 1 минутта айтып жеткізуді талап етеді. Сол себепті де жасанды интеллект саласында оқу үдерісі де айтарлықтай өзгерді. Оқу залында үш сағат дәріс оқып түсіндіргеннен гөрі тәжірибе ретінде зауыттарды, кеңселер мен зертханаларды аралап, өндіріс барысында үйреткен әлдеқайда ақылға қонымды.

Сингапурдегі стартап компаниямды құрмас бұрын екі жыл әйгілі «Microsoft» компаниясында «Болашақ дағдылар» бағдарламасы бойынша Азия құрлығының 11 елінде жетекшілік еттім. Болашақ дағдыларына тек цифрлық технология ғана енбейді. Қалған саланың бәрі осы портфолиоға кіреді. Жасанды интеллектімен жұмыс істейтін маман қажет. Шығармашылық дағдысын қалыптастырған, шығармашылық ортамен тіл табыса білетін, өзінің ішкі көңіл-күйін танып, көптің алдында басқара алатын жандар сұранысқа ие. Біздің стартап ерте және орта мансаптық мамандарды даярлау ісіне белсене араласады. Өзіміздің авторлық бағдарламаны ұсынамыз. Негізгі  мұратымыз – технологияны игеретін мамандарды оқыту. Осы бағыт бойынша Азия құрлығында жеті мемлекетте сегіз және он екі апталық оқыту курсымызды жүзеге асырып келеміз. Онлайн бағдарлама бойынша оқытамыз. Ауқымды технологияны білетін және тәжірибе жүзінде қолданатын 12 оқытушы-тәлімгер бар. Олардың жартысы Майкрософт, Амазон, Гугл, Дисней компанияларында жұмыс істейді, жартысы – технологиялық стартаптардың негізін қалаушылар.

арасына

– Елге жиі келіп тұрасыз ба?

– Коронавирус індетінен кейінгі кезеңде жылына бір мәрте келіп туыс-туғанды аралауға тырысамын. Осы жолғы сапарымда да ағайынның ортасында болдым. Одан кейін әрине түрлі кездесу, конференцияға қатысуға шақырды. Біздің стартап компаниямыз Қазақстанның жоғары оқу орындарымен де тығыз байланыс орнатып, тізе қосып жұмыс атқарып жүрміз. Сол шаруамен де туған еліме келіп-кетіп жүремін. Жасанды интеллект өрісінде Қазақстанды қоса алғанда Азия елдері бойынша 400-ден аса профессорды жаңа технология негізінде оқыту курсынан өткіздік. Жарты жылда 150 студент те  білім алды. Ғылым және жоғары білім министрлігі өткізген ғылыми конференцияда жасанды интелектінің білім мен ғылымға қосар пайдасы турасында баяндама оқыдым.

– Жасанды интеллектіні ел дамуының қозғаушы күшіне айналдыра аламыз ба?

– Сингапур әлемнің озық технологиясын өздеріне сіңіре отырып сингапурлік модельді қалыптастырды. Бүгінде Азияның айбынды мемлекеті атанып отыр. Бізге де осы жолды таңдаған дұрыс. Өзімбілермендікке салынудың қажеті жоқ. Дамыған елдердің озық технологиясын игілікке жаратуға ұмтылған жөн.

– Жасанды интеллектіге келешекте барлық саланың күні қарауы мүмкін бе?

– Әлемдік құбылыс сәт сайын өзгеріп, технология тетігін табуда жасанды интеллектіге тәуелділік артатыны сөзсіз. Инновацияны жасанды интеллект арқылы іске асыра аласыз. Демек, дүниенің күні жасанды интеллектіге қарағаны қараған. Медицина, білім, өндіріс, ауыл шаруашылығы, металл, кен өндіру ісінде ұтымды қолданылып келеді. Бүгінде әлемнің индустриясы жасанды интеллектіні пайдаланып отыр деп нақты айтуға болады.