Аймақтар • 22 Ақпан, 2024

Орманды жайтартқыштар қорғайды

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар мамаңдары ормандарда жайтартқыш орнатып, өрттің алдын алуды мақсат етіп отыр. Өткен жылы облыста 207 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау 3 905 гек­тар жердің жасыл жамылғысын жайпап өткен.

Орманды жайтартқыштар қорғайды

Орманшылардың мәліметінше, орман-тоғайда пайда болатын өртке көбіне най­зағай себепкер екен. Дәйектей айтқанда, дала өрттерінің 75 пайызы жай отыннан тұтанады. Былтыр дала өрттерінің 22 жағдайында тілсіз жаудың мемлекеттік орман қоры аумағына өтіп кеткені тіркеліпті. Тағы екі өрт ошағы электр желілерінің үзі­луінен пайда болған. Ал жалпы өрттен келген шығын 2 млн теңгеден асыпты.

Өңірлік Төтенше жағдайлар депар­таменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің пікірінше, ағаш қорын кәдімгі жайтартқыштарды орнату арқылы сақтап қалуға болады.

– Орманды жерлердің найзағай жиі түсетін учаскелерін зерттеп шығуды ұсы­намын. Одан соң жайтартқыштар орнататын аймақтарды талқылап алуымыз қажет. Биыл ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне біраз толықтыру еніп отыр. Соған орай біз өз жұмысымызды алдын алу тұрғысынан жетілдіруіміз керек, – дейді Қ.Шаймарденов.

Қызық болғанда, өңірдегі орман-то­ғайлы жерлерде бірде-бір жайтартқыш жоқ болып шықты. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясының басшысы Руслан Төлеп­баевтың сөзінше, бұл мәселе «Ертіс орманы» резерваты бойынша талай мәрте көтеріліпті. Ол жердегі ағаш жамыл­ғыларының аумағы өте үлкен.

– Резерватта найзағай түсуден өрт шыққан оқиғалар жиі кездесіп жатады. Бірақ орманның әрбір гектарына жай тарта­­тын құрылғылар орнату мүмкін емес. Ор­ман шаруашылықтарында оны сатып алу­ға және орнатуға қаражат жоқ, – дейді ол.

Маман күн жылына мекеме қыз­меткерлері резерват аумағын шолып, талдау жасайтынын, соның нәтижесіне орай қауіпті аймақтарда тым болмағанда 10 жайтартқыш орнатып көретіндерін жет­кізді. Баянауылдың таулы аймақта­рында мұндай құрылғыларды орнату қиынға соғатыны анық. Жалпы, орман арасында мұндай бір жайтартқыш бағанды орнатудың өзіндік құны шамамен 250 мың теңге тұрады.

Айтып өтейік, «Ертіс орманы» ре­зер­ваты аумағындағы реликті қылқан жапырақты ағаштар еліміздің солтүстік-шығыс өңірінде ғана кездеседі. Ежелгі мұхиттың табанында, құм жалдарында өсіп шыққан Ертіс «орман жолағы» Шал­дай және Бесқарағай орман шаруа­шылық­тарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 162 мың орман жамылғысы қорғалуы жағынан аса құн­ды орман алқаптары санатына енеді. Бүгінде резерват аумағында өсімдік­тердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыс­тарының нәтижесінде флора­ның алуандығы кеңейіп, 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.

Бұған қоса Павлодар облысының аумағында «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», сондай-ақ жалпы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануар­лар әлемін қорғау жөніндегі комму­налдық мемлекеттік мекемелер («Пав­лодар», «Үрлітүп», «Максим Горький») бар екенін айтып өтейік.

 

Павлодар облысы