Шегініс жасайық. Інжілдің ілкі аңызы бойынша Иса пайғамбардың он екінші шәкірті Иуда Искариот ұстазына сатқындық жасайды. Фарисейлердің үгітімен Исаны крестке бәдіздеп өлтіруді бұйырған Понти Пилаттың жендеттері Иуда Искориотты 30 сом күміске сатып алады. Қасиетті жазбаларда Иса пайғамбар шәкірттерінен еш ерекшеленіп отырмайтыны айтылады. Сол себепті мәжілістегі адамдардың қайсысы «тұтқын» екенін аңғарту үшін, Иуда тасадағы жендеттерге ерекше белгі беру керек болады. Ол оны сүйеді. Иә, Иуда Исаны сүйеді.
Бірақ не себептен Иуда белгі ретінде сүюді пайдаланды? Әдетте сүю – адам жаны сүйіспеншілігінің көрінісі. Бұл әрекет Інжілде құпталады («Жүсіп ағаларын сүйді», «күнәһар әйел Исаның аяғын сүйді»).
Алайда сатқындықтың алғашқы белгісі тағы да осы сүю екенін қасиетті жазбаларда терістемейді. Мысалы, Дәуіттің қолбасшысы Иоав әскербасы Амессайды өлтірмес бұрын, бетінен сүймекші болады.
Жақсы, не дегенмен, сүю – жақын адамдардың сәлемдесу тәсілі болып есептелген. Иуданың да осы тәсілді пайдаланғаны тегін емес. Бұл күдікті сейілту үшін арнайы жасалған амал болуы мүмкін.
Картинаға қайта оралайық. Туындыда Караваджоның өзіндік қолтаңбасы айқын көрінеді. Және автор шығармасына әлде бір астарлы мәнді жасыруға тырысқан секілді. Мақаланың соңына дейін сол жұмбақтың шешімін табуға тырысамыз. Әзірге суреттің көркемдік құрылымына назар аударайық.
Картина «тенебросо» әдісімен салынған. Фигураны әлсіз жарық қана айшықтап, артқы планның түгелі қараңғы фонда бейнеленеді. Автордың дәл осы тәсілді пайдаланғаны тіптен орынды. Себебі оқиға Гефсиман бақшасында, дәл түнде орын алады. Осынау драмалық сәтті айдың жарығы ғана сәулелендіріп тұра алады.
Караваджоның аталған картинасы шынайылығымен тағы таңғалдырады. Ұсақ бөлшектерге дейін бейнелеген автордың шеберлігіне таңдай қақпай қоймайсыз. Қараңғы түннің өзінде кейіпкерлердің әжім-қыртыстарын, қабақ шытысын, тіпті тырнағының көбесіндегі кірді де байқайсыз.
Фигуралардың тығыздығы. Құдды бір өте ұсақ бөлшектерден құралған үлкен пазл дерсіз. Картинаның тұтастығы соншалық, бірде-бір артық элементті таппаймыз.
Енді картинаның ең ерекше тұсына келейік. Исаны тұтқындап жатқан сақшылардың артында қолына шамдал ұстаған жігітті көреміз. Ол кім? Апостол емес, жендет емес. Бұл Караваджоның өзі. Иә, Микела́нджело Караваджо. Суретшінің ғұмырнамасын оқысақ, оны аса тәртіпті, тақуа адам болған деп айта алмаймыз. Байқасаңыз, шамдал ұстаған жігіт сақшылар жағында. Иуданың артында. Онымен қоса бейқам. Үнсіз бақылап тұр. Бұл нені білдіруі мүмкін? Адамның өз ішінде жақсылық пен жамандықтың толассыз күресі жүреді. Адам қай жағына болысады, сол жақ жеңеді. Бір жағына шығысу керек. Шекспирдің «боласың, иә бордай тозасың» деген мәңгілік сұрағы да осы сәтте бой көтереді. Жендеттердің істеп жатқаны дұрыс емес, ал Петр секілді Исаны жан ұшыра қорғау үшін де батылдық керек екенін ол түсініп тұр. Караваджо картинаны салу кезінде, осындай ішкі сезімдердің қайшылығын өткеріп тұрғандай. Позиция айқын емес. Мәселе сонда. Исаға жақтасса, жендеттер жазалайды. Жақтаспаса, ары мазалайды. Сайып келгенде, автор мұнда катарсистік хал кешіп, өзінің рухани жағдайын ап-айқын жариялап отыр. Шәкәрім атамыздың тілімен айтсақ, «айна қойдым алдыма, көрейін деп өзімді». Тәубе де, тоба да кісінің өз күнәсін еш шүбәсіз мойындауынан бастау алады. Шан-шараф Караваджоның ерлігіне!
1610 жылы Микеланджело Караваджоның ақырғы сағаты соқты. 100-ге жуық жауһар туындыны дүниеге әкелген суретші небәрі 38 жасында өмірден озды. Суретші сүйегінің қайда жерленгені осы уақытқа дейін белгісіз болды. Тек 2010 жылы бір топ италиялық ғалымдар Әулие Себастьян қорымынан сүйектерінің қалдығын тауып, салтанатты түрде Портэ д'Эрколе қаласында қайта жерледі. Ғалымдардың зерттеуінше, сүйектің құрамындағы қорғасын мөлшерінен бірнеше есе асып кеткен. Естеріңізде болса, ол заманда қағазды шіруден, құрт-құмырсқадан сақтау үшін бояуға өте қауіпті у қорғасын қосады. Бәлкім, суретшінің түбіне өлімнің емес, өнердің «дерті» жеткен шығар? Кім білсін?..