Қылмыс • 29 Ақпан, 2024

Дәніккеннен құныққан жаман

187 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мал ұрлығына берілетін жаза қатайып, бұрын екі жақтың келісімімен немесе малдың құнын төлеумен, айыппұл салынумен ұрының «басынан сипап» қоя салатын жазалар қатайды. Жеңіл жазаның ұрлықты тыймай, керісінше өрістететініне талай рет көз жетті.

Дәніккеннен құныққан жаман

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Жазаның қатайғандығының арқа­сында былтыр елімізде мал ұрлығы 2022 жылмен салыстырғанда 16,3 па­йызға азайды. ІІМ Криминалдық поли­ция департаменті басқарма бас­шы­сының орынбасары Жандос Ба­тыр­бековтің мәлімдеуінше, былтыр ел аумағында 8,5 мыңнан аса мал ұрланып, оның жартысы табылған. «Алайда мал ұрлығын кәнігі кәсіп жасап алғандар әлі де қарапайым халық­қа зиянын тигізіп отыр», дейді ол. Мал­дың сақталуын қамтамасыз ету үшін ІІМ бастамасымен жергілікті атқа­ру­шы органдар өңірлердің ерекшелік­те­рін ескере отырып, мал жаю қағида­ла­рын әзірлеп, бекітті.

Қазір Қылмыстық кодексте «Мал ұр­лығы» деген жеке бап қарасты­рыл­ған, ондағы ең жоғары жаза – мүлік­ті тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру. Осы қылмыстың білік­тілік белгісін ауыр қылмыстар сана­тына ауыстыру арқылы бірнеше рет мал ұрлағандарға, үй-жайға басып кіргендерге жаза қатаңдатылды. Бұл жәбірленушілермен татуласу арқылы ұрылардың жазадан жалтарып кетпеуіне және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге мүмкіндік берді. Заңда жеке адам қораға түсіп мал ұрласа 5 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру көзделген, егер топ болып алдын ала сөз байласып, ірі мөлшерде ұрлық жасаса, жаза 7 жылға дейін беріледі. Ал бірнеше рет қораға немесе қоймаға бұзып кіргені үшін берілетін жаза – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.

Бірақ «ұрыда ұят жоқ», мал ұрлығы әлі де азаймай отыр. Өткенде Солтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығымен айналысқан топтың қылмысы әшкере болды. 18 бен 25 жас аралығындағы Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылының 7 жігіті бір жазда көршілес Шал ақын мен Есіл ауданында тұратын ауыл тұрғындарының қораларына түсіп, 10 рет мал ұрлаған.

Алдымен 2023 жылдың 3 шілде­сінде Шал ақын ауданының Кеңес ауы­лына жеті түнде келіп, бір тұрғынның қо­ра­сынан екі қойын ұрлап кеткен. Екі қой­дың бағасы 120 мың теңгедей, мал иесіне осынша шығын келтірілген. Ара­да 10 күн өткенде екі жігіт аралары­на тағы бір серіктерін қосып алып, Бір­лік ауылында тұратын Ұ.Сұлтанның қора­сынан 5 қойды ұрлап кеткен. Мал иесіне келтірілген шығын – 480 мың теңге.

«Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, алғашқы екі «жорықтарын­да» ұсталмаған ұрылар дандайсып, арада 5 күн өткенде Еңбек ауылындағы А.Бапашевтың қорасынан бір қойды ұрлап кетеді. Сөйтіп, мал иесіне 45 мың теңгенің шығынын келтіреді. 21 шіл­деде ұрылар қастарына тағы бір жігітті қосып алып, Бірлік ауылының тұрғыны С.Хамзиннің қорасынан алты қойды ұрлап әкетеді. Бұл жолы ұрылар мал иесіне 370 мың теңге зиян келтіреді.

31 шілдеде ұрылар түнгі жортуыл алаңын кеңейтіп, Есілмен көршілес Мамлют ауданындағы Токаревка ауылына соғып, Д.Фролов деген тұрғынның қамауда тұрған бес қойын басып алып кетеді. Келтірілген шығын көлемі – 750 мың теңге.

Ұрылар тобы 8 тамызда Бірлік ­ауылында тұратын Б.Сыламқазының қорасын торуылдап, 144 мың теңгеге бағаланған екі қойын қолды қылады. Ал 10 тамызда араларына тағы қос серігін алып, екі көлікпен Б.Сыламқазының үйіне келіп, оның қорасынан үш қойды қолды қылады. Алайда мұны місе тұт­паған әккілер көрші М.Хамзин дегеннің ауласынан бір қойды қоса алып кетпек болады. Малдың аяғын байлап тастап, қалғанын ұстауға ұмтылғанда үріккен қойлар қашаны бұзып шығып, аулаға қашады. Қойдың дүбірімен үрген иттер­дің даусынан қорқып қалған ұры­лар көліктеріне отырып қашпақшы бол­ған. Алайда шырт ұйқыда жатқан үй иелерінің далаға шыққан дыбысы білінбеген соң тағы үш қойды ұстап алып, тайып тұрған. Келтірілген зиян – 432 мың теңге.

Қылмыстық топтың әбден кәнігі­леніп әрі дандайсып кеткені сонша­лық, олар әр бес күн сайын жортуылдарын жалғастырып отырған. 13 тамызда олар Қаратал ауылына соғып, Н.Арыстанбаповтың ауласынан екі қойды ұрлап кеткен. Қайта айналып соғатын қасқырлар тобы ұқсап, ұрылар 14 тамызда Еңбек ауылына қайта соғып, А.Зәкіриянова деген әйелдің қорасынан бір қой, Жақыпова деген әйелдің қашасынан бір қой ұрлап, екі тұрғынға 60 мыңнан 120 мың теңге зиян келтіреді.

Ауылдағы ағайынның қорасына түсіп жүрген ұрылардың бәрінің де айна­лысатын заңды шаруалары бары белгілі болып отыр. Біреуі тіпті кітапха­нашы болып жұмыс істеген. Бәрінің де орта және ортадан жоғары білімдері бар. Алайда қанағатсыздық оларды ұрлыққа итермелеп, біреудің несібесіне қол сұғатын, қылмыстық, арам жолға салған. Оңай жолмен келген табыс жалғаса береді деп ойласа керек, тіпті сақтықты да ұмытқан. Бірақ халық «Ұрлық түбі – қорлық» дегенді бекер айтпаған, қазір олардың бәрі көздері бозарып, жастық өмірінің отты күндерін темір тордың ар жағында өткізіп жатыр.

2023 жылдың 23 желтоқсанында Есіл аудандық соты қылмыстық топ­тың төрт мүшесін Қылмыстық кодекс­тің 188-1-бабының 3-бөлімі «Мал ұр­лау» бойынша 6 жылға соттады. Қалған­дарын да осы баппен 5 жылдан бас бос­тандығынан айырды.

Жуырда Қылмыстық істер жөніндегі об­лыстық сот алқасы Солтүстік Қазақ­стан облысы сотының төрағасы Ербол Жан­ғазиннің төрағалығымен Есіл аудан­­дық сотының үкіміне жазылған ша­ғым-арызды қарап, үкімді өзгеріссіз қал­­дырды. Сөйтіп, үкім заңды күшіне енді.

Бұрын мұндай жағдайда жапа шегу­шімен келісім болса, келтірілген зиян қалпына келтірілсе, сот шартты немесе басқа түрлі жазалар беретін. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл «жеңілдіктердің» ұрлықты тыюға, қылмысты жоюға әсері аз екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы