Сенат • 27 Ақпан, 2024

Диалог алаңында білім саласын дамыту талқыланды

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Заманауи ұлттық мектеп – жаңа қоғам қалыптастыру жолы» тақырыбына арналған отырысы өтті. Іс-шара барысында білім беру, мәдениет, өнер саласының мамандары, сарапшылар, ғалымдар және сенаторлар ұлттық білім беру жүйесінің даму үрдісін талқылап, осы бағытты реформалау жайы айтылды, деп жазады  Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Диалог алаңында білім саласын дамыту талқыланды

Фото: Н.Байбулин

М.Әшімбаев  қазіргі қоғамды қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің негізгі факторы білім беруді, ғылымды және мәдениетті кешенді түрде дамыту екенін атап өтті. Осыған байланысты сапалы және қолжетімді білім беру мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені де айтылды. Бұл ретте жаңа тәсілдерді қалыптастыруға және менеджментті жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сенат Төрағасы  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде педагог мәртебесін арттыруға және осы саладағы жас мамандарды ынталандыруға арналған реформалар іске асырылғанын тілге тиек етті.

«Білім беру саласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым басты назарында. Соның нәтижесінде елімізде ұстаздардың жалақысы айтарлықтай өсті және педагог мәртебесі заңмен айқындалды. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Осы құндылықтарға негіз болатын және оларды бойға сіңіретін басты орта – мектеп екені даусыз. Шын мәнінде, мектеп – адами капиталды дамытатын және заманауи қоғам қалыптастыратын негізгі орын.  Мектеп – адами капиталдың сапасын қалыптастыратын және елдің бүгінгі болмысы мен болашақ әлеуетін айқындайтын бірден-бір орта. Осы орайда мектептің негізгі үш функцияны жүзеге асыруы маңызды. Біріншісі – білім беру. Бұл ретте оқушылардың тұлғалық ерекшелігін ескеруге, жаңа, бірегей білім беру бағдарламаларын құруға, жүйелі түрде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және интернет пен цифрлы ресурстардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға баса мән беру қажет. Екіншіден, оқушылардың бойында әртүрлі дағдыларды – «soft skills» дамыту да үлкен міндет. Қазір оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын үйрету, олардың бойына коммуникациялық қабілеттерді, командамен жұмыс істеуді, кез келген ортаға тез бейімделуді сіңіру маңызды. Үшіншіден, мектептің тәрбие ошағы екенін ұмытпауымыз керек. Адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, мейірімділік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді жас буынның санасына сіңіруде мектептердің рөлін арттырған абзал»,  деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста педагогтердің құзыреттерін арттыру, білім беру бағдарламалары мен оқыту әдістемелерін кеңейту, ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және жас ғалымдарға зерттеулер жүргізу бағытында қолдау көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.

«Ұлттық мүдде» диалог алаңының басқосуында  сенаторлармен қатар Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Maqsut Narikbayev University Басқарма Төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» Басқарма Төрағасының орынбасары Айдана Шілібекова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, «Bilim Media Group» директоры Рауан Кенжеханұлы, «IQanat» қорының академиялық директоры Зухра Шегенова, PISA зерттеулері бойынша ұлттық жобалық менеджер, «Талдау мектебі» жобасының қатысушысы Ризагүл Сыздықбаева сынды   сарапшылар пікір айтты.