Қоғам • 21 Ақпан, 2024

Тіл үйретудің тосын тәсілі

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алғаш әріп үйреніп, сөз таныған кез әр адамның жадында шығар. «Үйреттің бізге, әліппе» деп басталатын шумақтар да санамыздан өшпейді. Ал цифрлық технология дамыған заманның балалары жасанды интеллектіге сөз үйретіп жүр. Ғалымдар кішкентай баланың қалай тіл үйренетіні туралы жаңалық ашты.

Тіл үйретудің тосын тәсілі

Нью-Йорк университетінің ғалымдары адамның тілді қалай үйренетінін түсіндіретін жасанды интеллект ойлап тапты. Ол әлемге баланың көзімен қарап, ересектердің оған не айтатынын тыңдау арқылы тіл үйренді. 2 жасар қыз жасанды санаға тіл үйретіп қана қоймай, кескіндерді тануды да меңгертті. Олар қыздың басына камерасы бар жасанды сананы кигізіп, тәжірибе жасады. Солай Сэм есімді қыз 61 сағаттық жазбаны пайдалануға көмектескен. Ол Аустралиядағы Аделаида қаласының маңында тұрады. Бала камераны алты айдан екі жасына дейін аптасына екі рет киген. Деректерге сүйенсек, екі жасқа толған бала 300-ге жуық, төрт жасқа дейін 1000-нан астам сөз біледі екен. Жасанды интеллекті осы арқылы сөз жаттап, тіл үйреніп шыққан. Бұл үдеріс сәби өмірінің қысқа кезеңіндегі камера жазбаларын талдап, сурет пен дауыс­ты сөздерді сәйкестендіру арқылы жүрген. Осы тәжірибе тіл үйрену үшін тілдің қалай жұмыс істейтіні туралы білім қажет деген кейбір тіл теория­ларына қарсы тұрады. Ғалым­дар жасаған жасанды ин­тел­лектіде тіл туралы ешқандай білім болмағанын ескерсек, бұл – жақсы нәтиже. Осылайша, ғалымдар оқыту­дың дәстүрлі әдісінен гөрі оңайы­рақ тәсіл тапты. Оны «ма­ши­налық оқыту әдісі» деп атады.

Тәжірибе ойын, оқу және та­­мақтану кезінде түсіріл­ген шамамен 200 мың сөзбен және ілеспе суреттермен аяқ­тал­ды. Модель қай сурет­тер мен сөз­дердің бір-бірі­мен үй­лесе­тінін және қайсы­сы сәйкес кел­мейтінін түсіну үшін контрас­ты оқыту әдісін қолданды. Жа­санды интеллек­тіні сынау мақсатында зерттеу­шілер модельге тапсырма берді. Бір сөзді төрт суреттің біріне сәйкес­тендіруін сұрады. AI тапсырманы 62 пайызға сәтті орындады. Алдағы уақытта жоба толықтырылып, тіл үйретудің негізі құралына айналмақ.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті