«Конгресс холл» кешенінде өткен фотокөрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тарихы өткен ғасырдан басталатын газеттің маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Ұлтымыздың біртуар арыстары қалам тербеген тарихи басылым бүгінде игі істердің, жетістіктердің жаршысы болып келеді. Газеттің 100 жылдығы аясында ауқымды, тағылымы мол іс-шараларды көптеп өткізу жоспарланып отыр. Биыл осынау мереке аясында жыл көлемінде облыстық, республикалық деңгейде бірқатар іс-шараны өткіземіз», деді Бейсен Дәулетұлы. Ал «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан басылымның ғасырлық тарихына тоқталды. Фотокөрменің мән-маңызы жайлы әңгімеледі. «Тұнба бастауын «Ақ жол» газетінен алатын бұл басылымды шығаруға Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлов секілді ұлт қайраткерлері атсалысып, халық мүддесін көздейтін мақалалары мен шығармаларын жариялап отырған. Одан беріде қазақ руханиятының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған бұл газетте Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Арыстанов, Бейсенбай Кенжебаев сынды біртуар тұлғалардың қаламының табы қалған. Өткен ғасырдың елуінші-сексенінші жылдары аралығында да «Оңтүстік Қазақстан» газеті өз мұратынан айнымай, кеңестік цензураға қарамай салт-дәстүрімізді, тарихымызды, тілімізді, ділімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу, руханиятымызды сақтап қалу жолында талмай қызмет етті. Газетке сол жылдары редакторлық жасаған, редакцияда қызмет еткен аға буын өкілдерінің барлығы осы жолда тер төгіп, ұлт үшін қызмет етті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де газет сол соқпақты әрі қарай жалғастырып, егемен еліміздің саяси тұрақтылығын сақтау, облыс экономикасы мен мәдениетін дамыту жолында маңызды рөл атқарып келеді», деді Абай Бекназарұлы.
Фотокөрмеде басылымның әр жылдардағы тарихы фотосуреттер арқылы көрермен назарына ұсынылып отыр. Мұнда тек редакция ұжымының ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірдің тарихында өзіндік орны бар тұлғаларды табуға болады. Сондай-ақ көрмеге «Оңтүстік Қазақстан» газетінің фототілшісі Қайсар Шерімнің жеке шығармашылығынан алынған туындылар да қойылған.
ТҮРКІСТАН