Сұхбат • 29 Ақпан, 2024

Абзал Мұхитдин, дирижер: Классикалық музыканы тыңдауға дайындық керек

203 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Елордалық басылымда жүргенде «Астана Опера» театрының айтулы дирижері, белгілі музыкант Абзал ағамыз туралы жазып едім. Содан бері де сырғып біраз жыл өтті. Бірақ ол кісі соны ұмытпапты. Көргенде жылы шырай танытып, ілтипат көрсетті. Осы жақындық бүгінгі әңгімемізге себеп болып, бірден шүйіркелесіп кеттік.

Абзал Мұхитдин, дирижер: Классикалық музыканы тыңдауға дайындық керек

– Абзал Мирасбекұлы, кез келген өнердің қиындығы мен қызығы бар. Соның ішінде дирижерлік өнер құпияға толы секілді. Жалпы, дирижерлік қабілет адамға қона ма, әлде ол оқу-тоқумен келе ме?

 – Сіз айтып отырған екі пікірмен де келісемін. Адам тумысынан бір өнерге бейім болатыны анық. Егер оны есейе келіп, дамытса, талантын ұштаса, соның биігіне шығады. Дирижерлік өнерде солай. Бірақ кәсіби дирижер болу үшін талант, қабілет қана емес, ұшан-теңіз білім керек. Талмай еңбектену қажет. Өйткені оның жауапкершілігі жоғары.

Жалпы, музыка мен математика – бір-біріне өте жақын сала. Өйткені музыка да математика секілді нақтылықты ұнатады. Нота – музыканттардың заңы. Мұн­да бәрі анық жазылған. Мысалы, ер ән­шінің дауысы үш түрге бөлінеді: біріншісі – тенор, екіншісі – баритон, үшіншісі – бас. Тенор – әншінің ең жоғары дауысы. Музыкалық талғамы жоғары елдер тенорларды ерекше баға­лайды. Әйел әншілердің де дауысы үш түрге бөлінеді. Мұны дауыс­тың ерек­ше­лігі деп білеміз. Сол секілді му­зы­ка­лық дыбыстар да әртүрлі болады. Оркестр­­дің дыбысын толығымен дири­жер ғана біледі. Сонымен бірге ол ән­ші­нің дауысын оркестрмен әр­леп, бояу қосады. Бір жағынан мен дирижерді көк­тегі қыранға теңер едім. Өйткені қыран биіктен жердегінің бәрін көреді. Дири­жер де солай. Мысалы, музыкант өзі ой­най­тын партиясын ғана білсе, дири­жер оркестрдегі әр аспаптың дыбы­­сын сезінеді. Дирижер ағылшын тілі­нен аударғанда «кондуктор» деген ма­ғы­на береді. Қазақша айтқанда, жол­басшы, жетекші деген ұғымға жа­қын. Өйт­кені дирижер композитор­дың шы­ғармасын жүрегінен өткізіп, ба­йы­тады. Музыканттармен тіл тауып, сөй­леседі. Кез келген мәселені тез ше­шеді. Бейнелеп айтсам, дирижердің миы ком­пьютер секілді жұмыс істейді. Оны ғы­лымда психофизика дейді. Мұн­­дай қабілет көп адамның бойында жоқ. Өзім ди­рижерді ғарышкерге ұқса­тамын. Өйт­кені олар ғарыш кеңістігінен жердегі құбылыстың барлығын карта арқылы көреді. Біздің картамыз – партитура.

Музыкада соло және тутти деген ұғым бар. Солода әнші туын­ды­­­сын жеке дауыста айтса, туттиде шы­­ғар­­маны оркестр немесе хор­дың то­лық құра­мымен орындайды. Мәсе­лен, ди­рижер оркестрдегі әр музы­ка­лық аспаптың балансын ұстайды. Әр зат­тың өлшемі бар ғой. Сол секілді му­зы­каның да өлшемі бар. Үйлесімі болады. Мұның бәрі – мектеп. Бірден оны білу мүмкін емес. Бұл еңбекпен, тәжірибемен келеді. Репетицияда біз музыканттармен сөйлесеміз, ескерту жа­саймыз. Концерт басталғанда ондай мүмкіндік болмайды. Енді дирижер қимылмен, таяқшамен жұмыс істейді. Тіпті музыканттармен көзбен тіл қатысады. Жалпы, дирижерлердің дең­гейі әртүрлі болады. Біреуінің тех­никасы жылдам болса, екіншісінің шығармашылық шеберлігі жоғары.

– Өзіңіз бала күніңізден дирижер болуды армандадыңыз ба?

– Жоқ, мен композитор болсам деп армандадым. Өйткені жас күнім­нен өнерге жақын болдым. Музыка­лық мектепте оқыдым. Сол мақсатпен ауыл­дан Алматыға келдім. Музыка­лық училищенің «хор» бөліміне түстім. Бірінші курста алғаш рет симфо­ния­лық оркестрдің концертін көріп, ғажап әсер алдым. Әсіресе оркестр дирижері Төлепберген Әбдірәшев­тің сахнадағы қимылы ерекше ұнады. «Сондай дирижер болсам» деп ойладым. Училищеде «хор» және «вокал» бөлімінде қатар оқыдым. Төртінші курста ұстаздарым «Дирижерлік пен вокалдың бірін таңда» деген ұсыныс айтқанда, бірден дирижерлікті қала­дым. Одан соң әскерге кеттім. Әскерде де оркестрге дирижерлік етіп, біраз тәжірибе жинадым. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін Мәскеудегі Чайковский атын­дағы консерваторияның опера-сим­фониялық бөліміне түскім келді. Бірақ Мәскеу консерваториясына түсуге жо­ғары білім керек екен. Менікі арнаулы орта. Амал жоқ, Алматыға келіп, қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның «Хор» бөліміне түсіп, белгілі дирижер Базарғали Жа­ман­баевтың класына қабылдандым. Ол мені алғаш көргенде: «Бала, сені оркестр отыратын орыннан көріп тұр­мын. Мықты дирижер болам десең, шет тілін меңгер. Оны білмесең алысқа бар­майсың. Сосын жадыңмен жұмыс істеп үйрен», деп Пушкиннің «Е.Онегин» романын жаттауға берді. Екі жылдан кейін консерваторияда опера-сим­фониялық бөлім ашылып, соған қосым­ша тағы түсіп, бас-аяғы аталған оқу орнында сегіз жыл оқыдым.

– Осы өнердің қыр-сырын үйрет­кен ұстаздарыңызға тоқ­талсаңыз?

– Консерваторияда сабақ берген Базарғали Жаманбаев ағамыздан көп тәлім алдым. Мен үшін ол кісінің орны бөлек. Теориялық білімімді жетілдіріп, өнерімді ұштады. Тәжірибемді молайтты. Одан кейін де Нұрлан Жарасов, Валерий Руттер секілді танымал дирижерлерден дәріс тыңдадым. В.Руттер Германияаға кетіп бара жатқанда ма­ған біраз дүние үйретті. Сондай-ақ ұстаздарымның ішінде өзім ерекше қадірлейтін тағы бір тұлға бар. Ол – атақты дирижер Фуат Шәкірұлы Ман­сұров. Бұл кісінің есімі елімізге ғана емес, көптеген шет мемлекетке танымал. Ф.Мансұровтың қазақ өне­ріне қосқан үлесі мол. Алматыдағы сим­фониялық оркестрдің негізін қалады. Біраз жыл қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дирижерлік етті. Қазақ мем­лекеттік симфониялық оркестрінің бас дирижері болды. Осы оркестрмен Италия, Германия, Польша және тағы басқа елдерде өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің мерейін өсірді. Кейін Мәскеудегі Үлкен театрының дирижері болып, ұзақ жыл қызмет атқарды. Өте талантты адам. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Спорт шебері. Сонымен бірге физика және математика ғылымдарының канди­даты. Фуат Шәкірұлымен соңғы рет Ресей­дегі Зеленоград қаласында кездес­тім. Сонда ол маған өзінің жетекшілігін­дегі оркестрге дирижерлік етуді ұсын­ды. Жеңіс мерекесінің қарсаңы еді. Біз қала тұрғындарына «Прощание славянки» маршын ойнадық. Музыка аяқталғаннан кейін даңқты дирижер сахнаға шығып: «Бала күнімде оркестрмен Алматыда Панфилов дивизиясын әскерге шығарып салдық. Сонда осы маршты ойнадық. Одан бері қаншама жыл өтті. Әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Мәскеуді жау­дан қорғаған Панфиловшылар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бүгін сол маршты тағы тыңдап, толқып тұрмын.Сіздердің алдарыңызда оркестрге менің шәкіртім дирижерлік етті», деп батасын берді. Содан көп ұзамай ол кісі дүниеден озды.

– Еліміздегі дирижерлік мектеп туралы не айтасыз?

– Дирижерлік мектептің тарихы өткен ғасырдан басталады. Көрнекті ком­позитор, өнер зерттеушісі Ахмет Жұбанов 1934 жылы алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ан­самблі­нің негізінде Қазақ ұлттық халық ор­кестрін ұйымдастырды. Ол осы ұжым­­­ның тұңғыш дирижері ретінде көп­­­теген халық композиторының туын­­ды­ларын оркестрге лайықтап, но­таға тү­сірді. Сондықтан отандық ди­ри­­жер­лік мек­тептің басында Ахмет Жұбанов тұр­ғаны анық. Сондай-ақ осы қатарға ал­ғашқы қазақ операсын жазған компо­зитор Евгений Брусиловский­ді де қосуға болады. 50-жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас дирижері КСРО халық әртісі Исидор Зак болды. Бұл кісі де осы мектептің қалыптасуы­на зор еңбек сіңірді. Бұдан кейін бел­гілі дирижер, профессор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Базарғали Жаманбаев, дирижер Қазақстанның халық әртісі Төлепбер­ген Әбдірәшев секілді ағаларымыз отандық дирижерлік мектепті одан әрі дамытты. Шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі жастар арасында дарынды дирижерлер жетерлік. Олардың есімдері де елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танылып үлгерді. Соған қарап біздің дирижерлік мектептің іргетасы мығым қаланған деп есептеймін. Жалпы, дирижер – бірегей маман. Сондықтан ол көп болмайды.

– Әлемдік деңгейдегі даңқты музыканттармен жұмыс істеп жүрсіз. Жалпы, олардан не үйрендіңіз?

– Мысалы, әр дирижердің музыкант­тармен жұмыс істеу тәсілі бөлек. Со­ның жақсысы болса, алып, кемшілігі болса, қайталамауға тырысасың. Өнер саласында біраз жылдан бері жүр­мін. Әлемге танымал көптеген музыкантпен, дирижермен өнер көрсеттім. Солар­дың әрқайсының мен үшін орны бөлек. Өйткені солардың өнерін көріп, шеберлігімді шыңдай түстім. Мәселен, атақты италиялық дирижер, ұзақ жылдар «Ла Скала» театрының көркемдік жетекшісі болған Риккардо Мути мен атақты дирижер Клаудио Аббадоны өнерсүйер қауым жақсы біледі. Бұл кісілердің өнері ғана емес, азаматтығы да керемет. Адамгершілігі биік тұлғалар. Осы атақты тұлғалармен қатар өнер көрсете жүріп, тәжірибем молайды. Сондай-ақ ресейлік дарынды дирижер Валерий Гергиевті де айтуға болады. Өз саласының нағыз майталманы. Осы дирижерден де біраз дүние алдым. Өткен жылы жазда театр оркестрі гастрольдік сапармен Италияға бар­ды. Сонда біздің ұжым италиялық дирижермен жұмыс істеді. Ол енді хирург секілді шығармадағы әр детальға, штрих­қа ерекше мән береді екен. Мен үшін бұл да тәжірибе болды.

– Біраз отандық композитордың опералық шығармасын қайта өңдеп, сахнаға шығардыңыз...

– Ертеде Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсын жазғанда оған бір әріп­тесі: «Евгений Григорьевич, әншіге өте жо­ғары дауысты жазбаңыз, мен оны қа­лай ойнайтынын білмеймін», депті. Бұл қиын кезең еді ғой. Опера және балет ­театры енді ашылған. Кә­сіби музы­канттар санаулы. Театрға ел арасынан шық­қан әншілер ғана қабылданды. Мәселен, «Қыз Жібек» партиясын алғаш орын­даған Күләш Байсейітованың дауысы керемет. Бірақ кәсіби музыкалық білімі жоқ. Сон­дықтан 1-2 жоғары дауыстағы пар­тия­ны орындау әншілерге қиындық туғыз­ды. Мәселен, Джакомо Пуччини­дің операсында 2-3 октава да бар. Сон­дықтан «Қыз Жібек» операсында айты­латын Жібектің ариясын жоғары және төменгі нотолармен байытып, түр­лендірдім. Бұл Жібектің вокалдық шебер­лігін ария деңгейінде көрсетті. Жо­ғары нотада орындау үшін әнші еңбек­тенуі керек. Математика секілді опе­ралық шығармаларда да стандарт бар.

Опера және балет қойылымдары музыкаға ғана емес, оқиғаны күрде­лен­діретін драмаға құрылған. Мы­­салы, маған балетмейстер келіп, «Қойы­лым­ның мына жерінде музыка аз, соған көбірек музыка қосу керек», деп айтады. Мен оны автордың сонымен үн­десетін басқа шығармасынан алып, енгіземін. Қазір біз көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың жүз­жылдығына байланысты «Айсұлу» операсын дайындап жатырмыз. Бұл шығармаға да режиссер екеуміз ақыл­дасып, кішкене өзгеріс енгіздік. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында «Қоянды» базарының көрінісі жерден сахнаға көтерілгенше музыка ойнап тұруы қажет. Біз оны Төлебаев­тың басқа шығармасынан алдық. Жалпы, бұрын жазылған опералық шы­ғармалардың бүгінгі көзқараспен қара­ғанда толықтыратын, жаңартатын тұс­тары бар екені анық. Мысалы, кино бір рет қана түсіріледі. Ал театр­да сахналанған әрбір спектакльді жаңа туынды деуге болады. Өйт­кені қойылым сахналанған сайын әртіс­тер­дің шеберлігі артып, шыңдала түседі.

– «Астана Опера» театрында отан­дық туындылар аз қойылады деп айтады. Бұған не дейсіз?

– Шынымды айтсам, елордадағы ­опера театрында ел композиторлары­ның сүйекті шығармалары сирек қо­йылады деп айта алмаймын. Бізде опера жанры кенже дамыды. Бірақ соған қарамастан композиторлар тың­нан түрен салып, біраз опера жазды. Оның дені сахналанды. Қазір шетелдік көрермендер «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» операларын өте жақсы біледі. Операның отаны – Италия. Осы елдің опералық туындылары әлемнің кез келген театрында қойылады. Өйт­кені опера қойылуы керек. Сондай заң­дылығы бар. Мәселен, опера әншісі өз партиясын орындағанда төменгі нотамен бастап, жоғары нотаны алады. Сонда дауысқа ешқандай зиян болмайды. Айталық, «Біржан-Сара» опера­сында Біржан сахнаға шыққаннан ке­йін ­2 минутта бірден жоғары нотаны ала­ды. Одан кейін қайтып, төменгі нота­ға түседі. Бұл әншіге қиын. Сондық­тан біз Біржанды «шаһид» дейміз. Дәл осындай кейіппен сахнаға «Біржан» партиясын орындайтын опера әншісі төрт рет сахнаға шықса, ол жарты жыл демалуы керек. М.Төлебаев бұл операны драматургия жағынан солай жазған. Опера мамандары мұның вокалдық қиыншылық туғызатынын айтады. Сондықтан «Біржан-Сара» операсы үш айда бір рет қана сахналанады. Осы аралықта басты партияны орындайтын әнші демалып, дауысын қалыпқа келтіреді. «Абай» операсы да солай.

Біз мүмкіндігінше отандық шығар­маларды сахналауға күш саламыз. Бұған дейін көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсын қойдық. Жұртшылық жылы қабылдады. Тағы басқа да композиторлардың туын­дыларын сахнаға шығардық.Биыл Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлуы» мен Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» операсын әзірлеп жатырмыз. «Астана Опера» айына жоқ дегенде екі ұлттық операны тыңдарманға тарту етсе, бұл аз емес дер едім.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын бір сұхбатыңызда әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз туралы опера жазып жатырмын депсіз. Соны аяқтадыңыз ба?

– Әлі аяқтаған жоқпын. Ол үшін барлық жұмысты тастап, алаңсыз оты­ру керек. Бірақ ондай мүмкіндік болмай тұр. Негізі опера жазу қиын. Инемен құдық қазған секілді. Шет­елдерде операны тапсырыспен жаздыртады. Атақты композиторлардың өзі опера жазу үшін 3-4 жыл тапжыл­май жұмыс істеген. Мысалы, бір операны жазуға 10-20 жыл уақытын арнаған композиторларды білемін. Егер мемлекет композиторларға сүйекті шығарма жазуға қаржылай грант бөліп, қолдау көрсетсе, жақсы болар еді.

– Классикалық музыканы тың­дағанда адам бойын билеп әкететін бір сиқырлы күш бар. Оның сыры неде деп ойлайсыз?

– Классикалық музыканың тың­дар­манға берері мол. Бір симфония кем дегенде 40 минут орындалады. Ол адамды сол уақыт бойы ойланды­рады. Музыкалық шығарманың маз­мұнынан қоғам мен уақыт бейнесін сезіне аласыз. Бірақ оны түсіну керек. Сондықтан көрермен классикалық кон­цертке келер алдында сонда ойналатын шығармалардың авторымен, туындыларымен танысып алғаны жөн. Бір жағынан, классикалық музыка жаппай көпшілікке арналмаған. Ғылымда оның адам денсаулығына пайдасы зор екені дәлелденген. Музыка адам психологиясын қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ онда жүрек қағысына әсер ететін ритм бар. Сонымен жүректі емдеуге болады. Адам уайымға батып, қиналып жүргенде симфония тың­даса, содан жол тауып шығуға мүм­кіндік береді. Мәселен, жапондар клас­сикалық музыкаға тәжірибе жасап көрген. Олар Моцарт пен Бетховеннің шығармалары ойналғанда стақанға су құйып, сол мезетте оны тоңазытқыш­қа қойған. Сонда стақандағы суға көр­кем суреттің бейнесі шыққан. Ал рок музыканы қойғанда стақандағы сурет қисық көрінген. Өткен жолы «Біржан-Сара» операсында ақынның «Теміртас» әні орындалғанда көрермендер жы­лап отырды. Осы сәт маған қатты әсер етті. Егер адам жыласа, ол әлі адамдық қасиетін жоғалтпағаны. Өйткені қазір адам жаны қатыгезденіп барады. Кейде екі-үш сағат таза табиғат аясында серуендеп, үйге келгенде жаның сергіп қалады ғой. Классикалық музыканы тың­дағанда сондай әсер аласыз. Қыс­қасы, классикалық музыканы тыңдауға көрерменнің дайындығы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan»