Экономика • 26 Ақпан, 2024

Өндірістік қуатты арттыру келешегі

85 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынға барды. Қазіргі уақытта Үкімет отандық өндірушілерді толық қуатына шығару үшін қажетті жағдайлар жасауға күш салып отыр. Бұл Қазақстан өндірісінің дамуына елеулі серпін беріп, импорттың үлесін төмендетеді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Өндірістік қуатты арттыру келешегі

Үкімет басшысы елімізде 60 жылдан бері төтенше жағдайлар қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындарды арнайы техникамен қамтамасыз етіп келе жатқан ірі компаниялардың бірі – «Оралагрореммаш» АҚ-қа барды. Өткен жылы мұнда 120-дан астам арнайы техника және 115 тіркеме шығарылды. Бұл ретте кәсіпорынның өндірістік жүктемесі 20%-дан аспайды.

«Мемлекет өңдеу секторын дамытуға баса назар аударады. Кәсіпорын толық қуатпен жұмыс істеуі керек. Біз қазір отандық өндірушіні қолдау бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Сатып алуда локализациясы жоғары кәсіпорандарға басымдық беру керек», деді Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов атыс және зеңбірек қару-жарағын өндіруге маманданған бірегей кәсіпорын – «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-қа да барды. Ол шығарылатын жоғары сапалы қорғаныс өнімдері­не әлемдік нарықта сұраныс жоғары екеніне баса назар аудар­ды. Сондай-ақ ком­пания жүктемесінің 60% дең­ге­йінде екенін ескере отырып, ара­лас өндірістерді құру қа­жет­тігін атап өтті. Одан кейін қа­ңыл­тыр, полиэтилен және поли­­­п­ро­пилен құбырларын, халық тұ­тынатын пластмассадан жасал­­ған та­уарларды өндіретін кәсіп­орын – «Орал сауда-өнер­кәсіп ком­­­паниясы» ЖШС жұмы­сы­мен та­нысты. Зауыттың жыл­дық қуа­ты 37,5 мың тонна полиэти­лен бұйы­мын шығаруға жеткілікті бола тұра, былтыр жүк­теме 20%-ды құ­раған. Шыға­рылатын өнім жаңар­туды және жаңғырту­ды қажет ететін газбен, сумен жабдықтау, телекоммуникация жүйелеріне арналғанын атап өткен жөн.

Үкімет басшысы қуаты жылына 5 млн полипропилен қапшығын (бигбэгтер) шыға­ратын «Packaging Systems» кәсіп­ор­нына барды. Жоба өткен жыл­дың күзінде аймаққа шетелдік компанияларды орналастыру аясында пайдалануға берілді. Өндірілетін бигбэгтер қазіргі уақытта Қазақстанда пайдаланылады, сондай-ақ ЕАЭО және ЕО елдеріне экспортталады.

«Инвестиция тарту үшін барынша күш салуымыз керек. Отандық немесе шетелдік инвесторлар болсын – олар біздің экономикамыз үшін маңызды. Сондықтан біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек», деді О.Бектенов.

Өнеркәсіп нысандарын аралау қорытындысында Үкімет басшысы өнеркәсіптің қарқынды өсуін және экономиканы индустрияландыруды қамтамасыз ету үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шараларын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, Мемлекет бас­шы­сының экономиканы 6%-ға өсіруді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2023 жылдан 5% деңгейінде ұлғайту жос­парланып отыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 1,2 трлн теңгеге 15 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 180-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Облыстағы жұмыс сапары аясында Премьер Орал қаласы­­ның ком­­му­налдық-энергетикалық сек­­торындағы бірқатар нысан­ды аралап, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. 1961 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Батыс Су Арнасы» сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорнында болды.

Олжас Бектенов өңір бас­шылығының назарын тұрғындар тарапынан, әсіресе жаз айларында ауызсу тапшылығына қатысты арыз-шағымдарға ауда­рып, су тазарту жүйесін реконс­­трук­­циялауға байланыс­ты ЖСҚ әзір­леуді жыл соңына дейін аяқ­тау­ды тапсырды. Оның өндіріс­тік қуа­тын тәулігіне 50 мың текше метр­ге дейін арттыру керек. Үкімет қа­жетті қолдау көрсетеді.

Сумен жабдықтау желілерін (тозу – 60,5%), су бұруды (тозу – 61,3%) жаңғыртуды жеделдету, сондай-ақ кәріз-сорғы стансаларын реконструкциялау бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Сонымен қатар Премьер-министр қауіпті қызыл ай­мақта орналасқан «Жа­йық­жыл­у­энерго» АҚ электр және жылу энергиясын өн­ді­ру кәсіпорнының ағым­дағы жағ­даймен танысты. Кәсіп­орында Олжас Бектенов бас диспетчерлік бөлмені, турбина залы мен қазандықты аралап көрді. Бүгінде үш қазандық агре­гаты (№2,4,9) мен турбина­ны жөндеу жұмыстары аяқталды, 16,5 шақырым жылу желілері жөнделді. Сонымен қатар үш энергетикалық қазандық пен №3 турбинаны кезең-кезеңімен ауыс­тыру жобасын әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл шаралар бүкіл станса жұмысының сенімділігін арттыруға бағытталған.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, елді мекендердің ты­ныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамта­масыз ету – Үкімет пен әкім­діктердің негізгі міндеттерінің бірі. Республика бойынша ЖЭО тозуы 66%-ды, ал Орал қаласында 86%-ды құрап отыр. Жобалық-сметалық құжаттама қалай дайын болады, әкімдік тиісті өтінімді енгізуге тиіс. Оны қарап, кезең-кезеңімен шешеміз», деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына тауарлық газ өндірісін арттыру және өңірді газдандыру барысында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Сонымен қатар жылыту мау­сымын ескере отырып, өңір басшылығына елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті бар­лық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Облысқа жасаған сапары кезінде Олжас Бектенов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, өңірдің агроөнеркәсіптік кеше­нін дамыту туралы баяндама тыңдады. «World Green Company» ЖШС көкөніс өсіре­тін жылыжай кешеніне барған Үкімет басшысы ондағы техно­ло­гиялық үдеріспен танысып, дайын өнімдерді қарап шықты.

Жылыжай аумағында көк­өніс өсіруге барлық қажетті жағ­дай жасалған: суару, желдету, көлең­келеу, ылғалдандыру, салқын­дату, жылыту және басқа да жүйелер жұмыс істейді. Бір жылда мұнда 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өндіріледі.

«Біздің жылыжайымыз – голлан­диялық төртінші буын техно­ло­гиясымен салынған және бар­лық заманауи эле­менттерді қамтитын жоғары технологиялық жоба. Қазір 190 адамды тұрақты жұмыс­пен қамтып отырмыз, олар­дың барлығы – облыс тұрғы­ны. Өнімдер жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар Ресейдің жақын аймақтарында сұранысқа ие», деді кәсіпорын басшысы Мұрат Ибрагимов.

Еліміздегі өнеркәсіптік жылы­­жайлардың жалпы ауданы бүгінде 223,1 га құрайды, ин­вес­тициялық субсидиялау қағи­далары аясында жылыжай бизнесін ынталандыру үшін шығыстарды өтеу 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, егіндік суы, қияр және қызанақ тұқымдары құнының 50%-ы субсидияланады. Премьер-министр ішкі нарықты отан­дық ауыл шаруашылығы өнім­дерімен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды қолдайды. Биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда Президент тапсырмасымен біз бұл соманы екі есе арттырамыз. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына инвестиция көлемі шамамен 2,4 млрд долларды құрайтын, қуаттылығы 6 млн тонна калий тыңайтқыштарын өндіретін Қазақстандағы тұңғыш тау-кен байыту кешенін салу жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда елімізде мұндай тыңайтқыштарға орташа қажеттілік жылына 18 мың тоннаны құрайды. Зауыт 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. «Qazaq Kalium Ltd.» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың айтуынша, кәсіпорын ашылғаннан кейін Қазақстан әлемдік нарықтағы өндіріс үлесінің 14%-ын қамти отырып, калий тыңайтқыштарын әлемдік өндірушілердің үздік бестігіне кіреді. Жоба аясында 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Айта кету керек, Батыс Қазақ­стан облысы – индустриал­ды-аграрлық өңір. 2023 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 305,5 млрд теңгені құрады. Өткен жылы 310 мың тонна дәнді дақыл, 81,2 мың тонна майлы дақыл, 61,7 мың тонна көкөніс өндірілді. Облыста сыйымдылығы 52,3 мың тонна болатын 32 картоп-көкөніс қоймасы бар, оның ішінде жабдықталғандары – 51,1 мың тонна. Биыл қосымша 2 көкөніс қоймасын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар БҚО-да 33,5 мың мал басына арналған 14 бордақылау алаңы жұмыс іс­тейді, олар барлық қажетті инфра­құрылыммен жабдықталған. Биыл сыйымдылығы 17,4 мың бас болатын тағы 7 мал борда­қылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 1,9 мың мал басына арналған 4 ірі сүт фермасының құрылысы бас­талды. Нәтижесінде, облыс­та сүт өндірісі 41,2 мың тоннаға жетеді.

Жалпы, өткен жылдың қо­ры­тын­дысы бойынша ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің өңделген үлесі 63,1%-ға жетсе, 2026 жылға қарай бұл көр­сеткішті 70%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бүгінгі таң­да жергілікті азық-түлікпен қам­тамасыз ету негізгі азық-түлік тауарларының 24 атауы бо­йынша жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше бақылауға алынды.