Еңбек • 22 Ақпан, 2024

Мәнтайдың маңдай тері

350 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Уақыттан өткен құдірет жоқ-ау, сірә. Небір асылдардың ай нұрлы жүзін уа­қыт­тың шымылдығы көлеңкелеп, көмескі тарттыратыны бар. Бәлкім кейінгі ұрпақ өзі өмірден өтсе де өнегесімен, бір кездегі адал еңбегімен, ерен ерлігімен қаншама ғибрат ұқтырып жататын тұлға­лар­дың ел есінде еміс-еміс сақталған бей­нелерін сол уақыттың тозаңынан аршып алып, кәдеге жаратса, елдік істің санатына жатпас па еді.

Мәнтайдың маңдай тері

Өз заманында атақ-даңқы асқақтаған, кеудесіне адал еңбегінің қайтарымындай Алтын Жұлдыз қадаған Мәнтай Әлкебаевтың есімін қазір кім біліп жатыр. Олқылық па – олқылық. Жоқ іздеген жолаушыдай өткеннің өмір сабақтарынан еліміздің абзал азаматтарының ерлік дастанын ежіктей оқысаңыз, менмұндалап тұратын-ақ есім.

Мәнтай Сәрсенұлы бұрынғы Көкшетау ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Баратай ауылының тумасы екен. Еңбек әліппесін 1951 жылы қабырғасы қатып, буыны бекімеген он бес жасында осы аудандағы №111 жылқы зауытында жылқышының көмекшісі болып бастаған. Жас балаға желмен жарысқан жылқы бағу қайдан оңай болсын. Дала сырын дарқан көкірегіне тоқыған арыдағы ақсақалдар жылқыны жылқының өзіндей қайратты адам ғана бағады дейтін. Төрт түлік малдың ішіндегі тегеуріні қатты, бағуы мен бабы шиыршық атқан жылқы ішіне кіруі бозбаланың бозөкпе еместігін аңғартса керек. 1956 жылы жиырмаға толған Мәнтай сол уақытта екінші тың аталып, елдің бәрі жаппай иінін илеп жатқан қойшының құтты таяғын қолына ұстайды. Тегін таңдау емес еді. Өйткені әкесі Сәрсен де қойшы болған.

– Мәнтай Сәрсенұлын жақсы білемін. Елімізге сіңірген еңбегін де, ажарлы азаматтық бейнесін де, кісілік қасиеттерін де, – дейді Баратай ауылының тумасы, бүгінде Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Баратайдың арғы бетінде ұйыса өскен қалың қайың шоқтарының бауырында ата қоныстарынан қалған белгі әлі жатыр. Әлкебай әулетінің жұрты. Мәнтайдың әкесі Сәрсеннің еңбек десе ішер асын жерге қоятын жансебіл адам болғандығын, ортақ істен бір сәт бас тартып көрмеген қоғамдық жұмысқа жанашырлығын біздің елдің көнекөз қариялары әдемі аңыз қылып айтатын. Тіпті, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде Сәрсен атамыз майданнан броньмен босатылған. Ол уақытта бронь әскери зауыттың мамандарына, ірі лауазымды қызметкерлерге берілсе керек қой. Ал қойшыға бронь берілуі – кездесе бермейтін жай. Соған қарағанда, қан майданға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, қой басын өз төлі есебінен көбейтіп, игіліктің иесі болып отырған Сәрсен атамыздың еңбегін бағалаған ғой. Ал Мәнтай аға заманында атақ-абыройы аспандап тұрған шағында ешқашан асып-таспаған, мақтануды білмейтін марқасқа еді. Бар білері – ел қамын ойлау. Осындай азаматтардың ерлікке толы ғұмырын қайта жаңғырту, есімдерін ұмытпайтындай шаралар қарастыру – кейінгі ұрпақтың парызы.

Көкшетау қаласынан таяқтастам жердегі Ұялы ауылында шопанның аға көмекшісі болып қой бағуды қолға алған Мәнтай Сәрсенұлы арада аз уақыт өткен соң тындырымды еңбегімен көзге түсіп, өзі де жеке отар алып, аға қойшы атанады. Қазіргі күні ғой еңбектің қадірін елеп-екшей бермейтін біреулер, құдай-ау, аға қойшылық та айтуға тұратын лауазым болып па деп ойлауы мүмкін. Білетіндердің айтуына қарағанда, бар шаруашылық бетіне қарап отырған бір отар қойды жөпшеңді кісіге сеніп тапсыра қоймаған екен. Өйткені ол дегеніңіз – күллі шаруашылықтың ортақ табысына қосылатын қомақты үлес.

Қой бағу таңсық іс емес еді. Әкесі де қой баққан, мал жайын жақсы білетін Мәнтай Сәрсенұлы 1964 жылы отарындағы 2 217 қойдың әрқайсысынан 7,1 кг жүн қырықты. Осы көрсеткішті бағамдау үшін көне газет тігінділерін, өткен замандағы қой­шы­лар­дың еңбегін қаужайтын естеліктерді сүзіп, сара­ла­дық. Кейде 2,5-3 килодан жүн қырық­қан­дар болған екен. Бәлкім бұл – орта, әйтпесе ортадан төмен көрсеткіш. Әр қойдан 4-5 кг жүн қырқу – кез келген қойшының маңдайына жазыла бермейтін сыбаға. Ал 7 килодан асырып жүн қырқу – ерен жүйріктің ғана шығандай шапқанда қол жеткізетін көрсеткіші.

Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қараған Мәнтай Сәрсенұлы 1965 жылы өзінің алғашқы рекордтық көрсеткішін жаңғыртып, отарындағы әр бастан 7,8 килодан жүн қырқады. Дәл осы дәуірдегі статистиканың қасаң тілімен өрнектейтін болсақ, қырқылған жүннен тұп-тура мың дана ерлер костюмін тігуге болады екен. Бір отар қойдың жүнінен – мың костюм. Міне, осы табысы үшін Мәнтай Әлкебаев КСРО Жоғары Кеңесі Президиуымының Жарлығымен 1966 жылдың 22 наурыз күні Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне Алтын Жұлдыз қадады. Алтын Жұлдыз бар мұратын адал еңбектен тапқан адал жүректі, қарапайым қойшының кеудесінде күн нұрындай жарқырап, шуағын төгіп тұрды. Өзі де Алтын Жұлдызға лайық парасаты мен кісілігі мол жан еді. Бір қызығы, Еңбек Ері атанып, даңқы аспандап тұрғанда Мәнтай Сәрсенұлы небәрі отыз жаста ғана екен. Отызында орда бұзып, асқар таудай атаққа шығуы, абырой арқалауы ғажап көрініс емес пе?

Әр жыл сайын тамаша табыстарға жетіп жатқан таяғы құтты қойшының абыройы одан әрі аспандай берді. Алтын Жұлдыздың жанына Ленин, Құрмет белгісі ордендері мен әлденеше медаль тағылды. 1963 жылы Мәнтай аға Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ел сенім артқан, үміт еткен Еңбек Ері қарапайым ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға білек сыбана кірісті. Бұл кезде қолынан қой бағу ғана емес, халықпен тілдесу, үлкен істерге ұйымдастыра білу қабілеті мол Мәнтай Сәрсенұлы бөлімше меңгерушісі болып тағайындалған еді. Осы жылдары бұрын жүргізілмеген автобус жүргізілді, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсететін кең де жарық клуб үйі салынды. Бастауыш білім ошағы орталау мектепке айналды.

– Мәнтай аға кең жүректі, абзал ниетті азамат еді. Ол кезде ауыл адамдарының мұқтажы таусылған ба? Өтініш айта келгендердің еш­қай­сысын құр жіберген кісі емес, – дейді ел ағасы Амангелді Ақанов. – Көзіміз көрген соң айтамыз, өзіміз де сол кісінің тәлімді тәрбиесін ұқтық. Жарықтық, өз ісіне жан-тәнімен берілген, жауапкершілігі жоғары адам еді. Тапсырылған істі тап-тұйнақтай қылып атқаратын. Тіпті, сол кезде Мәнтай Сәрсенұлы істеген істі тексерудің де еш қажеті жоқ дейтұғын пікір жиі айтылушы еді. Өйткені бастаған ісін жеріне жеткізе атқару – ол кісінің сүйегіне біткен дағды.

Абзал аға осы ауылдағы тағдырдың жазуы­мен жетім қалған балаларды балалар үйіне жібер­мей, бауырына басып өзі баққан екен. Өз пер­зенттерінен кем көрмеген. Тіпті, кейін әлгі балалар ат жалын тартып мініп, азамат атан­ған­да да қамқорлығынан қағыс қал­дыр­маған.

Еңбегі аңызға айналған, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеті кейінгі жастың темірқазық нысанасы болған Мәнтай Сәрсенұлы небәрі 59 жасында өмірден озған. Аз ғұмыр еңбекпен жазылған өнегелі шежіреге толы.

Заманында көрнекті қаламгер, жерлесіміз Естай аға Мырзахметов те «Тынымсыз жігіт» деп аталатын көркем әңгімеге бергісіз очерк жазған екен. Жазушы өз дүниесінде Еңбек Ерінің қол жеткен табыстарымен қоса, ішкі жан-дүниесінің, рухани әлемінің таңның мөл­діреген шығындай тазалығын да қоса өріпті. Бәлкім, ерлік іс рухы биік, жаны таза адамның ғана қолынан келетін шығар.

Арада жылыстап жылдар өтті. Бір кезде есімі елге мәлім болған Еңбек Ері туралы тіс жарып айтып жатқан да ешкім жоқ. Еленбеді. Қапылған тірліктің жетегінде жүріп өткеннен өгейсіреп бара жатқан соң қарымтасын қайтарар бір ұсыныс айталық. Мәнтайдай есіл ердің есімін ел есінде сақтау үшін өзі жан аямай еңбек етіп, маңдайының тері сіңген Зерендіде бір шарасын қарастырса, ердің аруағы да риза, елінің еңсесі де биік болар еді.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы