Тұлға • 20 Ақпан, 2024

Өндіріс пен ғылымды тең ұстаған

414 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әрбір адал, зиялы адам мәнді де ма­ғыналы өмір сү­ріп, қоғамға лайық­ты ең­бек сіңіруді қалайды. Қа­зақ­стан­ның мұнай-газ саласының ең­бек сіңір­ген қызметкері, техни­ка ғы­­лым­­дарының док­то­ры, Жаңаөзен қаласы­ның құрметті азаматы Май­лыбай Өтебайұлын жұрт­шылық «мен жұртыма қандай жақсылық істеп жүрмін?» деп, өзіне қатаң талап қоя алатыны үшін қадірлейді. Осындай із­гілік пен ізеттілікті, адам­гершілік пен кісілікті жанына серік еткен абзал жандардың арқасында елдің ұлы көш тура жолдан таймасы анық.

Өндіріс пен ғылымды тең ұстаған

Ілгеріде ауыл қариялары «Әке ақылы – балаға қырық жыл азық» деуші еді. Әкесі Өтебай Наятұлы – бар саналы ғұмырын ұр­пақ тәрбиесіне арнап, ұстаздық еткен, елта­ну­дың қыр-сырын жетік меңгерген жан-тын. Елден жырақ Түрікмен жерінде ұзақ жыл еңбек етіп, абыройға бөленді. Кейін атамекені – Маңғыстауға көшіп келіп, ақтық демі таусылғанға дейін газ өңдеу зауытында істеді. Батыр анасы Мамық Тоқтабайқызы 10 баланы мәпелеп өсірді. Екеуі әр баласын бақытты отау қылып, аяғынан тік тұрғызып, ел қатарына қосты. Өнегелі ата-анадан тараған ұрпақ – қазір бір рулы ел. Бәрі – шетінен бақы­тын еңбектен тапқан, өте еңбекқор жандар. Тұңғышы Майлыбай, жары Науша екеуі қазір білікті ұл-қыз өсірген еңбекқор әулеттің иесі.

Майлыбай Өтебайұлы әйгілі Қазақ мемле­кеттік политехника институтының «мұ­най және газ скважиналарын бұрғылау» ма­ман­дығын бітіріп, 1975 жылы жұмысын «Маң­ғыстаумұнай» өндірістік бірлестігі Өзен бұрғылау басқармасында қарапайым бұрғышының көмекшісінен бастады. Осында Нәсіпқали Марабаев сынды аңыз директордың еңбек мектебінен өтті.

Өндірістің даңқы биік болса да, қызметі ауыр. Қандай шаруа жасасаң да, темірден түйін түйгендей күй кешесің. Ыждағатты еңбек, көп білім керек. Қалт еткен сәтің қауіпке ұрындыруы мүмкін. Теорияны тәжірибемен ұштастыру – өндірістің маңдайына жазылған бұлжымас заң. Еңбек мектебінің елеулі кезеңі туралы кейіпкеріміз: «Адам баласының пешенесіндегі несібе – оның маңдай терінен», дейді. Майлыбай Өтебайұлы қарапайым бұрғышыдан бастап, ЦИТС-те аға технолог, РИТС ауысым бастығы, РИТС бастығының орынбасары, РИТС бастығы, Өзен бұрғылау басқармасы бастығының бірінші орынбасары, т.б. деңгейді адал еңбегімен жүріп өтті. Ол 1995–1997 жылдары «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі директорының бірін­ші орынбасары, 1996–2000 жылдары Ақтау қала­сындағы «Экономикс» ЖШС бастығының орынбасары, 2000–2004 жылдары «Круз» ЖШС атқарушы директоры, 2004–2011 жылдары осы мекеменің техникалық директоры, 2011–2017 жылдары бас маман, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы бөлімі­нің бас­тығы қызметін атқарды. Ұзақ жыл Жаңа­өзен қаласының экономикалық, әлеуметтік әлеуе­тінің нығаюына үлес қосып, 2017 жылдың мау­сымында зейнетке шықты. Бірақ әлі де қоғам жұмысының, елдік істің ортасында.

1964 жылы қомақты мұнай қоры кеңес одағын елең еткізген Өзен кен орнын дамытуда Майлыбай Өтебайұлының өзіндік қолтаңбасы бар. Жастық қайратын, азаматтық жігерін, жиған білік-білімін туған жердегі өндірісті түлетуге арнады.

Мұнай саласының мақтанышы, еңбекто­ры­сы, ардагері – 28 ғылыми еңбектің, 5 ин­но­ва­циялық патенттің, сондай-ақ жоғары оқу орны студенттеріне арналған қазақша «Күрделі жағдайларда ұңғыларды бұрғылау», «Күрделі жағдайларда ұңғыларды бұрғылау және апаттық құралдар», орысша «Гравийные фильтры буровых скважин на жидкие и газообразные полезные ископаемые» атты оқулықтардың, «Восстановление производительности нефтяных скважин с применением новых технологий» атты монографияның авторы. Әулет пен еңбек өнегесі туралы «Өтебай Наятұлы» атты кітабын да жұртшы­лық жақсы қабылдады.

Майлыбай Өтебайұлы жоғары білімнен бір сәт те қолын үзген емес. Ол – әр жылдары Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мен Каспий қоғамдық университетінің мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы. Елі­міз­дің Алматы, Ақтөбе, Актау, Өскемен, шетел­дің София, Прага, Мәскеу, Санкт-Петер­бург, Бішкек, Ош, Киев, Донецк, Алве­на қалаларында өткен конференцияларда мамандығы бойынша баяндама жасады. Қазақстан өндірісі тәжірибесін айтты.

Қоғамдық жұмыстың иен ортасында дегеннен шығады, екі дүркін Президент сайлауында сенімді өкіл болып, Қ.К.Тоқаевтың ел Президенті қызметіне кірісуіне арналған салтанатты іс-шараға мұнайшы-ғалым ретінде қатысты.

Майлыбай Өтебайұлының ой-өрісі, па­йым-парасаты, жады мен түйсігі, зеректігі мен сезімталдығы замандастарын әрқашан тәнті етеді. Ол қай кезде де, қандай жағдайда да тәрбие, тәртіп, әділеттік, туралық, талғам­паздық қағидаттарынан ауытқып көрген емес.

Әрине, мұның бәрі тек пен тәрбиеден. Ол – Шотан батыр сынды баһадүр бабалардың бүгінге жеткен тұяғы. Оның өн бойынан дана­лық пен батылдық, асаулық пен аңқау­лық, серілік пен сенгіштік, қажырлық пен қайырымдылық есіп тұрады.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, ұстаз, тәлімгер Өтебай Наятұлының игі істері туралы ел аузында әңгіме көп. Оны ақын Қаламқас Сатыбалды мына бірауыз сөзге сыйдырған екен:

«Көкжал мінез, Алатау – тау мүсінді,

Қайырымды дейді ел түр-түсіңді.

Көрген жандар атыңды аңыз қылар,

Көрмегендер таниды ізгі ісіңді»...

Ал кісі танитын Шотан ақсақалдары бүй дейді: «Шаңырақтың бас уығы Майлыбай – батырға лайық өр кеуделі, түр-тұрпаты келісті алпамса азамат. Тереңнен ойлап, не нәрсені де ақылмен, сабырмен, таразыға салып айтады. Алымды батылдығымен бірге бетті, сұсты сәттері де бар. Бұл – адам баласының мінез ерекшелігі. Жөн-жосықсыз әңгіме айтпайды...».

Майлыбай Өтебайұлының иманды істе­рін, қоғамның рухани өмірін серпілту бағы­тындағы бастамаларын өңір халқы жақсы біледі. Ер Шотан Назарұлының – 300, Ер Қосай Құдайкеұлының – 500, Пір Бекет атаның 260 жылдық іс-шараларында кітап жазған қаламгерлерді қолдауы, «Отпан тау – қара шаңырақ» тарихи-мәдени кешенін салуда бастамашы топтың қатарында болуы, Мұхамедин Шихыұлы мешітін тұрақты қам­қорлыққа алуы ел ағасының деңгей-дәрежесін, ең бастысы адамшылығын көрсетеді.

Сәтбаевтанушы, жазушы Медеу Сәрсеке естелігінде: «Майлыбай інім көркем әдебиет оқуға құмар. Көп жазушымен таныстығы да бар. Ілия Жақановты, Ақселеу Сейдімбекті, Ғарифолла Есімді аулына шақырып, арнайы күтіпті. Менің еңбектерімді де оқыған болып шықты. Майлыбай өзінің білімді, жан-жақты екенін көрсетті», десе, экс-сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: «Елге белгілі қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есім ғылы­ми, әдеби еңбектерінің біраз жерге таралға­нын білсе де, қиырда жатқан Жаңаөзендегі ма­мандығы гуманитарлық ғылымнан алыс Майлыбай Өтебайұлының ой-өрісінің кеңдігіне таңданып, риза болды», деп жазады.

Ал кейіпкеріміздің білік сапасын ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Баян Рақышев дөп көрсетіпті: «Мұнай өндірісінің сан қатпарлы құпиясын жіті меңгерген бұрғышы Майлыбайдың ғылыми жұмыстары бүгін де, болашақта да маңызы арта береді. Себебі ол – шыңырау құдықты бір өзі қазып шыққан кәнігі маман, ғылымын тәжірибемен ұштаған азамат».

Елдің елдік қасиетін, ұлттың абыройы­н асқақтатып, тәуелсіздіктің туын жоғары көте­ріп келе жатқан Майлыбай Өтебайұлы сала­лық, өңірлік атақ-марапаттан кенде емес. Тіпті мұнай, өндіріс саласынан шетел­дік медаль­дары да бар. 2018 жылы Өзен кен орны ұңғы­ларына ғылымның озық жаңалықтарын енгізгені үшін және Жаңаөзен қаласының экономикалық дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін ол «Жаңаөзен қала­сының құрметті азаматы» атағын алды. Бәрі­міз «Марапат өз иесін тапты!» деп қуандық.

Қазақ елі – қойнауы қазынаға бай қуатты жұрт. Алтыны мен күмісі, қоласы мен мырышы, қорғасыны мен хромиті, мұнайы мен газы, қалайы мен никелі, темірі мен көмірі, ураны мен марганеці... көл-көсір. Тек игергенде – мұқияттылық, өндіргенде қабілетпен ұқсату керек. Осы істе ұлттың өндіріспен байланысты ғылымына олжа салған Майлыбай Өтебайұлындай азаматтар барына тәубе дейсіз.

Ер-азаматтың бір қанаты – алған жары. Науша Жетпісқызы – Майлекең әулетінің бағы, абыройлы дәстүрінің мәйегі. «Жақсы болса алғаның – жақсы ісің жария, көңілің аққан дария» деуші еді қариялар.

Сөзі мен ісі үйлесім тапқан, ынтымағы жарасқан ерлі-зайыпты үш перзент тәрбиелеп өсірді. Қызы Светлана – заңгер, ұлдары Серікбай мен Берікбай – әке жолын қуған мұнайшы. Бәрі үйлі-баранды. Шахмардан, Алуа, Марғұлан, Аяла есімді құлындары – ата-әжесінің көз қуанышы.

Біз Жаңаөзен қалалық «Аmanat» партия­сы филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «QazaqGaz» ұлт­тық компаниясы сараптамалық кеңесі­нің мүшесі, Республикалық «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» бірлестігі Жаңа­өзен өкілдігінің директоры Майлыбай Өтебайұлына жолық­қанымызда, ол Алматы баспасынан таяуда ғана шыққан кітабын парақтап отыр екен. Бұл – «Мұнай-газ және тау-кен ісі» маман­дығындағы білім алушыларға арналған өз оқулығы. «Талантты адам өз жазғанын өмір бойы толықтырады» деген осы-ау...

Кейінгі буын атынан «Жазарыңыз көп болсын!» дей отырып, халқына қалтқысыз қызмет етіп, ел мәртебесін көтеріп жүрген ер тұлғалы ел азаматынан жастарымыздың үйренері көп болсын деп тіледік.

 

Пернегүл ҚАРЖАУБАЕВА,

Маңғыстау облыстық архивінің қызметкері