Зерде • 22 Ақпан, 2024

Ұлт мүддесі біріктірген күрескерлер

224 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Түркістан өлкесінің қос тумасы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов бір жылда туып (Сұлтанбек – 1894 жылдың күзінде, 10 қыркүйекте, Қаратау баурайындағы Ақсүмбеде, ал Тұрар сол жыл аяғында, 26 желтоқсанда, Алатау баурайындағы Бесағашта туған еді), дүниені дүр сілкіндірген өзгерістер заманында ұлт болашағын күйттеген күреске толы белсенді ғұмыр кешті де, екеуі бір жылда, бір күнде – 1938 жылғы 10 ақпанда Мәскеуде атылды.

Ұлт мүддесі біріктірген күрескерлер

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Түркістандық қос оғлан түйіскен жол

Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқы­ай­дарұлы 1904 жылы халыққа тізесі бат­қан болысты өлтіргені үшін абақтыға қамалды да, кек қайтаруға тырысатындардың қастандығынан сақтанып, баласын түрмеге алдыртты. Тұрар «түрме баласы» атанып, сонда түрлі жұмыс істеді, орысша үйренді.

Әкесі сот үкімімен он жылға Саха­линге айдалған соң, оны Меркі­дегі ағайындары алып кетті. Онда Тұрар орыс-тузем мектебінде оқыды. 1914 жылы Пішпек (Бішкек) ауыл­шаруа­шылық мектебін бітіріп, Самара ауыл шаруашылығы институтына түспекке талпынды. Алайда шыққан тегіне байланысты қабылданбады. 1915 жылы Ташкентке аттанып, мұғалімдер институтына түсті. Күнкөріс үшін сондағы бау-бақша шаруашылығында жұмыс істеді. Сол шақта, 1916 жылы, патшаның 25 маусым пәрмені себеп болып, Дала және Түркістан уәлаяттарын от-жалынға ораған ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете түскен-ді. Бұл жиырмадан енді асқан жас Тұрардың ғұмырына күрт өзгеріс енгізген, бұдан былай оны революциялық күрес жолына біржолата салып жіберген оқиға болатын. Ол оқуын тастап, Әулиеата үйезінде қарсылық қозғалысын ұйымдастырушылар қатарында тұрды, көтерілісшілерге сая­си бағдар берді. Тұтқынға түсті. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Меркіге келіп, «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрды. Жол-жобасы, айқын мақсаты белгіленген, көптеген азаматтың шыңдалу мектебі болған осы ұйымды басқарып жүріп, Әулиеата үйездік кеңесінде қызмет атқарды. 1917 жылы қыркүйекте большевиктер партиясына қабылданды. Қазан төңкерісінен кейін Тұрар Әулиеата үйездік депутаттар кеңесі (совдеп) атқару комитетінің әуелі төраға орынбасары, кейін төрағасы болды.

Ал Сұлтанбек еңбек жолын Түркістан қаласында орыс-тузем мектебінде оқи жүріп, етікшінің көмекшілігінен, ал саяси қызметін Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқып жүргенінде, өлкедегі озық ойлы аза­маттардың «Кеңес» атты астыртын ұйымы жұмысына белсене қатысудан бастаған. Семинарияны бітірген соң, өзіне ұстаз тұтқан Қоңырқожа Қожықовпен бірге Әндіжан орыс-тузем мектебінде сабақ берді. Патша тақтан құлағаннан кейін отарлаушы ояу жұрт түгілі, ұйқыдағы жергілікті халық арасында да айрықша серпінмен жандана, тез өріс алған саяси өмірге белсене араласты. Ташкенттегі түрлі бағдардағы ұйымдардың жиналыстарына қатысып, өз бағытын айқындауға тырысты.

Қаладағы жастар бірлестігі атынан іс жүзінде жабылып тұрған «Алаш» газеті басшылығымен келіссөз жүргізіп, жаңа тұрпатты «Бірлік туы» газетін ашудың нақты істерімен шұғылданды. 1917 жылдың жазында тиісті өкілеттілікпен, Орынбордағы қазақ мұғалімдерінің жиналысына, одан І жалпықазақ құрылтайына қатысып қайтты. Күзге қарай Ташкентте өлкелік қазақ және орыс комитеттері бірлесіп, ортақ ұйым құрды. Депутаттар кеңесі деп аталды. Оның атқару комитетінің төрағасы – Ташкенттегі өлке мұсылмандары орталығының басшысы Мұстафа Шоқаев, мүшелерінің бірі – Әулиеатадан келген күрескер Тұрар Рысқұлов, хатшысы – «Бірлік туы» газетінің қызметкері Сұлтанбек Қожанов болды.

Тұрар мен Сұлтанбектің саяси күрес жолындағы алғашқы кездесуі осы ұйымды құрған жиналыс болуға керек. Қым-қуыт, қарбаласты саяси оқиғалар Мұстафаның «Бірлік туы» редакциясының жұмысын қоса жүргізуіне уақыт қалдырмағандықтан, газетті серіктерімен Сұлтанбек бас­қарды. Ол газет шығара жүріп, қоғам ісінен қол үзбей, Қоқанда 1917 жылғы 28 қарашада Түркістан автономиясын жариялаған әйгілі Төтенше ІV мұсылман съезін дайындауға атсалысты. Түркістан қаласында 1918 жылдың басында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде Сұлтанбек өлкедегі қазақ аумағының Алаш автономиясына қосылуы қажеттігін қолдап сөйледі. Өлке автономиясының Қоқандағы үкіметі ташкенттік кеңес билігінің орталықтан алдыртқан және жергілікті армиян-дашнактарды жұмылдырған қарулы күшімен құлатылып, қала қанға бөктірілген соң, елге қызмет етудің жалғыз жолы кеңес билігін мойындау болмағын ұқты.

 

Түркістан советтік автономиясында

Кеңес өкіметі Ташкентте билікті қолға алған кезден Түркістан өлкесінде ашаршылық белең алған. Құрғақшылық салдарынан болған жұтқа ташкенттік большевиктер қолдан жасаған жұт қосарланды. Ташкенттегі жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің көсемдері көшпелілердің жылқысын, ұсақ тұяғын тартып алып, оларды марксизм тұрғысынан болашағы жоқ деген желеумен тіршілік көзінсіз қалдырған да, ас-сумен тек қызыл әскерлерді жабдықтау ұранын көтерген-ді.

Сонда, әлеуметтік сілкініс туғызушы биліктің тарапынан көмек көрмей азық-түліктен тарыққан халық өлке­дегі бас қалаға жетіп жығылып, Ташкент көшелерінде сұлап жатқанда, Сұлтанбек әуелі газет редакциясы атынан тамақтандыру бекетін құрды, одан елге шығып, жер-жердегі ашыққандарға жәрдем беруді ұйымдастырумен түбегейлі шұғылданды. Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. Сондай-ақ Түркістан үйезінде оқу ісімен айналысты. 1918 жылдың күзінде Ташкентте әуелі мұғалімдік курс ретінде ашылған қазақ педагогика училищесіне оқытушылыққа шақырылды. Тұрар басқарып тұрған Өлкелік мұсылмандар бюросы жұмы­сына қатысты. Мұғалімдерді қайта даярлау курсында, одан сол курстар негізінде ашылған Қазақ педагогика училищесінде оқытушы, педагогикалық кеңестің хатшысы болды.

Ұйымдастырушылық қабілеті зор, білімді, жалынды жас Тұрар Рысқұлов Әулиеатадағы қызметтерімен көзге түсіп, осы шақта Түркреспубликаның көрнекті қайраткерлерінің біріне айналған. Түркістан Советтері Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланып, Денсаулық сақтау жөніндегі халық комиссары қызметіне тағайындалды. Сосын аштықпен күресу үшін құрылған Төтенше орталық комиссияның төрағасы, одан кейін Ферғана облысындағы басмашылықпен күресу жөніндегі төтенше комиссия­ның төрағасы қызметтерін атқарды. Өлкелік партия комитеті президиумының мүшесі болды әрі РК(б)П-ның өлкедегі Мұсыл­ман бюросын басқарды. 1919 жылдың күзінде Түркатком төрағасының әуелі орынбасары, одан төрағасы лауазымына­ сайланды.

Беделді саяси күрескер ретінде танылған Т.Рысқұлов 1920 жыл басында ғаламат шешімге қол жеткізді. Өлкеде Түркі республикасын жария етіп, Түркі халықтарының бірыңғай компартиясын құру туралы ұсынысы мұсылман партия ұйымдарының ІІІ конференциясында да, Түркістан Компартиясының өлкелік V конференциясында да қолдау тапты. Орталықтың жария ұстанымдарына сай болғандықтан әуелде қарсылық білдіре алмаса да, артынша Мәскеумен ақылдаса отырып, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Орталық партия комитетінің Түркістан істері жөніндегі Комиссиясы (Түрккомиссия) оны түзетті. Сонда Тұрар өлкеде іс жүзінде ұлттық құрылымды тапап дара билік жүргізіп отырған Түркістан комиссиясын өлкеден әкету туралы талап қойды, 1920 жылғы майда Мәскеуге Түркреспублика делегациясын бас­тап барып, Халкомкеңес төрағасы В.Лениннің қабылдауында болды.

Түрккомиссияның «1920 жылғы шілденің 15-нен 31-не дейінгі инфор­мациялық ақпары» делінген құжатта Рысқұловтың Мәскеу сапары жайын­дағы баяндамасы өлкелік комитетте тың­далғаны, Түрккомиссия мүшелерінің жүзеге асырылуға тиіс өз шарттарын айтқаны, сонда Түркатком төрағасы Рысқұлов, совнарком (халкомкеңес) төрағасы Любимов, крайком (өлкеком) төрағасы Тұрсынходжаев бастаған сегіз жауапты қызметкердің өз лауазымдарынан бас тартатынын мәлімдегені туралы хабар бар. Түрккомиссия Түркістан Компартиясының Уақытша Орталық Комитетін құрған. «Өлкелік комитетті ауыстыру біз ойлағаннан едәуір оңай өтті, шамасы бұдан былай да елеулі қиындық туғыза қоймас, делінген аталған ақпарда. – Кетіп бара жатқан жолдастар (Рысқұлов, Тұрсынходжаев және басқалар) бізбен жолдастық қарым-қатынастарын сақтап қалды, рас, бізге ептеп қыр көрсетіп, біздің қызметімізден өздеріне ыңғайлы желеу боларлықтай отаршылдық сәттерді та­уып алуға тырысқанмен, олардың әбден шатысқаны сезіледі, оп-оңай кете салулары да қателескендіктерін түсінгенін куәландырып тұр».

Осы шақта, 1920 жылғы шілдеде, доғарысқа кеткендердің орнына Түрк­комиссия бірқатар қызметкер қата­рында жергілікті революцияшыл азаматтардың жаңа толқынын, жаңашыл коммунистер ретінде Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұловты рес­публикалық дәрежедегі басшылық қызметке көтерді. Сұлтанбек 1920 жылы Сырдария облыстық револю­ция­лық комитет төрағасы лауазымымен кеңес жұмысына жіберілген-тін. Сол жылдың көктемінде өлкеге «Қызыл Күншығыс» үгіт пойызын бастап келген, ұзамай Орталық Комитеттің Түркістан бюро­сын басқарған, Түркістандағы отарлық революция жайынан шыншыл публицистикалық зерттеу жазған большевик Георгий Сафаровпен пікірі жарасып, сол көктемде коммунистік партияның қатарына өткен-ді.

Түрккомиссия мүшелері М.Фрунзе, В.Куйбышев, Ш.Элиава және басқа да қайраткерлер Тұрар Рысқұловты «аса ірі тұлға, қажымас коммунист» деп атап, Орталық Комитетке оны өте жоғары бағалаған мінездеме хаттар жазды. 1920 жылғы қыркүйекте Рысқұлов Коминтерн Атқару Комитетінің ұйымдастыруымен Шығыс халықтарының Бакуде өткізілген І съезіне қатысты. Ол съезде ұлт мәселесі және Советтік Түркістанға көрші жатқан елдердегі ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері жөнінде үлкен баяндама жасады. Съезде арнайы құрылған Шығыстағы іс-әрекет және насихат жүргізу кеңесінің мүшелігіне сайланды. Сол жылы күзде ол Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына қызметке шақы­рылып, алғашқы бірнеше ай бойы Наркомнацтың (Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының) Әзербайжан республикасындағы өкілі болып істеді. РК(б)П X съезіне Әзербайжан партия ұйымынан делегат болып қатысты. 1921 жылы Наркомнац алқасының мүшесі, одан наркомның (халық комиссарының) орынбасары болып тағайындалды. Сосын 1922 жылдың күзінде қайтадан Түркреспубликаға оралды.

Бұл кезде Ташкентте Сұлтанбек Қожанов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары болатын. Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне Тұрар Рысқұлов бекіп келген бетте екеуі бірден ұлт мүддесі жолында тіл табысып, қызмет атқаратынын танытты. Сол шақта Қазақ Республикасында қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жұрт мойындаған көсемі Әлихан Бөкейханды сенімсіз адам санатында түрмеге жауып тастаған. Осы оқиғаға орай Ташкенттен Мәскеуге Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталинге Түркістан Республикасы­ның айтулы қос қайраткері мынандай жеделхат салды: «Кирреспублика (Қазреспублика) өкіметінің жарлығымен 14 қазанда Қарқаралыда Әлихан Бөкейхан тұтқынға алынды. Алаш­ордашыларға амнистия жариялаған декретті еске ала отырып, Советтің жергілікті қазақ халқы бұқарасымен байланысының әлсіздігін және Киргизия (Қазақия) Советтерінің соңғы съезі жұмысының нәтижесінде орнаған ахуалды, сондай-ақ бұл оқиғаның қазақ халқы бұқарасына қолайсыз әсер етуі ықтималдығын ескере келе, сізден осы іске араласуыңызды өтіну қажет деп есептейміз, негізі жоқ болған жағдайда Бөкейханов абақтыдан шапшаң босатылсын. ТүркОАК төрағасының орынбасары Қожанов, ТүркХКК төрағасы Рысқұлов». Сұлтанбек пен Тұрардың осы өтініш-мәлімдемесінің оң нәтижесі сол, ұзамай Әлихан Нұрмұхамедұлы түрмеден шығарылып, Мәскеуге жіберілді, онда Сталиннің қамқорлығымен оған пәтер беріліп, Нәзір Төреқұлов басқаратын Шығыс халықтары баспасына қызметке орналастырылды...

Сұлтанбек пен Тұрар Түркреспублика басшылығында өзара түсіністікпен қызмет атқарды. Тұрар басқаратын Халкомкеңес ұсынған бағдарламалық сипаттағы ұсыныстардың бәрін құра­мын­да Сұлтанбек бар, Түркатком төр­ал­қасы әрдайым қолдап, қабылдап отырды.

Бірақ 1924 жылғы қаңтарда болған Түркістан советтерінің кезекті съезінде Тұрар Рысқұлов Орталық атком мүшелігіне сайланбай, Халкомкеңес төрағалығынан түсіп қалды. Бұл оқиғаның жай-жапсарын Тұрар 1924 жылғы 16 қаңтарда БК(б)П Орта­лық Комитеті Орта Азия бюросының (Средазбюро) хатшысы Я.Рудзутакқа берген хатында жазған. Ол «өзгерістер РК(б)П Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша жасалып отыр» деген ойды өзінің әріптесі, «Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің жауапты хатшысы Светлов жолдастың» өзара әңгімеде сыр етіп ашқанына қарамастан, өзінің жауапты қызметке сайланбай қалуының негізгі себебін жергілікті қайраткерлер арасындағы мансаптық тайталас салдарынан көретінін баян қылады.

Осы жайтты тереңдете түсіндірген, өзінің құрдасы, үзеңгілесі Сұлтанбек Қожановты саяси қарсы топ адамы етіп көрсеткен хаттарын 1924 жылғы сәуірде Бас хатшы Сталинге арнайы жолдады.

 

Қос оғлан қызметінің тамырластығы

Алайда Тұрардың Түркістаннан әкетілуінің шын себебі басқада болатын. 1920 жылы Ленин Тұрар Рысқұловты қабылдап, Түрк Республикасы мен Түркі халықтары коммунистік партиясын құрудың қате бастама екенін, бірінші кезекке тап мүддесі қойылуы керегін мойындатты. Содан кейін Рысқұловтың Түркістан өлкесінің бірлігін күйттеуі күдіктендіргендіктен, құпия түрде серіктеріне өлкені «Өзбекия, Түркмения, Киргизия (Қазақия)» аумақтарына бөлшектеуді тапсырған. Өлке бірлігін сақтау жағында тұратыны күмән туғызбайтын Тұрардың 1924 жылдың басында Түркістан Республикасындағы басшылық қызметінен кетірілуі сол тапсырманы орындау ретімен жасалған.

РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросы 1924 жылғы 31 қаңтарда Орта Азияны, ондағы күшті мемлекеттік бірлік Түркістан Республикасын жекелеген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға жіктеу жайында шешім қабылдаған да, соған байланысты Ташкентте арнайы мәжіліс шақыруды өлке коммунистерін жақсы білетін Ян Рудзутакқа тапсырған. Мәжіліс 1924 жылғы 10 наурызда өтті. Күн тәртібіне Түркістанды ұлттық-территориялық тұрғыда жіктеп-межелеу мәселесі шығарылды. Баяндамашылар кеңес өкіметінің бекем орнығуын үлкен шаңырақты жеке-жеке отауларға бөлумен байланыс­тырды. Әр ұлт өз алдына отау тігіп бөлініп шықса – Түркістан халықтары мәдениет тұрғысынан дамиды... Орта Азияны ұлттық сипатпен жіктеп, дербес отаулар тігу арқылы ыдырату – кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол... Осындай жарқын келешек ұлт қайраткерлерінің ұлтшылдық сезімін тез қайрады. Олар қарашаңырақ іспетті мемлекеттік құрылымды бөлшектеп, ұлттық отау тігу жолына түсті. Мәселенің РК(б)П ұрандарының алдамшылығында, шын пиғылының басқалығында жатқанын аңдамады.

Жарыссөз кезінде баяндамадағы ұсынысқа балама пікірді Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанов ұсынды. Ол өлкені ұлттық белгісіне қарай бөлшектеп жібермей, оларды алдымен экономикалық негізде, содан­ соң Орта Азия Федерациясына біріктіру, сосын, экономикалық та, саяси-әкімшілік те тұрғыда қалыптасқан қуатты құрылым ретінде, Республикалар Одағына – КСРО-ға кіру бағытын ұстанды. Содан соң, өлке халықтарының даму деңгейін теңестіріп, дамытқаннан кейін ғана, жеке республикалар ретінде отау тігулеріне пұрсат бергенді жөн көрді.

Ұсыныстың қабылданбағаны белгілі. Бірақ оның ұлттық межелеу науқанындағы осы әрекеті Тұрардың 1920 жылғы Ленин кері қаққан маңызды бастамасының жалғасы іспетті шыққан еді. Ал бұл екі түркістандық ірі кеңес қайраткерінің – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың – жандарын сала қорғаған жалпыұлттық бірлік идеясы құлатылған Түркістан (Қоқан) республикасының премьері, эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың түркі халықтары бірлігі үшін жүргізіп жатқан күресімен үндес еді. Тұрар да, Сұлтанбек те Мұстафа секілді Түркістан халықтарының біртұтастықта дамуын саналы түрде көксеген батыл да ержүрек қайраткерлер болатын.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты