Технология • 23 Ақпан, 2024

Өрт және жасанды интеллект

170 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жеріміздің 5 пайызға жуық аумағында орман бар. Оның ауқымы 31 млн гектарға таяу. Ал бізде жылда орман өрті болады. Естеріңізде болса, былтыр 500-дей өрт найзағай салдарынан тұтанды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өткен жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектарға жететін 810 орман өрті тіркелген. Көңілді күпті қылған осы мәселені «Қалай шешеміз?» деген сұрақ жиі мазалайды. Дегенмен дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, бұл жерде ешқандай «қытай қорғаны» жоқ. Министрлік қызыл жалынды дәл уақытында анықтап, құрықтау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгінуге бел байлады. Енді орман өртін жасанды интеллект анықтайды.

Өрт және жасанды интеллект

Былтыр 8 маусымда ең ауқымды «Семей орманы» өр­тенді. Бұл алапат өрт бір айға жуық сөндіріліп, 15 адамның өмірін қиды. 60 мың га орманның күлі ғана қалды. Тергеу амалдары барысында Семейдегі ірі өртке найзағайдың себеп болғандығы айтылды. Ал оны анықтайтын камералардың бірі сөндірулі тұрған. Құрылғының аккумуляторын ауыстыру жұмыстары жүргізілгенде жұмысшылар оны қосуды ұмытып кеткен. Мәселенің ұшы қайда жатыр...

Мәселе бар жерде, шешім де болмақ. Бұл түйткіл шешілу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мем­лекеттік органдармен бір­лесіп, 2023-2027 жылдарға ар­налған азаматтық қорғау сала­сындағы бірінші кезектегі ша­ралардың кешенді жоспарын әзірледі. Құжатта көрсетілгенді жүзеге асыру үшін 68,6 млрд теңге қаражат бөлінуі керек. Бұл сомаға 1 мың 82 бірлік арнайы көлік құралдары, өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 техника, өртті ерте анықтау жүйесін орнату және өрт бақылау мұнарасын салу кіреді. Оның сыртында жасыл алқаптарды сақтау мақсатында жасанды интеллектіні де пайдалану күн тәртібіндегі мәселеге еніп отыр.

2024 жылғы 12 ақпанда Мәжілістегі Үкімет сағатында Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу туралы айтқан еді. Орман ша­руашылығында цифрландыруды енгізу арқылы орман өрт­терін ерте анықтау жобасы іске қосылмақ. Оны Президент жа­нын­дағы цифрландыру жөнін­дегі комиссия мақұлдады.

Министрдің сөзіне сенсек, арнайы бейнебақылау камералары өрттер радиусын 30 км-ге дейінгі аралықта анықтайды. Өткен жылы бұл жүйе «Ертіс орманы» қорығы мен «Көкшетау», «Бурабай» ұлттық, «Медеу» табиғи паркіне енгізілген. Осы­лардың ішінде «Бурабай» ұлттық паркіне енгізілген жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, бұрын орман өрттерінің орташа ауданы 80 га болса, жүйе енгізілгеннен кейін ол 1,5 га дейін қысқарған. ЭЫДҰ бас­шысының ақпараты бойынша, Солтүстік Қазақстан және Қос­танай облыстарының орман меке­мелерінде әзірге пысық­тауды қажет ететін бейнебақылау жүйесі ғана орнатылған.

– Жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бағдарламалық қамтамасыз етуге тиісті техни­калық тапсырма әзірленді. Жо­ба шеңберінде өрттерді ерте анықтау және тез шешім қабыл­дау, әртүрлі көзден деректерді топтастыру арқылы елдің орман алқаптарының аумағында мониторинг жүргізудің бірыңғай ахуалдық орталығын құру жос­парланып отыр, – деген еді Ерлан Нысанбаев.

Орнатылып жатқан жүйе қалай жұмыс істейді? «Thomson Reuters» медиасының зерт­теуінше, өртті азайтудың тиім­ді технологияларының бірі – жа­санды интеллект. Яғни өртті бол­дырмаудың бірден-бір амалы – оның алдын алу. Жа­сан­ды интеллект болмаса, бақы­лаушылар барлық орманды күндіз-түні кірпік қақпай аңдып отыруы керек. Бұл – сал­ыстырмалы түрде мүмкін емес дүние. Қателік кетіп қалу, маңызды белгілерді жіберіп алу ық­тималдылығы жоғары. Ал жасанды интеллектіге негізделген камералар күн-түн демей бәрін бақылай алады. Егер орманда шоқ, ұшқын пайда болып, түтін шықса, дереу дабыл қағады. Бұл технологияны кез келген жерге орнатуға болады. Тіпті қылмыстың алдын алу үшін де пайдалану тиімді.

– 5-6 жыл бұрын от тұтанған жерді анықтау үшін ол жаққа тұтас бөлімді жіберу қажет болатын. Бұған авиацияны жұ­мыл­дыру керек. Енді мұны камераны басқару арқылы бақылап оты­руға болады. Жасанды ин­тел­лектінің мүмкіндігі мол. Бұдан былай оған қиял-ғажайып ре­тінде ғана қарауға болмайды. Кейінгі жылдары климат қатты өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. Жасанды интеллектінің игілігін пайдалана білгеніміз аб­зал, – дейді геология және гео­физика профессоры Нил Дрис­коли.

Цифрлық технологияларды қолданып, өрттің алдын алу мақсатында дамыған мемлекеттер біршама зерттеу жүргізіп, жобалар жасаған. Өзінің тиім­ділігін көрсеткен біршама тәсіл мен тәжірибемен бөлісуді жөн көрдік. АҚШ-тың білікті мамандары «Atlas of Potential Control Locations» жүйесін жасап шыққан. Ол – машиналық оқыту негізінде жұмыс істейтін әлеуеттік бақылау картасы. Өрт болуы мүмкін аумақтан жолға дейінгі қашықтық, жер бе­дерінің ерекшелігі, жердегі жан­ғыш материалдардың болуы, сол аймақтағы басқа да өрт шығаратын себептер сияқты деректерді талдайды. Содан кейін өрт шыға қалған жағдайда қай жағынан, қалай өшіру тиімді екенін және қанша құрылғы, күш қажет екенін анықтайды. Ескере кететін дүние, мамандар бұл технологияны өрт сөндіру бө­лімдері мен жергілікті тұр­ғын­дарға қолжетімді түрде өрт маусымы басталар алдында сақадай-сай қылып дайындап қояды.

Өрттің алдын алу амалдары туралы айтылды. Ал алда-жалда өрт шығып, қызыл жалын дес бермеген жағдайда не істеу қажет? Бұл тұрғыда мамандар «FireNet» шешімін ұсынады. Оны жасанды интеллект көмегімен ор­ман өрттерін анықтайтын «Сrowdai» америкалық ком­пания­сы жасады. Алғаш 2019 жылы таныстырылған. Жүйе ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жүзеге асады. Өрт болып жатқан аумақтан алын­ған орман өрттерінің бейне­жазбаларының кадрларында оқытылды. Дрондар дала өрт­терінің үстінен ұшып, жоғары кадр жиілігінде (секундына 20-ға дейін) бейне жазады. Алго­ритмдер жазбаларды нақты уа­қыт режімінде өңдейді және дрон­ның орналасқан жері бойынша жану орындарын анықтайды. Өртті анықтау дәлдігі 92 пайызды құрайды. Өртті тез өшіріп, өршітіп алмауға көмектесетін құралдар басқа елдерде де әзірленген. Мысалы, 2019 жылы Оңтүстік Кореядағы Хонгик университетінің қызметкері Джэ Сын Ли студенттерімен бірге өрт ошақтарының пайда бо­луын және сөндірудің ерек­шеліктерін 90 пайыз дәлдікпен болжай алатын алгоритм жасады. Технология спутниктік кескіндер және «Azure Machine Learning» машиналық оқыту алгоритмінің негізінде жасалған. Оның көмегімен қызыл жалын кезінде өрт сөндірушілер ұтымды жоспар құра алады. Яғни бригадаларды қайта топтастырып, оларды қажетті жерге бағыттайды. Бұл қызмет қоңы­рауларға тезірек жауап беру мен өрттің ықтимал зақымдануын азайтуға мүмкіндік береді. Жа­санды интеллектінің жалыннан қызғыштай қорғайтыны жақсы-ақ. Дегенмен компью­терлік жүйелер мінсіз жұмыс істемейтінін де ескеру керек. Сол үшін маман мен жасанды сана бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл жүйелердің барлығы дерлік өрт сөндірушілерге көмектесу мақсатында құрылған.

Алдымызда цифрлық технологияларды еліміздің дамуы мен қауіпсіздігі үшін мейлінше пайдалану міндеті тұр. Оны Мем­лекет басшысы да айтты. Тіпті жасанды интеллект жүйесін құруға өзі жетекшілік ететінін де жеткізді. Бұл туралы «Елімізде жасанды интеллект жүйесін құру – өз алдына бөлек әрі өте маңызды мәселе. Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғам­дастықтағы орны осы жұмыс­тың сәтті іске асуына байланыс­ты. Сон­дықтан бұл бағытқа өзім жетекшілік етемін және шет­елдік, отандық мамандармен кездесемін, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын ба­қылауда ұстаймын», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орман өрттерін дәл уақы­тында анықтап, құрықтау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгіну жұмыстары біздің елде бір жүйеге түскені қуантарлық жайт. Мұндай тәжірибе жоға­рыда айтқанымыздай, бұрын да болған. Жеріміздің 5 пайызға жуық аумағында ғана орман барын ескерсек, жасанды ин­тел­лект жүйесін барлық алқап­қа енгізуге болады. Мұның қаржы­лық жағы мен өзге де әлеуеті – өз алдына бөлек әңгіме.