Көрме • 29 Ақпан, 2024

Қас қағым сәт

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде талантты мүсінші Данияр Сарбасов ERKINDIK атты алғашқы жеке шығармашылық көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Көрменің атауы суретші үшін шығармашылық еркіндіктің, ой еркіндігінің маңыздылығын көрсететін терең мазмұнға ие. Сондай-ақ көрме атауына негіз болған «Еркіндік» мүсінінде бір арнаға тоғысқан тұлпар мен бүркіттің біртұтас бейнесі еркін қалықтап, осы сезімді ұғынуға жетелейді.

Қас қағым сәт

«Шабыт» жастар фестивалінің Гран-при иегері, халықаралық «Turan» сый­лығының лауреаты Д.Сарбасовтың ұғы­мындағы жылқы мен қыран құс – кешегі көшпелілердің көзі, бүгінгі дала символы. Жас болса да, тарихи және ани­­малистік жанрдағы шағын және мо­нументалды мүсіндердің авторы атанып үл­герген Данияр Сарбасовтың шы­ғарма­шылық ізденісі түрлі бағыты қам­­тиды. Көрмеге мүсіншінің

им

2013–2023 жылдар аралығында сомдаған отызға жуық туындысы қойылды. Бір қарағанда, көрмеге келген адам өзін үйір жылқының ортасында қалғандай немесе топтанған құстың шоғыры ішінде жүргендей сезінеді. Автордың сүйікті тақырыптарының біріне айналған жылқы – оның шығармаларының негізгі элементі. Мүсіншінің сәйгүліктер та­қырыбына сүйіспеншілігі толассыз ша­быттың арқауы бәйге жылқысы мен асау тұлпардан, Ақан серінің Құлагері мен мифтік жаратылысқа дейін қанатты пырақ түрлі қырынан интерпретацияланады.

иммт

Оның мүсіндеуіндегі арғымақтар кең даланың төсінде желмен жарысып, бауыры жазылып шауып келе жатқандай немесе құс сипатына еніп, қанат байлап көкке шаншыла қарғығандай, кейде тіпті аламан бәйгенің алдында оқ бойы озып келе жатып, омақаса құлап, қиналып жатқандай күрделі қозғалыста бейнеленеді. Автордың өзі айтқандай: «Ең қиыны – жылқының қимыл-қозғалысын көрсету. Мүсіншіге оның шашасына шаң жұқтырмай, көз ілеспес жылдамдықпен самғаған сәтін қармап қалу оңай емес. Уақыт өте келе осы бір қас қағым сәтті сезім ретінде сомдау керегін түсіндім. Жыл­қыны сомдаудағы басты ұстанымым адамға ауысқанда, ол да осы ырғақпен бір­тұтас көрінеді, ерікті, еркін жаратылыс иесі табиғаттың сыңары болып сомдалады».

им

«Даниярдың қазақ халқының қымбат қазынасының бірінен саналатын тұлпар бейнесін қастерлеп, жан-жануарлар әлемін бейнелеуге құштарлығы осы тақырыпта түрлі композиция жасап, анималист-мүсінші ретінде танылуына жол ашты. Сақ мәдениетін терең зерттеуінің нәтижесінде уақыт пен ке­ңістікті жалғастыратын желмая ту­ын­­дылары өмірге келді. Олардың қа­тарында дербес көркемдік шешіммен, пластикалық пішінімен ерекшеленетін «Ро­мантик», «Кербұғы» және «Тал­пыныс» шығармаларында елеусіз ұсақ бөлшекке дейін назар аудара отырып, аң стилінің ерекшелігін айқындайды.

мио

«Туған жер» композициясы ішкі ырғағы мол өзгеше пішінмен мазмұндалса, «Жошы хан» мүсіні – портреттік және анималистік жанр­лардың жарқын үйлесіміне жақсы мысал бола алады. Тарихи тақы­рыптағы осы композицияның басты кейіпкері – жылқының тізгінін ұстаған ер адам, батыр Жошының көркем бейнесі. Тұлпардың тұрпаты, оның тұрған кейпі, мінезі аса шынайы дәлдікпен сомдалған. «Құлагер», «Жүйрік ат», «Талпыныс» сынды шығармаларында мүсінші түрлі материалдармен жұмыс жасаудың шебері екенін көрсетеді. Қола және қалайы сияқты құрамы әртүрлі екі материалды нағыз кәсіби шебер ғана үйлестіре алады», дейді көрме жетекшісі Самал Мамытова.

 

АЛМАТЫ