Осы орайда «Білім керуені» корпоративтік қорының бас директоры Зарина Биюмбаеваның айтуынша, былтырдан бері Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №8 орта мектепте «Жылыой STEAM мекені» білім беруді дамыту жобасын жүзеге асыра бастады. Бұл жобаға осы аудандағы «Теңіз» кен орнынан «қара алтын» өндіретін «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік көрсетті. Бұл зертхана шағын шаһардағы оқушылардың түрлі робот пен гаджетті құрастыруына жол ашып отыр. Аталған жоба аясында білім ордаларында инновациялық кабинеттер ұйымдастырылып, мұғалімдер мен студенттерге арналған оқу тренингтері, фестивальдар, лагерьлер, хакатондар өткізіліп келеді. Мектеп мұғалімдері балаларды оқытпас бұрын біліктілігін арттырды. Шетелдік лекторлар шақырып жергілікті оқытушылар STEAM сертификаттау бағдарламасымен бір жылдық «Jana Talap» курсынан өтті.
«Біз Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың ұлттық жол картасымен жұмыс істейміз. Бұл жобаның басты мақсаты – мектеп жасындағы балалардың жаңа стандарттар бойынша сапалы білім алуына, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруіне тең мүмкіндік беру. Қазір жобаға оқушылардың ынта танытушылар қатары көбейді. Оның ішінде Жылыой ауданындағы мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері, мұғалімдер мен оқушылар бар. Оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып отырмыз», дейді Зарина Биюмбаева.
Оның пікіріне сүйенсек, «Жылыой STEAM мекені» жобасын іске қоспас бұрын мұнайлы өңірдегі STEAM деңгейіне зерттеу жүргізіліпті. Сараптама көрсеткендей, көптеген мектеп директорын білікті кадрлардың жетіспеушілігі алаңдатқан. Мұғалімдерге арналған STEAM курстары, семинарлар және тренингтер көп өтпеді. Осыған байланысты орта мектептердің басшылары мұғалімдер мен оқушыларға шеберлік сабақтарын өткізу үшін роботтехникамен айналысатын өзге оқытушыларды тартуға мәжбүр болады.
Құлсары қаласындағы №8 орта мектептегі озық технологиялармен жабдықталған информатика кабинеті көрген жанның қызығушылығын оятады. Мұнда халықаралық FIRST байқауының стандарттары бойынша химия-биология және физика-математика кешені, роботтехника аймағы бар. Әмбебап STEAM зертханасында балалар әртүрлі ғылыми жобаларды оқиды. Роботтехника сыныбы LEGO SPIKE PRIME оқу жиынтығымен, Rev Robotics конструкторларымен, ClassVR виртуалды инновациялық жүйесімен, дрондармен, VegeBox смарт жылыжайымен және 3D принтерлермен жабдықталған. Мектеп оқушылары осының бәрін тәжірибелік мақсаттағы роботтехника сабақтарында пайдаланады.
Оқушылар информатика кабинетіне мұғалімнің дәрісін ғана емес, робот құрастыру үшін де келеді. Пән мұғалімі Мәдина Сағынғали оқушының бәріне көмектесуге уақыт табады. Ол бұрын роботтехникаға байланысты курстар мен тренингтерде біліктілігін жетілдірген.
«Инновациялық технологиялар заманында білім саласындағы мұндай жобалар өте қажет. Жылыой ауданындағы алғашқы заманауи STEM сыныбы біздің мектепте ашылды. Бұл оқушылар үшін тосынсый болды. Қазір роботтехника үйірмесіне 500-ден астам оқушы ерекше қызығушылықпен қатысып жүр. Оқушылар цифрлық жабдықты пайдалануды, роботтарды жобалауды және бағдарлама жасауды үйренеді. Мектептен ақпараттық технологияларды меңгеріп шыққан оқушының болашағы жарқын болады», дейді Мәдина Сағынғали.
Мектепте STEM кабинеті қажетті құрал-жабдықпен қамтылып, түрлі тақырыпқа сай безендірілген. Балалар әр сабақта түрлі модификациядағы роботты құрастыру жинақтарын, соңғы үлгідегі планшеттерді пайдаланады. Роботтехника үйірмесі аптасына үш рет жұмыс істейді. Жас өнертапқыштар тек Атырау облысында ғана емес, республика көлеміндегі байқауларға да белсене қатысып жүр.
«Мәселен, өткен жылы ZHylyoy STEAM лагерінде мектеп оқушылары арасында хакатон ұйымдастырылыпты. Бұл шараға №8 орта мектептің 7-сынып оқушылары қатысып, Астана қаласындағы PRO.NRG Fest ғылым, өнер және технология фестиваліне жолдаманы жеңіп алған. Бұл – STEAM білім беру саласындағы ауқымды ғылыми-көпшілік іс-шара. Фестиваль аясында Central Asia FIRST GLOBAL CHALLENGE халықаралық байқауы өткізілген. Сол сайыста «E=mc2» командасы арнайы сыйлықпен марапатталған. Мұндай байқау оқушыларды шығармашылығын одан әрі жетілдіруге шабыттандырды», дейді М.Сағынғали.
Ал жақында мектеп оқушылары «FIRST Robotics» халықаралық байқауының облыстық іріктеу кезеңінде бақ сынады. Атырау қаласындағы Абай орталығындағы байқауда 52 команданың арасынан FIRST Lego League Challenge санатында «TECH ECLIPSE» командасы 3-орынға ие болды. Енді олар елордада өтетін чемпионаттың республикалық кезеңіне қатысады.
Жобаның бастамашылары облыстағы мұғалімдер мен оқушылар үшін арнайы зертхана ашты. Былтыр сәуір айында FIRST Robotics халықаралық байқауы аясында аймақтық интеграцияланған роботтехника хакатоны өтті. Құлсары қаласының командасы Орталық Азия FIRST Global Challenge ұлттық кезеңіне қатысты. Команда 11 матч өткізіп, Judge award марапатына ие болды. Сондай-ақ 7-11 сынып оқушыларына арналған STEAM білім беру бағдарламасы жүзеге асырылды. Зертханаларға оқу-әдістемелік кешен, бақылау-өлшеу материалдары әзірленді. Жоба аясында облыстағы 23 мектеп мұғалімдерінің біліктілік арттыру курсы өтті. Жалпы, мұғалімдердің кәсіби дағдысын жетілдіру бағытындағы STEAM курсы ай сайын ұйымдастырылады.
Атырау облысы