Қоғам • 01 Наурыз, 2024

Ауыл баласына – IT тарту

105 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Цифрландыру үдерісі елімізде қарқынды жүріп жатыр десек те, біршама олқылықтың бары белгілі. Мысалы, «+1 Илон Маск» жобасы жүргізген сауалнама нәтижесінде 196 мың ауыл баласында компьютер жоқ. Осы қайырымдылық қорының басы-қасында жүрген еріктілер қазірдің өзінде 166 ноутбукті ауыл жеткіншектеріне табыстап, жоқты жонып тауып отыр.

Ауыл баласына – IT тарту

Ауыл оқушыларына ноутбук сыйға тартатын тағылымды жоба 2022 жылдың қыркүйегінде белгілі бола бастады. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин қолдап, бұл істің маңызды екенін де айтқан болатын. Жоба авторы – «Кazdream» холдингінің негізін қалаушы Дәурен Төлебаев. Бұл жердегі басты міндет – ауыл­да оқитын оқушыларды мүм­кіндігінше компьютермен қам­та­масыз ету. Үдеріс қалай жү­реді? Еріктілер қажетсіз қал­ған, бірақ іске жарайтын ноут­буктерді қайта қалпына кел­тіріп, мұқтаж балаларға береді. Әр ком­пьютерге электрон­ды кітап­тар, презентациялар, мақа­лалар, бейнесабақтар жүк­теледі. Оларды желісіз пай­да­лануға болады. Техника сөм­ке, жаңа тінтуір мен қуаттау құрыл­ғысы­мен беріледі. Осы игі іске сыр­тынан қарағанда «әйтеуір жоқ­тан бар­дың қамы ғой» деген ой келуі мүмкін. Десе де мүмкіндігін пай­да­лана алмай, тасада қалған қаншама талантты баланың жолын ашатынын ойласақ, көңілге шуақ ұялайды.

– Бір ноутбук – цифрлық да­муға қаланатын бір кірпіш. Әр сыйланған ноутбук – үлкен бір белеске бастайтын қадам. Осы балалар ішінен елімізді өрге сүйреп, ғылыми жаңалық ашатын немесе цифрлық әлеуетімізді көтеретін маман шығады деп сенеміз. Неліктен «+1 Илон Маск»? И.Маск – әлемді жақсы жаққа өзгерткен, технологияда табысқа жеткен тұлға. Ноут­бук­ті алған балалардың бірі осы жолмен жүріп, қазақтан да Илон Маск шығады деген үмітіміз бар. Біз өз мысалымызда жас та, кәсіби шеберлік те, табыс деңгейі де маңызды емес екенін көрсетеміз. Тек көмектесуге деген ұмтылыс маңызды. Ісіміздің бәрі автоматтандырылған. Қайы­рым­дылықты ұялы телефон ар­қылы жасауға, өтінімді онлайн тапсыруға және қордың қаты­су­шысы болуға болады, – деген ұсыныс айтты жоба еріктісі Абылай Исин.

Көбіне қорға ескі ноутбуктер түседі. Оны жөндеуге ұзақ уақыт пен қаражат бөлу керек екені белгілі. Мысалы, осыған дейін 166 бірлік техниканы беру үшін 400-ден астам ноутбук қабылданған. Тіпті кейде қалпына келтіруге болмайтын, балаға мүлдем пайдасы тимейтін модельдер түскен. Осының бәрін ескере отырып, 2023 жылдың жазында олар жобаның сайтын CRM-ге біріктірді. Барлық үдерістің стандартын жасады. Жөндеушілер мен логистер жүйеге қосылды. Бәрінің нақты рөлдері пайда болды. Сайтта кесте түрінде база бар, онда әр ноутбуктің жолы көрінеді. WhatsApp, Telegram, SMS-орталықпен интеграция бар. Ноутбукті сыйға тартқандардың барлығына техника жөндеуге бола ма, кімге тапсырылғаны туралы есеп беріледі.

– Ай сайын берілетін ноутбук санын 1 мыңға дейін арттыруға ниет бар. Бірақ біз оны ұзақ уақыт бойы тексергендіктен, әлі де жоғары деңгейге жеткен жоқпыз. Ноутбук жинау жұ­мыс­тарын бастаған кезде әртүрлі мәсе­лені анықтай бастадық. Мысалы, логистиканы түзеуге біршама уақыт қажет болды. Кейде Шымкенттен келген ноутбук Астанаға беріліп, содан кейін біз оны қайтадан Шым­кенттегі оқушыға берген кезіміз болды. Осы олқы­лық­тар­ды дұрыстадық, – дейді Д.Төлебаев.

Үдеріс ұғынықты болу үшін бір мысал келтірейін. Идея ав­торы Данияр Төлебаевқа сегіз пай­даланылған ноутбук сый­ланған. Ол оны қорға берген. Сосын «Сіздің ноутбугіңіз қа­был­данды, жіберуге дайын» деген мәтіні бар сегіз SMS келген. Солай сыйлыққа келген сегіз компьютер сегіз балаға та­быс­талған. Жақында жоба жұмы­сына өзгерістер енгізу жос­парда бар. Соңың бірі – әр баланы сыйлықпен бірге суретке түсіру. Қайырымдылық жасау­шы біраз уақыттан кейін сол сурет­пен қатар хабарлама-есеп алады. Бұл тек көңілдегі күдікті сейілтіп қана қоймай, тиімділікті де арттырады. Егер осы үдерістің барлығы реттеліп, цифрландырылса, жоба біраз ауыл баласын қанаттандырар еді.

– Ескерер бір күрделі жайт бар. Бастапқыда біз компьютерлік техниканы қайта өңдеумен айналысатын компания құрғымыз келді. Оны қабылдап, балаларға тарату үшін. Содан кейін мұның заңсыз екенін білдік. Одан соң мемлекеттік ұйымдардан қа­жетсіз техникаларды сұрасақ де­ген ой келді. Бұл да мүмкін емес болып шықты. Өйткені олар бәрін есептен шығаруға және жоюға міндетті. Бұл бақыланады. Ынтымақтастыққа дайын компаниялар бар. Бағдат Мусин келгенде көптеген ұйымға ескі ноутбуктерді бізге беруді тапсырды. Бірақ заңды түрде оны ешкім ресімдей алмады. Алайда Мусин бізге пиар тұрғысынан көмектесті. Біздің сенімді қор екенімізді растады. Енді мен онымен бірге түскен суретті көрсетіп, министр бізді қолдады деп айта аламын. Дегенмен де біз басқа жүйеге келуіміз керек. Бірақ қандай екенін әлі білмеймін, – деді мәселе көтеріп Дәурен.

Ноутбук кімдерге беріледі? Жобаның бұл жағы аздап ақсап тұр. Себебі осы істі жүйе­леп, нағыз мұқтаж балаларды таң­дайтын арнайы адам жоқ. Жоба жетекшісі Динара Шәжімбаева өзі мектептерге қоңырау шалып «Ноутбуктер керек пе?» деп сұрап отырады. Көбіне сенімсіздік пен түсінбестіктің кесірінен бастамалары мақұлданбай қалады. Мектептер оқушыларының техникамен қамтамасыз етілуіне мүдделі екенін ескерсек, бұл әрекеттері қисынға келмейді. Таңғаласың. Оның себебін идея авторы түсіндіріп берді: «Себебі – бюрократия. Көбі білім басқармасынан ресми хат сұрайды. Олар бізге күдікпен қарайды. Тіпті «Кazdream» бренді де көмектеспейді. Біз туралы тек Астана мен Алматыда ғана біледі. Содан кейін негізінен IT саласының мамандарының ғана хабары бар». Барлық директор игі ұсынысқа келісе бер­мейді. Өйткені еріктілер отба­сы­ның қаржылық жағдайын растайтын құжаттарды талап етеді. Ата-аналар анықтама бер­гісі келмейді. Ноутбукті кім кө­рін­ген алмай, шынымен мұқ­таж бала алуы маңызды болған­дықтан, олар нақты дерек­терді талап етеді.

Жақында қымбат «MacBook Pro» ауыл баласына тарту етілді. Әдетте еріктілер техника­ны мұқ­таж отбасыларға ешбір таң­даусыз таратады. Бірақ макбуктың жайы басқаша болды. Бұрынғы иесі оны ең ақылды балаға беруді сұраған. Еріктілер мектепке барып, мұғалімнен ең қабілетті және талапты оқушы кім екенін сұраған және сол балаға берген. Осы жерде бір қызық оқиға болған. Ноутбук алғанына қуан­ған бала шаттанғаны сонша сыйлығын алып, сыртқа қарай жүгіре жөнелген. Бұл қылығына аң-таң болған еріктілер оның артынан барса, атасымен бірге мотоциклге отырып, тауға қарай бет алған. Сөйтсе, ең ақылды бала шопанның немересі болып шыққан.

– Бұл балаларда ноутбук­тер­дің болмауы ғана емес, интернетке қатысты мәселелер де бар. Біз мұны да ескереміз. Тіпті әрбір екінші ноутбук OLX-тен сатылып кетуі мүмкін. Әрине, біз олардың не көріп жатқанын, не істеп жатқанын бақылай алмаймыз. Біздің міндетіміз – жинау және беру. Бірақ менің ойым­­ша, оннан тоғызы тек ойындар ойна­са да, әйтеуір біреуі болса да ілім үйренеді. Оның өзі – жақсы нәтиже. Өйткені ол болашақта бағдарламашы, ғалым немесе кәсіпкер бола алады. Бірде ноут­буктер мектеп-интернатқа бе­рілді. Онда орта мектеп оқу­шылары IT курстарында оқиды. Бір қыз «анам сіздерге алғыс айтуды өтінді», деді де жылап жіберді. Бұған тереңірек қарасақ, көп дүние ұғуға болады. Техника алуға мүмкіндігі жоқ, бірақ көкейінде қаншама арманы бар балалар бар. Ол қыз да – солардың бірі. Кейде ауыл балаларына техника беруден басқа, тағы қалай көмектесуге болады деп ойланамын, – дейді жанашыр кәсіпкер.

Жоба ізгілікке толы болса да, көп кедергіге тап болды.Еріктілер ауылдық жерде біз білмейтін көп шындыққа көздері жеткен. Олар ауыл-ауылға барып цифр­ландыру туралы сөйлескенде, көбі қабылдай алмай, біртүрлі қарайтын көрінеді. Әрине, ноут­­бук – жай ғана мүмкіндік. Ел қамын ойлап жүрген еріктілер тегін Starlink-ті орнатуға да қарсы емес. Бағдарламалық шешім­дерге көмектесуге дайын. Ескі ноутбуктерді қай ауылдың қай баласына жеткізеді деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ жүргізілген зерт­теу­­лерге сүйенсек, елімізде есептен шығарылған барлық компьютер мұқтаж балаларға қарағанда көп. Арғы жағын өзіңіз ойлана беріңіз.