Әскер • 22 Ақпан, 2024

Бітімгерлік миссиясына әзір

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Голан жоталарындағы бөлінген жерлерді «БҰҰ-ның бақылау күштері» (SONNR) миссиясына бітімгерлік контингентті жіберу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бітімгерлік миссиясына әзір

Осылайша, Біріккен Ұлттар Ұйымы елімізге бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға алғаш рет мандат беріп отыр. Қазақстан контингентінің құрамында 139 әскери қызметші бар. Біздің бітімгерлер БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режімін сақтау міндеттерін орындайтын болады.

Миссияны орындау үшін әскери қыз­метшілеріміз БҰҰ талаптары мен стандарттарына сәйкес мұқият іріктеуден және даярлықтан өтті. Кешенді алты айлық дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында ұйым­дастырылды. Оларды оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысты.

Әскери қызметшілер ағылшын тілін, күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын оқыды. Бітімгерлік базаны қорғау, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, патрульдеу, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, көмек көрсету және эвакуациялау бойынша міндеттерді іс жүзінде пысықтады.

Тәжірибелік дағдыларды және контингент штабының офицерлерімен жедел үйлесімділікті арттыру үшін жедел-тактикалық деңгейде әскери шешімдер қабылдау сабақтары өтті. Сарап­шылардың бағалауынша, контингент жеке құрамы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп отыр.

Қорғаныс министрлігі миссияны БҰҰ-ның стандарттарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз ету жөнінде ауқымды іс-шаралар кешенін жүзеге асырды. Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған дөңгелекті машиналар, сондай-ақ күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге жүк көліктері, жол талғамайтын авто­көліктер және инженерлік құрал-жабдық жеткілікті. Жаралыларды эвакуациялауға берілген машиналардың бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Миссияны атқару кезінде бітімгерлік контин­гентінің әскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы үш есе төленеді. Бұған қоса, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алады. Қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады, негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.

Тұтастай алғанда, еліміздің Қарулы күштері бітімгерлік миссияларға әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде жекелеген әскери қызметшілерді де, сондай-ақ жаяу әскер, медициналық, барлау сияқты неғұр­лым қажетті мамандандырылған бөлім­­­ше­лерді де жіберуге дайын.

Айта кетсек, кейінгі он алты жыл ішінде 600-ден астам әскери қызметшіміз БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысқан. Қазіргі таңда 19 жауынгеріміз БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүр.