Руханият • 29 Ақпан, 2024

Абыздың жыр жинағы

182 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақтың көркемсөз өнерінде өшпестей із қалдырып, әдебиеттің барлық жанрында бірегей шығармалар жазған Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев мұрасының бір саласы – оның поэзиялық шығармалары. Әдебиетке қадамын өлеңмен бастап, 1962 жылы «Алтын шуақ» атты жыр жинағын шығарған қаламгер алдымен ақын ретінде таны­лып, оқырманның көңілінен шықты. Сыншылар мен ғалымдар жоғары баға­сын берді. Кейін прозаға бет бұрып, көптеген әңгіме-повесть, «Аңыздың ақы­ры», «Үркер», «Елең-алаң» секілді тамаша романдарды дүниеге әкелді. Пуб­ли­цистикалық, танымдық-зерттеу еңбектерін ­жазды. Аударма саласына да елеулі үлес қосып, көптеген әлемдік классиктерді қазақ тілінде сөйлетті. Тәуел­сіздік кезеңінің айтулы шығармасы «Абылай хан» тарихи-драмалық дас­танын жазды.

Абыздың жыр жинағы

«Алтын шуақтан» кейін араға отыз алты жыл салып, 1999 жылы қаламгердің «Дүние ғапыл» деп аталатын екінші жыр кітабы жарық көрді. Оған автордың әр жылдары жазған өлеңдері енген. Демек жазушы поэзиядан біржола қол үзіп кетпей, ғұмыр бойы өлеңмен тілдесіп, әр кездегі көңілін тербеген, ой-санасына әсер еткен жайларды ақынның өрнекті тілімен, поэзияның нәзік иірімдерімен жазып жүргенін көреміз. «Алтын шуақ­та» ақынның жас шағында, негізінен студенттік кезінде жазған балаң жырлары жарық көрсе, «Дүние ғапыл» – қалыптасқан қаламгердің парасатты ойларымен суарылған, өмірден көргені мен түйгені мол ақынның адам мен қоғам сырларына терең бойлап, тебіреніспен ой қозғайтын сыршыл да сыншыл жырларының жинағы. Кітаптың «Көне дәптерден (1959–1969)» және «Жаңа дәптерден (1980–1999)» деп аталатын екі тарауы айналасы отыз жылдай уақытты қамтитын, әртүрлі тақырыпты қозғап, дүние бейнесіне түрлі ракурстан көз жіберетін ойлы жырлардан тұрады.

Ақындық тұлға – өмір бойы адамзат пен ұлт алдындағы азамат­тық парызын айқын түсініп, поэ­зияға адалдығын сақтап өтетін айрықша қабі­лет иесі. Өйткені поэзия адам­дық болмыстың ең жоғары құн­дылықтарын ұлықтап, оқырман санасына көркемдікпен егуді мақ­сат тұтады. «Поэзия – Жа­рат­­қан иенің әманда жал­ғыз­дық торындағы пенде­лерімен пейілдессін, пікірлессін деп әдейі жаратқан ақ қанат періштесі», деп Ә.Кекілбаевтың өзі айт­қан­дай, ақындық қасиет қонған жан адамдық туын жоғары ұстап, Жаратқанның парыз артқан періш­тесіндей адам баласына ғұмыр бойы рухани қызмет етіп өтпек.

«Әбіш Кекілбайұлы – талант! Үлкен талант! Ал нағыз талант – бәрінен бұрын ақын. Әбіш әдебиетке өлеңдетіп келді. Мұнысы заңды еді. Егер тумыс­тан ақын болмаса, сан қырлы – әрі саңлақ суреткер, әрі ғұлама ойшыл, әрі сұңғыла шешен, әрі көреген көсем болмас еді. Осылардың бәрінің төркіні ақындықта жатыр», деп академик З.Қабдолов айтқандай, шынында да, поэзия Ә.Кекілбаев талантының поэтикалық алтын арқауы десек болады. Өйткені қай жанрда жазса да, қандай тақырыпты сөз етсе де, жазушының көркем мәнері өмір шындығын кеңінен қамтып, жинақтай пайымдайтын ауқымдылығымен, тере­ңі­не тартатын ойшылдығымен, сыршыл да сыншыл сипатымен, ырғақты-ұйқасты мақамымен ерекшеленеді. Суреткер қолтаң­басындағы ақындық мәнер-мақам – Ә.Кекілбаевтың даралық стилін айқындаушы факторлардың бірі.

«Алтын шуақ» пен «Дүние ғапыл» жинақтарындағы өлең­дері кейін қа­лам­гердің көптом­дық­тарына енді. Он екі томдық (1999, «Өлке»; 2019, «Жазу­шы») және жиырма томдық (2010, «Жазу­шы»; 2019, «Мереке») шығармалар жинақ­та­рында сол екі кітаптағы өлеңдер қай­­­та­­ланып басылып келеді. Алайда одан кейінгі түрлі басылымда жария­ланған және үстел дәптеріне жазып қалдырған ақынның біраз өлеңі тұтас жинақталмағандықтан, оқыр­ман қауымға беймәлім болып қа­лып отыр. Осыған орай Ә.Кекіл­баевтың ақындық шығар­ма­шылығын оқырман қауымға толықтыра ұсынудың қажеттілігі көрінеді.

Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасы жан-жақты зерттелуде. Оның шығар­машылығына деген ғылыми қызығу­шы­лық суреткердің көзі тірі кезінде басталып, көптеген еңбек жазылды, диссертациялар қорғалды. Ғалым-зерт­теушілер мен қаламгерлер мақа­лаларын тұрақты жария­лап келеді. Сол жақсы үрдіс қа­зір заңды жалғас­тығын тауып, «Әбіштану» атты кең арналы ғылыми сала­ға ұласты. Жазу­шы­ның әдеби мұра­сының әр қыры­нан, жаңа ғылыми парадигма мен теориялық-көркемдік талдау тұр­ғы­сынан зерделене беретіні сөзсіз.

Ғылым және жоғары білім министр­лігі Ғылым комитеті қаржы­лан­дыратын ғылыми жоба аясындағы ізденіс жұмы­сымыздың нәтижесінде суреткердің бұрынғы жинақ­та­рына енбеген және еш жерде жарияланбаған өлеңдері мен балладаларын топтастырып, ақынның үшін­ші жыр жинағын дайындап, оқыр­манға ұсыну бақытына ие болып отырмыз. Ол жинақ «Дәурен кешкен» деген атпен жақында ғана «Мазмұндама» қорының баспасынан 2000 дана таралыммен жарық көрді. Осы орайда ақынның өлеңдерін жинастыруға қолұшын берген жазушының немересі, қаламгер мұрасының қамқоршысы Абыл Әулетұлы Кекілбаев пен кітапты басып шығаруды өз мойнына алған «Мазмұндама» қорының жетекшісі Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан бауыр­лары­мызға алғыс айтамыз.

Суреткердің ірілі-ұсақты әрбір шығар­масы – оқырман үшін олжа, ғылым үшін құнды дерек. Ол қаламгердің шығар­ма­шы­лық зертханасын, шыңдалу эволюция­сы мен динамикасын зерделеу үшін де ма­ңызды. Сондықтан жазу­шының барлық туындысын жинақ­тап, оқырманға ұсыну – кезек күттірмейтін міндет. Тұлғатану мен мұратану, әдеби шығармашылықты зерт­теу саласында дереккөздердің мол­ды­ғы мен мейлінше толым­дылығы аса маңызды.

Абыз суреткер әдебиетке қада­мын өлеңмен бастап, өлең­мен аяқтапты. «Жан сырыңды тастау үшін ақтарып, Артық амал болушы ма ед өлеңнен», деп өзі жырлағандай, адамзаттың асыл ой теңізінен құныға сусындап, халқының арғы-бергі тарихы мен рухани қазынасын ұлықтап өткен, елінің тәуелсіздігін тіктеу мен халқының жасам­паздығын нықтау жолында қайраткерлігімен де, қалам­герлігімен де қызмет еткен ойшыл тұлға ғұмыр бойы өлеңмен сырласып, ойлы шумақтарын қағазға түсіріп отырыпты.

«Дәурен кешкен» деп аталатын бұл жаңа жинаққа ақынның ешбір жерде жарияланбаған және әр жылдары бас­па­сөзде жарық көргенімен, жинақ­тарына енбеген өлеңдері еніп отыр. Оқыр­ман қауым бұл кітапты ақынның үшін­ші жыр жинағы ретінде қабылдап, ұлт­тық әде­биетіміздегі орны бөлек көр­нек­ті сөз зергерінің мұрасын то­лық­­тыру ба­ғы­­тын­дағы қызмет деп бағаларына сенеміз.

Ә.Кекілбаевтың поэзиясы – дүние сырларын жіті бақылап, терең ұғыну­дан туған, өмір құбылыстарына сурет­керлік түйсік, ақындық жүрек, азамат­тық па­йыммен қараған жасампаз өнер­паздықтың поэзиясы. Балалық шағы соғыс жылда­рын­да өтіп, қазақ аулындағы ауыр кезең­нің небір қиыншылықтарын көрсе де, соғыс шыңдаған мыңда­ған замандастары секілді өмірге деген ынтызарлығы ал­дағы күнге үміт арту­мен жетілген ақын­ның өлеңдерінде өмірсүйгіштік пафос, оптимистік рух ұдайы жолбасшы бо­лып отырады.

Ақын өлеңдерінің тақырып­тары әр алуан, ол туған жер мен ата-ананың қадірін, табиғаттың жарастығын, өмірдің жар­қын сәттерін, жастықтың арман-аңса­рын, адам ғұмырының сан алуан құбы­лыстарын шабыттана жыр етеді. Ақын­ның лирикалық толғаныстары өмірдің әр мезетін көзден таса қылмай, әсерлі бей­не­леуге, одан философиялық ой түюге тырысады. Солардың бәрі, сайып келгенде, өмірдің мәнін па­йымдау дейтін ақын біткеннің мәңгілік миссия­сына жетелейді. Әдебиеттің міндетін терең пайымдап, жастайынан сөз өнеріне құмарлығын өмірлік парыз ретінде қалыптастырған қаламгер әдебиетке адал­дықты ғұмыр бойы жоғары ұс­тап өтті.

Сонау жетпісінші жылдардың басында жазған бір мақаласында: «Лирика – адам жанын, сол арқы­лы қоғам келбетін аса жіті ұғып, аса нәзік бейнелейтін ең бір сезім­тал өнер» (Кекілбаев Ә. Өлең көк­жиегі. Жұлдыз. №12, 1971.), деп баға­лапты. Оның өлеңдері сол кезден-ақ өмір көріністерін сырттай қызық­тамай, ішкі мәніне үңіліп, елеулі-елеусіз жайлардың қай-қайсынан да сыр аңдып, ақындық интуициямен оқырманның алдына жайып салады. Осы мақала­сында жазушы өнерді саясат­қа байлап, көркем­дік­тің құнын түсір­мек болған тұрпайы социо­ло­гиялық танымды, кеңес­­тік билік­тің идео­логиялық бағда­ры­ның кезең­дік құбылысын сын­шыл­дықпен бағамдаған. Өзі де ақын ретінде өлең­ді жаңа деңгейге шығарып, лири­каның сыршыл табиғатына жан бітіруге тырысты.

Шынайы лирикада ой мен сезім, қиял мен сурет, түйсік пен пайым астасып жатады. Солардың бәрі адам жанын сарсаңға салып, көңілін толқытар жағдай тудырса, ақынға тізгін ұстатар таяныш – пайымшыл ой болса керек. «Терең ойсыз поэзия өзінің азаматтық парызын ойдағыдай атқара алмайды», деп тұжырымдаған ақын ойшылдығы – қашанда азаматтық позициясының тірегі іспетті. Жас кезінде жазған өлең­дерінде алдағы ғұмырдың бұралаң да соқтықпалы жолын болжап, қан­дай нәрсеге де тек ой-сана арқы­лы көз жеткізіп, әрекет етудің қажеттігімен болашаққа бағ­дар жасайды. Есейген, егде тартқан шақтағы өлеңдерінде өмір-тір­шілікті метафоралық бейнелеу арқы­лы өмір мен өлім, тағдыр, төзім, үміт пен арман, бақыт сияқ­ты ұғымдардың мәніне ой жүгіртеді.

Ақын өмір ағынын түрлі метафоралық бейнелеудің көр­кемдік ракурсында қарастырып, оқырманның көз алдына елес­те­тетіндей, көңілімен табысатындай ыңғайда бейнелейді. Алайда ол оқырманға бейтаныс, жұмбақ құбылыс емес, қайта ақын ишаралаған жайттар оқырманның да өмір тәжірибесінен пайымдаған ішкі ойларымен табысып, ортақ тұжырымға жетелейді. Адамды алға жетелейтін арман-мақсат болса, сол жолда талай кедергілер мен қиындықтар, алданыштар мен адасулар, уайым мен үміт алма-кезек түсіп, астасып жатқан өмір жолындағы қым-қуыт құбылыстар өлең өрімінен көрініс табады.

Ә.Кекілбаев поэзиясын оның жалпы шығармашылығынан, соның ішінде прозасынан бөлек қарастыра алмаймыз. Жазушының талай шығармасына өзек болған тіршілік сырына бойлататын «өмір философиясы» прозасы мен драмасында бірде кейіпкер ойымен, бірде авторлық толғаныстармен, енді бірде ішкі монолог пен авторлық баяндау астасып жататын «сана ағымының» ыңғайымен пайымдалып отырса, поэ­зиясында ақындық интуиция адамның рухани дүниесіндегі түрлі нюансты жинақтай қамтып, жасампаздықпен толғайды.

Ақын шығармашылығындағы басты ұстын – адамгершілік пен азаматтық. Ол өмір құбы­лыс­тарын, адам тірлігін құр қызық­тамай, әр нәрсеге адамдық, аза­мат­тық позициядан ой жүгірте оты­рып, өмірсүйгіштік пен жасам­паз­дықтың тұрғысынан қарап тебі­реніспен жырлайды. Әр өлеңінен автордың суреткерлік көре­­гендігі мен азаматтық өре­сі­нің желі есіп тұрады. Ақынның лири­калық кейіпкері өмірге құш­тарлығымен, сон­дай-ақ ешнәр­сеге енжар қарай алмайтын елге­­зек­­тігімен, алаң­шыл­дығымен көрі­не­ді, ақындық бар болмысымен танылады.

Бір қарағанда, Ә.Кекіл­баев­тың кейбір өлеңдері ауыр оқы­ла­тындай көрінетіні бар. Ақын өлеңде жібектей есілген жеңіл ұйқас пен бірден түйсікке жететін тура түсініктерден гөрі оқырманды ойшылдықтың тереңіне жетелейтін ордамды ойларды қол көреді. Оның өлеңдеріндегі кейбір күрделі тіркестер, түсінікке ауыр тиетін айтылымдар соны меңзейді. Әсіресе кейінгі жылдары жазыл­ған өлеңдерінде қарапайым жай­ларды айтып отырғандай көрін­гені­мен, философиялық пайымға жетелейтін тұстары көбірек.

Ақынның біздер ұсынған жинақтағы бұрын жарияланбаған өлеңдері негізінен 2000–2010 жылдар аралығында жазы­лыпты. Бұл қаламгердің жоғары лауа­зымды қызметтерге белсене араласып, маңызды мемлекеттік істердің қызу ортасында жүрген жылдары болғаны белгілі. Бұл кезде жазған өлең-жырларының дені көңіл күй лири­касы болып келеді. Қолы қалт еткенде көңілдегі ойын көрікті өлеңге айналдырып, қағазға түсіріп отырған қаламгердің көңіл күй ауаны, ішкі сыры, өзі жан дүниесімен сезінген замана сипаты мен замандастарының аужайы айқын аңғарылады. Елінің болашағын ойлап, халқын сабыр мен бірлікке үндеп өткен жазушының жан дүниесіндегі алай-дүлей бұлқыныс та, замана жайын бажайлаған уайымы да, өмірдің ащысы мен тұщысын талмап, сенімі мен күмәні алма-кезек түсіп отырған алаң көңілі де сол тұстағы өлеңдерінің өзегін құрайды. Ойлы оқырман ақын өлеңдерін зерделесе, бұл жырлардан жүрек түкпіріндегі толғаныстары мен көңіл алаңын­дағы құбылыстарды ашық та, астарлап та өлеңмен өрген біраз жайтқа қаныға алады.

Ә.Кекілбайұлының парасатты поэзия­сы – жан дүниесінің сыры, жүрегінің лүпілі, азаматтық үні, астарлы ақиқаты. Ақын шуақ­ты жырлары арқылы уақыт межесін мойындамай, оқыр­ман­дарымен ұдайы тілдесіп отыр­мақ. Жылдарды көктей өтіп, өмір тынысы мен көңіл күйін жалпы адамзат проблемаларымен ортақтастыра толғайтын ақындық миссияның өміршеңдігі де осында. Демек ақын кестелеген ой мен сезім өрнектері – абыздан қалған аманат жырлар қашанда оқырманын табары сөзсіз.

 

Әділет ҚАБЫЛОВ,

Ш.Есенов университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты,

Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ,

докторант, профессор ассистенті

 

АҚТАУ