Қаржы • 28 Ақпан, 2024

Үкілі үштік: Үміт пен күдік

194 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында банк секторындағы негізгі мәселелердің бірі жоғары шоғырлану екенін атап өткен еді. «Сондықтан осы саладағы бәсекелестікті арттыру мақсатында шетелдік сенімді үш банкті елге тарту керек» деді. Содан бері 5 ай өтті.

Үкілі үштік: Үміт пен күдік

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қаржы нарығы бәсекеге дайын ба?

Нарық заңына енді ғана бейімде­ліп жат­қан біз емес, дамыған, алпауыт ел­дердің өзі өзге елдердің озық тәжіри­бесімен қаруланып, барлық сегментте интеграциялануға мүдделі. Біраз елде билбордтарда көздің жауын алатын «Coca-Cola», «Gucci», «Chanel», «Dior» жарнамасы ғана емес, UBS, «Bank of America», «JPMorgan», «BNP Paribas» сияқ­ты ірі банк атаулары да самсап тұр.

Шетелдік банктер біздің нарық үшін жаңалық емес. Кейінгі жиырма жыл­да олардың бірі келді, бірі кетті. Қазір бізде екінші деңгейлі 21 банк жұмыс істейді. 12 банкте шетел­дік акционерлердің үлесі бар. Басқа банк­терде шетел капиталының үлесі ай­тар­лықтай аз. Қазақстанның банк сек­торындағы шетелдік банктер негізінен сауда операцияларына немесе өз елінің компанияларына қызмет көрсетеді.

Сарапшылар үш банк келген жағ­дайда экономиканы қаржыландыру мөлшері мен банктер арасындағы бәсеке артады дейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ол банктердің Батыс Еуропа, Азия мен Таяу Шығыстан келу мүмкіндігі барын айтқан.

Қаржы сарапшыларының сөзінше, қаржы нарығын жаңа ойыншыларға бейімдеу үдерісі былтыр күзде бас­талды. Жаңа банк ашу талаптарының жеңілдеуі шетелдіктерге де қолайлы болуға тиіс. Бірақ күзден бері бізге жетіп жатқан ақпараттарда елге келеді деген үш банктің дерегі нақтыланған жоқ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов апта басында журналистермен кездескен кезде жекелеген шетелдік банктердің Қазақстанда еншілес ұйымдар немесе филиалдар ашуға деген ниеті қызығушылық немесе зерттеу деңгейінде екенін айтты. Әңгіме Шығыс Азия елдерінен, Оңтүстік Кореядан, Таяу Шығыстан, соның ішінде Қатардан, сондай-ақ Шығыс Еуропадан келген инвесторлар туралы болып отыр. Бірақ олардың ешқайсысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне әлі ресми ұсыныс түсірмеген.

Олжас Қизатовтың айтуынша, қаржы реттеушісі өз тарапынан бұл бағытта біраз дайындық жұмыстарын жүргізіп қойған. Шетелдік еншілес ұйымдар мен филиалдарды ашу талаптарын ырықтандыру бойынша заң жобасы дайындалды. Заңнамалық түзетулерді жақын арада парламентке енгізу жоспарда бар. Сондай-ақ шетелдік банктерді ашу кезінде ұсынылатын құжаттардың санын азайту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

«Біз бұл ақпараттың көпшілігін басқа әртүрлі көзден алуға болатынын көреміз. Тікелей емес, бір-бірін қайталайтын құжаттар жиі болатын. Аудит жүргізу барысында бұрын тіркеу кезінде талап етілетін елу құжаттың біразы қысқартылды. Қалай болғанда да, ірі халықаралық банктердің біздің нарыққа келгенін қалаймыз, олардың келуі банк секторының одан әрі сапалы өсуіне оң әсер етеді деп сенеміз», дейді Олжас Қизатов.

 

Банктердің экономикалық әлеуетке назары

Сарапшылар елге сенімді шетелдік банктерді тартқымыз келсе, бұл мәселеге байыппен қарау керектігін айтады. Тіпті дамыған елдердің қаржы сегменті ше­телдік ірі ойыншыларды ішкі нарыққа тарту арқылы банк секторын сауықтырып алғысы келеді. Мұнайдың табысқа немесе елдің рейтингіне кепілдік бермейтіні өткен жылдардан бастап байқала бас­тады.

вапр

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

«Ұлттық банк жанынан рейтинг­тік агенттіктердің дерегіндегі мәлі­мет­терді сыни тұрғыдан талдай алатын Сарапшылар кеңесін құру керек» деген пікір көптен айтылып жүр. Бұл банк ісін ілгерілетудің нақты бағдар­лама­сын белгілеуге және ел парла­мен­тіне заңнамалық өзгерістерге қатысты ұсы­ныстар жасауға мүмкіндік береді.

Белгілі қаржыгер Берлин Иришевтің баяндауынша, Батыс елдерінің ірі банк­терінің елге келуі тек бедел мәселесі емес, нақты капитал және ел экономикасына қосқан елеулі үлес тұрғысынан сипатталады.

«Бұл әрбір адам үшін, әсіресе қара­пайым халық үшін тиімді. «Батыс, ЕО елдерінің ірі банктерін елге әкелу қиын. Табысты қаржы институты абырой мен беделді бағалайды, өзіне ұсыныс біл­­дір­ген елдің нарығына шықпас бұ­­рын оны жан-жақты зерттейді. Шетел­дік банк­тер бірінші кезекте елдің экономикалық әлеуетіне назар аударады. Нарық заңы­нан алыс және болашағынан үміт күт­тірмейтін елдерге ақшасын сал­май­ды. Содан кейін құқықтық тұрақты­лыққа назар аударады. Олар басымдық беретін үшінші мәселе – бәсекелестік ортаның болуы. Билік пен бизнес бітеқайнасқан елдерге шетелдік банк­тер бармайды. 90-жылдардың екінші жартысында еншілес компанияларын ашқан көптеген Батыс ойыншысы ақыры қазақ нарығынан кетіп қалды. Демек оларға есік ашпастан бұрын өз елімізде көп нәрсені өзгерту қажет. Заңнамалық түзетулерден бастап адам психологиясына, мәдениетіне қатысты көзқарастар түбегейлі өзгеруі керек», дейді Б.Иришев.

Сарапшы Расул Рысмамбетовтің ай­туынша, екінші деңгейлі банктерді шетел­дік инвесторлардың қолына беру ар­қы­лы банк секторын шетелдік қаржы инс­ти­туттарымен интеграциялауға болады.

Тұтынушылық несиелендіру нарығы тұтастай алғанда «қызып кеткен», осы­ған байланысты оның одан әрі өсу мүм­­кіндіктері шектеулі. Қаржы ұйым­да­рының агрессивті маркетингі туралы әңгіме – жеке тақырып. Егер бұл мәселе реттелсе, тұтынушылық на­рық сабасына түседі. Корпоративтік сегментте сапалы қарыз алушылардың тап­шылығы байқалады, бұл – Қазақстан банк­терінің несие белсенділігін төменде­тетін фактор­лардың бірі. Мұның бәрі қисынсыз ақша-несие саясаты және реттеуші мен банктер арасындағы нақ­ты қарым-қатынас аясында болып жатыр. Мұндай жағдайда бізге сыртқы ойыншылардың қызығушылық танытуы екіталай, бірақ олардың кейбірі саяси себептерге байланысты келуі де мүмкін», дейді.

 

Қаржы институтына көмек керек

Бизнес өз жобасын өз күшімен қар­жыландыруға мүдделі емес. Банктік қаржыландырудың 75-80%-ы депозиттер арқылы қаржыландырылады. Банктердің басым көпшілігі делдал ретінде шетелден қарыз алып, экономиканы қаржыландыруға мүдделі емес. Бірақ сарапшының айтуынша, біздің нарықты шетелдік қаржы институты үшін тым жағымсыз сипатта дей алмаймыз. Ішкі нарықта шығар-шықпас жаны бар банктер де бар. Дегенмен инвесторлардың назары инвестициялық жағынан үміт күттіретін банктерге ауып тұр.

«Bereke Bank-ті қатарлық инвестор­лар­дың басқаруына беру туралы әңгіме жүріп жатыр. Jusan Bank те инвесторлар үшін тартымды. Соңғы 20 жылда жаңа қаржы институты ашылған жоқ. Кейінгі толқын жаңа банк деп қабылдайтын банктердің басым көпшілігі тек атын өзгертті. Себебі елде ескі иелерінің құ­пиясын сақтап отырған банктер бар. Банктерді жабу – қиын үдеріс. Жа­былу қарсаңында тұрған банктерді шетел­діктердің басқаруына ұсынып, сауық­тырып алуға мүмкіндік беру керек. Шағын және орта бизнеске квазисек­тордағы қаржы институты емес, кәдімгі банк керек. ШОБ банктер үшін пісіп-жетілді. Бірақ нарықта ауылға немесе ШОБ-қа бағытталған банк жоқ. Жаңа ойыншыларды бөлшек сауда керек етпе­генімен, корпоративтік несиелеу тұрғы­сынан қажет болып тұр. Бұл ретте бізге аймақты, нарықты, менталитетті жақ­сы түсінетін, Қазақстанға ұқсас эко­но­микадан шыққан шағын банктер керек шығар. Тек Қатар ғана емес, Индо­незия, Малайзия, Үндістан және Шығыс Еуропа елдерінен шыққан банктер қажет», дейді сарапшы.

 

Банк секторының сын сағаты

Сарапшылардың пікірінше, тұтыну­шылық несие бойынша қарыздың жоға­­ры деңгейі банктердің бас ауруына айналып тұр. Дүниежүзілік банктің мәлі­метінше, тұтынушылық қарыз елдің қаржылық тұрақтылығына қауіп төнді­ретін сыни деңгейге жетіп қалды. Бұл банктердің стратегияларын қайта қарау­ға және ШОБ субъектілеріне деген көз­қарасын өзгертуге мәжбүрлеп жатыр. Шетелдік банктерді тарту бә­секе­лес­тікті арттыруға, қызмет көрсету­ді жақ­сартуды ынталандыруға және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін екені айтылып қалады.

Мемлекет шынымен жаңа инвес­торды күтіп, банкке қатысты қыруар жұмыс атқарды. Базалық мөлшерлеме 14,75 пайызға дейін төмендеді, жылдың екінші жарты жылдығында екінші деңгейлі банк несиесі де төмендейді деген болжам бар. Алдағы он жылдың еліміздің қаржы секторы үшін қандай көкжиектер ашатынын уақыт көрсетеді. Әзірге ресми ақпарат емес, болжам басым. Біз елге келуден үміті бар шетелдік банктердің ШОБ-тың және клиенттің, ең бастысы экономиканың мүмкіндігіне қарай бейімделгенін қалаймыз.

 

АЛМАТЫ