Қоғам • 29 Ақпан, 2024

TikТok жұлдызына айналды

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Керекулік бастауыш сынып мұғалімі Игорь Гноевой – TikTok-та танымал болған жастардың бірі. Оның аталған платформадағы логикалық жұмбақтары мен тапсырмалары 5 млн-нан аса қаралым жинаған.

TikТok жұлдызына айналды

Педагогтер мен оқушы­лар­­ға пайдалы лайфхактар­ды ұсын­ған оның бұл еңбегі жуық­та «Қазақстан мұғалімдері» бай­қауында топ жарды. Игорь бей­нероликтерінде маман­дығы­ның қаншалықты маңызды еке­нін және балалармен ортақ тіл таба білудің қажеттілігін көрсе­туге тырысқаны байқала­ды. Ма­манның пікірінше, оқу­шы­лардың белгілі бір пәнге қызығушылығы сабақтың, тап­сырмалардың қызық­ты берілуіне байланысты.

– Педагогика саласында 7,5 жылдай қызмет атқарып келе­мін. Бұл мамандыққа ойда жоқ­та келдім деуге болады. Ал­ға­шында неміс тілінің аудар­машысы мамандығына құжат тапсырғам. Кейін топта оқитындар аз болып, колледж бізді өзге мамандықтарға бөлді. Мен бастауыш сыныптарды оқытатын педагог бағытын таңдадым. Өзімді бастапқыда мұғалім ретінде көрсете алмайтын шығармын деп ойлайтынмын. Дейтұрғанмен, диплом алған соң облыс орталығындағы №40 мектепке жұмысқа тұруға бел байладым, – деп әңгімеледі жас педагог.

Игорь кішкентай балалардың оқуға зейінін арттыру үшін оқы­ту­дың небір формаларын қолданады екен. Көрнекі құрал­дар­дың ашық түсті әрі бояуы қанық болуы керек. Проектор арқылы презентациялар мен бейнежазбалар көрсетеді. Са­бақ­тың тақырыбын ауызша баян­дағанша, оны бейнелі түрде ұсын­ған әлдеқайда тиімді деп есеп­тейді. Балалар әр сабағына қызыға қатысады.

 – Алғашқыда сабақтарымды тал­дау үшін TikTok-та бейне­-ро­ликтер түсіре бастадым. Бала­лардың сабақ үстінде жауап бергенін сырттан бақы­лау – мен үшін маңызды еді. Себе­бі оларға ненің ұнап, ненің ұнама­ғанын экран арқылы көре ала­сың, әрі өз әрекетіңді бағалай­сың. Оқу­шыларымның ата-анала­ры­ның рұқсатымен бейнежаз­баларды платформаға орналас­тырған соң арада көп уақыт өтпей менің әдістемем, сабақ үстіндегі балалардың өзін өзі ұстауы, сыныптағы ахуалдың адам­дарға ұнайтынын байқадым. Әрі қарай да роликтерді салуды жалғастырдым. Сөйтіп, көпшілік пікір жаза бастады. Бола­шақ педагогтер, оқу орындарын бітіруші жас мамандар менің видеоларымнан өздері үшін жаңалық тапқанын айтып, хабар­ласып жатады. Мұндай сөз­дерді есту мен үшін қуаныш, – дейді Игорь.

Педагог-зерттеуші болашақта да өзінің қызметін мұғалімдік салада жалғастыра беретін ойы бар. Балалардың жағымды эмоциясын көру, олардың ой-қиялдарын дамытудан артық бақыт жоқ деп есептейді жас маман.

 

Павлодар облысы