Технология • 25 Ақпан, 2024

Миға чип енгізілді

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Илон Масктің чипі алғаш рет адамның миына енгізілді. Бұл туралы миллиардер X әлеуметтік желісінде хабарлады. Миында Neuralink чипі бар бірінші адам «ой күші» курсорын басқара алды.

Миға чип енгізілді

Бірнеше апта бұрын Илон Масктің Neuralink стартапы бірінші адамның миына ней­роим­плант енгізген еді. Қазір бел­гілі болғандай, отадан кейінгі са­уықтыру сәтті өткен. Науқас им­­плантация мүм­кіндіктерін қол­­дана бастады. Құрылғы ойлау арқылы телефонды немесе компьютерді басқаруға мүмкіндік береді. Өнертапқыштың айтуынша, алғашқы пайдаланушылар аяқ-қолдары жансызданған жандар болмақ. Бұл ғылыми төңкеріс «Телепатия» деген атау алды.

– Кеше бірінші адамға Neu­ralink чип салды. Ол қазір қал­пына келді. Бастапқы нәти­желер нейрондық жүйе­лердің анықталуына байланысты, – деп жазды Маск.

Илон ұсынған технологияның басты жетістіктерінің бірі – ин­терфейстің сымсыз және шағын болып шыққаны. Имплант ней­­ро­хирургиялық робот ен­гіз­ген элек­­тродтар және жұқа полимерлі жіп­терден тұрады. Сонымен қатар чипте сигнал беруге арналған қуат­ты шағын күшейткіштер бар. Бір ескерер дүние, Масктің командасы бұрын нейроимплантациямен айналысқандардың барлығында кез­десетін ең үлкен мәселені шеш­ті. Ол – биоүйлесімділік пен қауіпсіздік.

Бұған дейін бұл нәтижеге жету үшін жануарларға бірқатар сы­нақ жасалған еді. Сынақ ба­рысында маймылдар тек миды пайдаланып компьютерлік ойын­дар ойнайтын деңгейге жеткен. Бұл тәжірибелер жануарлар құқығын қорғау топтарын дүр сілкіндіріп, наразылық та туғызды. Дегенмен АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы 2023 жылдың мамырында Neuralink компаниясына адамға клиникалық сынақтар жүргізуге рұқсат берді.

Еске сала кетейік, Neuralink – 2017 жылы Илон Маск негізін қа­лаған алып компания. Ол сол кезден бастап жарақат алған адам­­­дарға тек өз ойларын қол­дана отырып, гаджеттерді бас­қаруға көмек­тесетін интерфейс құ­рылғысы келген еді. Енді сол мақсатына жеткен де секілді.