Павлодардың Усолка және Затон шағын аудандарындағы 1 200 оқушыға арналған білім шаңырағының құрылысы биыл басталуы тиіс. Әуелі ғимаратты ауданның өзінде тұрғызу жоспарланған екен. Бірақ ол жерде бос орын табылмай, әкімдіктегілер білім беру саласына жауапты ұйымдармен ақылдаса келе, Ертіс өзенінің дәл жағасынан саламыз деп ұйғарған. Ол үшін былтыр кеме жөндеу зауытын өзге жерге көшірмекші болып, үлкен шу шыққан еді. Бұл туралы өткен жылдың қараша айында газетімізде «Қос кәсіпорынға қауіп төніп тұр» деген мақала да жариялаған едік. Ақыр-соңы қоғам өкілдерінің араласуымен кеме жөндеу зауыты орнында қалдырылды. Одан кейінгі нұсқа – Затон шағын ауданындағы 48 жер үйді сүріп тастап, сол жерге тұрғызу еді. Бірақ үй иелерімен келісу, сатып алу көп уақытты алатын болғандықтан, шенеуніктер ол идеядан да бас тартты. Ең соңында жергілікті әкімдік «Қазақ зағиптар қоғамының» Павлодардағы филиалы тұрған жерге саламыз деген байламға келді.
Өткен аптада облысқа жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл мәселеге көңіл аударып, әкімдіктің жоспарымен танысты.
«Облыс басшылығы зағиптар қоғамы үшін өзге жерден жаңа ғимарат беріліп, тігін цехы үшін жаңа тігін машинкалары сатып әперілетінін айтып отыр. Әрі қазіргі кешенге жақын тұратын жандарды жаңа орынға тегін тасымалдайтын автобус ұйымдастырылады. Меніңше, бұл қолайлы жағдай. Аталған кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Ал жаңадан салынатын мектептің қызығын 1 200 оқушы көретін болады», деді Светлана Жақыпова бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің сөзінше, Усолка мен Затон шағын аудандарындағы оқушылар орнының жетіспеушілігі мың жарымның үстінде. Кейінгі үш жылда оқушылар саны еселеп артып, жаңа мектеп салу жобасын тездетуді қажет етіп отыр.
ПАВЛОДАР