Экономика • 29 Ақпан, 2024

Тауар таңбалау талабы

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тауар таңбалау ісін жолға қоюдың арқасында кейінгі бес жылда Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ елдері (ЕАЭО) арасындағы контрабандалық тауар айналымы 30%-ға төмен­деген. Мамандар міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін көлеңкелі айналымның үле­сі азайғандығын, өндірушілер мен импорттаушылар үшін бірнеше млрд теңге қаражатында қосымша өткізу нарығын құруға мүмкіндік бар екенін айтады.

Тауар таңбалау талабы

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология ко­ми­те­ті­нің (ТРМК) төрағасы Қуаныш Елікбаевтың сөзінше, таңбалаудың басты мақ­­саты – халықты жалған өнімнен қор­ғап, көлең­келі бизнестің жүруіне және контра­фак­ті­ге тойтарыс беру.

«Тауарларға цифрлық сәйкестендіруді жүргізу арқылы нарықтық экономикада көлеңкелі сауданың рөлін азайтып, заңды айналымның артуына мүмкіндік жасалады. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп қана қоймай, әділ өндірушілер мен импорттаушылардың жұмысындағы кедергі азаяр еді», дейді.

Бұл сонымен қатар тұтынушыларға да пайдалы әрі бюджетке түсетін салық көле­мі де көбейеді. Қазіргі күні салалық мем­лекеттік органдармен және таңбалау операторымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бақылау-сәйкестендіру бел­гі­­лерін өтеусіз беру мәселелері жүзеге асы­рыл­ған. Тауарларды таңбалау арқылы тұ­тынушылардың құқығын қорғау тиісті дең­гейде жүргізіліп отыр.

Қаржы министрлігінің дерегінше, ішкі айналымнан 30 млрд теңгеден астам соманың контрафактілік тауары әшкерленген. ТРМК хабарлауынша, заң бұзған 130-ға жуық компания жауапкершілікке тартылып, оларға 66 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Жалпы, елімізде міндетті цифрлы таңба­лау бірінші кезекте темекі өнімдері мен тері бұйым­дарына жүр­гі­зіл­ді. Өткен жылы аяқкиімге міндетті таңбалау қолға алынып, бір жұбына таңбалау шығыны орташа есеппен ірі сатылымда – 19,9 теңгені (0,2%), орта сатылымда – 49,5 теңгені (0,5%) және шағын саты­лымда 37,3 теңгені (0,4%) құраған. 2019-2021 жылдар аралығында дәрілік заттарды таңбалау жө­нінде қанатқақты жоба қолданысқа енгізілді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 қара­ша­дан бастап аяқкиімді таңбалау талаптары енгі­зіл­­ген­нен кейін 3,7 мың қатысушы тауар өн­ді­­ру­­ші­­ле­рі Тауарларды таңбалау және қа­да­­ғалап отырудың ақпараттық жүйесінде тір­келген. Бұл кедендік төлемдер мен қо­сымша құн салығы (ҚҚС) түсімдерін 2021 жылғы 7,8 млрд теңгеден 2023 жылы 30,7 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Ірі экспорттаушылар Қазақстанның талаптарын қабылдап, өздерінің орын алған келеңсіз жайттарына дер кезінде түзетулер енгізді. Қытай мен Өзбекстанның заңды жеткізушілері аяқкиімге таңбалау кодын тегін қолдануға және барлық қажетті ақпаратты беруге да­йын екен­дерін білдірген. Осыған қарағанда, жүйе мемлекетке ғана емес, бизнес өкілдері мен тұтынушыларға да тиімділік танытып отыр деуге болады.

 Биыл бірінші жартыжылдықта елімізде зергерлік бұйымдарды міндетті цифрлық таңбалауға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бүгінде еліміздегі заңды түрде жұмыс істейтін отандық өндірушілердің зер­гер­лік бұйымдар айналымының үлесі өте аз, бар болғаны 2%-ды құрайды екен.

«Мемлекет жыл сайын миллиондаған салықты жоғалтады. Жүздеген мың тұтыну­шы күмәнді сападағы зергерлік бұйымдарды сатып алады», дейді Қазақстан зергерлері лигасының жетекшісі Қайсар Жұмағалиев.

Сарапшының айтуынша, отандық өнді­ріс­те мұндай жағдай осыдан он жыл бұрын зергерлік өнеркәсібін лицензиялау жүйесі жойылғаннан кейін орын алған. Бастапқыда бұл идея бизнеске кедергілерді азайтуды көз­­­­де­генімен, кейінірек Ресей, Түркия, Қытай мен Қырғызстан елінің контра­бан­да­лық өнімдері ішкі нарықты басып алды. Ал салаға мемлекеттік бақылау толы­ғымен жо­йыл­ған.

Алдын ала есептеулер бойынша, қазір елімізде айы­на 300 мыңға дейін өнім өндіретін 10-15 ірі жерас­ты зергерлік цехы жұмыс істейді. Белгісіз шикізаттан жасалған алтын бұйымдар Ресей, Түркия және зергерлік брендтердің атын жамылып сатылып жатқан көрінеді. Әлбетте, мұндай шалағай сатылым заңды жұмыс істейтін кәсіпкерлерге кедергі келтіреді. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, кейінгі екі жылда елі­мізде зергерлік бұйымдардың өнеркәсіптік өндірісі тоқырауға ұшырап, секторда нақты мәнде өнім өндіру 0,8%-ға, былтыр тағы да 17,8%-ға азайған.

2023 жылы еліміздің зергерлік өнер­кә­­сі­бі бар болғаны 1,2 млрд теңгенің (2,6 млн дол­­­лар­­дан сәл асады) өнімін өндіріпті. Бұл – елі­­міз­ге әке­лінетін им­порт өнімдерінің құнынан онда­ған есе аз көрсеткіш.

Мемлекеттік кірістер комитетінің был­тырғы есеп­те­ріне қарағанда, елге заңды түрде 152,5 млн долларға түрлі зергерлік бұйым, тағы 35,7 млн долларға сәндік зер­герлік бұйым әкелінген. Өнеркәсіп және құ­рылыс министрлігінің мәліметінше, әлі күнге дейін таңбаланбаған зергерлік бұйымдардың қалдықтарын сатуға рұқсат бар. Таңбалаудың жаңа талаптары күшіне енгеннен кейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­ке өзгерістер енгізу жоспарда тұр. Ендігі жерде елімізде арнайы коды жоқ «зергерлік бұйымдарды» сатқандар жауапкершілікке тартылады.