Сенат • 21 Ақпан, 2024

Демографиялық даму – стратегиялық артықшылық

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенатта Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.

Демографиялық даму – стратегиялық артықшылық

Іс-шараны ашқан Палата төр­ағасы Мәулен Әшімбаев Мем­лекет басшысының Жол­­дау­­да айтқан сөзіне назар аударып, демографиялық даму елдің бә­се­кеге қабілеттілігін артты­ра­тын тетік ретінде үлкен рөл атқаратынын және осы әлеуетті тиімді пайдалану маңызды міндет екенін атап өтті. Осыған орай елімізде Көші-қон саясаты және Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамалары қабылданып, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары әзірленді.

Мәулен Әшімбаев елдегі қарқынды демографиялық өсу жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғанына және осы үрдіс­тен туындайтын түйткіл­дер­дің де бар екеніне тоқталды. Бұл өзгерістер еліміздегі зейнет­ақы жүйесіне, әлеуметтік қам­сыздандыру саласына әсер ете­тіні анық. Бұған қоса іс-шарада отандастарымыздың салыстырмалы түрде алғанда жас ұлт саналатыны, азаматтардың өмір сүру ұзақтығының артуы және урбанизация мәселелері осы бағыттағы басымдықтар екені айтылды.

Сенат төрағасы атап өткен­дей, урбанизация қалаларда жұ­мыс­пен қамтудың және бас­па­наның қолжетімділігін қамта­масыз етудің өзектілігін арттыра түседі. Ұлттық статистиканың мәліметтері бойынша, қазірдің өзінде елімізде қала халқының үлесі 62 пайызға жеткен. «Бірік­кен Ұлттар Ұйымы ортамер­зім­ді уақытта Орталық Азия өңі­рін­де қала халқының өсуі жал­ғаса береді деп болжап отыр. Әрине, бұл – оң үрдіс. Соны­мен бірге ауылдық аумақ­тар­ды дамыту, жұмыс орын­да­рын ашу, әлеуметтік инфра­құ­ры­­лым­ды жетілдіру істерін де ұмыт­пауымыз керек. Осыған бай­ланысты Ұлттық жобаға, Ауыл­­дық аумақтарды дамыту тұ­жырымдамасына және өңірлік даму­дың басқа да жоспарларына енгізілген іс-шаралар­дың сапа­лы түрде жүзеге асы­ры­луын қамтамасыз ету қажет», де­ген Мәулен Әшімбаев демо­гра­фиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транс­порттық және инженерлік инф­рақұрылымды тиісті деңгейде дамыту бағы­тындағы міндеттерге тоқталды.

Сонымен қатар Сенат спи­кері өңірлердегі әлеуметтік-демо­графиялық және экономикалық теңгерімсіздік мәселелеріне, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, білім деңгейін, жастардың еңбек өнімділігі мен табысын арттыруға және жас отбасыларды қолдауға ерекше назар аударды. Мәулен Әшімбаев елдің орнықты экономика­лық дамуы халықтың санымен, азаматтардың тұрмыс деңгейі­мен және еңбек ресурстарының қолжетімділігімен тікелей байланысты екенін айтты.

«Еліміздің демографиялық дамуына байланысты мәсе­ле­лер бойынша тиімді ведомство­ара­лық іс-қимылды арттыру қажет. Жалпы, елдің теңгерімді демо­графиялық дамуы бәсекеге қабі­леттілік факторларының бірі екені анық. Әділетті Қазақ­стан құру, ең алдымен, халық­тың өмір сүру сапасын жақсар­т­уға арналған. Бұл – ең алдымен, адамның мүдде­лері мен қа­жет­тіліктеріне басым­дық беру, халықтың әл-ауқа­тын жақсарту деген сөз. Еліміз­дің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы», деді М.Әшімбаев.

Сенат спикері мемлекет тарапынан бала тууды ынта­лан­дыру­ға арналған әлеуметтік міндет­темелерді жоспарлы түрде іске асыру жалғасып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, еліміз халқының үштен бірін жас­тар құрайды. Орташа жас деңгейі – 32. «Көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақылар мен арнайы жәрдемақылар да төлене­ді. Президент тапсырмасымен биыл «Ұлттық қор – балаларға» бағдар­ла­масы іске асырыла бастады. Халық саны өскен сайын тиісті дең­гейде орта және жоғары білім беру, сондай-ақ медицина жүйесін да­мыту қажет екені түсінікті. Уа­қыт өткен сайын азаматтардың өмір сүру ұзақтығы да артып келе­ді. Бұл да – оң үрдістердің бірі», деді ол.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Ұлттық статистиканың дерек­теріне сәйкес 1991 жылдан бас­тап өмір сүру ұзақтығы 6,8 жылға арт­­қанын, нәтижесінде 2022 жыл­­дың қорытындысында бұл көрсеткіш 74,4 жасты құрағанын айтты.

Сондай-ақ Үкімет сағатында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық ко­мис­­сия­ның төрағасы, Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева, ЮНФПА-ның Қазақ­­стандағы өкілі – ЮНФПА-ның Қыр­ғызстан мен Түрікмен­стан­­дағы директоры Олоф Ронни Линдстроем, БҰҰ Бала­лар Қорының (ЮНИСЕФ) Қазақ­­с­тандағы өкілінің міндетін атқару­шы Летисия Баззия-Вейл және са­рап­тамалық қоғамдастық пен әкім­діктердің өкілдері сөз сөйлеп, көтеріл­ген мәселе бойынша өз пікір­лері мен ұсыныстарын айтты.