Заң • 27 Ақпан, 2024

Қазақстанда жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша заңға толықтырулар енгізілді

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанда жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша заңға толықтырулар енгізілді

Фото: syrboyi.kz

Бұл құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Түзетулер 5 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер, Орман кодекстеріне енгізілді.

Түзетулердің бірінші блогы жекелеген адамдардың малын жаюға арналған жайылымдық алқаптардың тапшылығын жоюға бағытталған.

Осы мақсатта Жер кодексіне және «Жайылымдар туралы» Заңға жайылымдардың жаңа түрі, яғни «қоғамдық жайылымдар» ұғымы енгізілді. Қоғамдық жайылымдар тек жергілікті тұрғындардың малын жаюға пайдаланылады. Олар жалға берілмейді.

Қоғамдық жайылымға жатпайтын жайылымдардың жалға берілуі және шабындық үшін пайдаланылуы мүмкін.

Қоғамдық жайылымдарды, сондай-ақ жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынды. Мал шаруашылығы және мал жаю үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану нормасынан (5 жылға) конкурссыз жер алу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл мақсаттар үшін жер конкурстық тәртіппен ғана беріледі.

Ормандардың ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану үшін орман/табиғатты қорғау мекемелері жыл сайын әкімдіктерді бос емес және бос алаңдардың нақты орындарын көрсете отырып, шөп шабуға және мал жаюға болатын орман қорының учаскелері туралы хабардар етеді.

Түзетулердің екінші блогы жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды әзірлеу және бекіту жөніндегі талаптарды жаңартты.

Түзетулердің үшінші блогы жайылымдардың деградациясы мен шөлейттенуіне, сондай-ақ оларды суландыруға қарсы күрес тетіктерін күшейтті.

Атап айтқанда, жайылымдардың жай-күйін қалпына келтіру және жақсарту үшін жайылымдарды геоботаникалық зерттеу, мониторингтеу, түгендеу және өзге де шаралар көзделген.

Жер пайдаланушылар мен меншік иелеріне топырақ құнарының жойылуына жол бермеу, жер түріне сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану міндеті енгізілді.