Қаржы • 01 Наурыз, 2024

Базалық мөлшерлеме төмендеді

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк (ҰБ) базалық пайыздық мөлшерлемені 15,25%-дан 14,75%-ға төмендету туралы шешім қабылдады. Бұған жылдық инфля­цияның үш ай қатарынан баяулауы, әлемдік азық-түлік баға­сының төмендеуі және сыртқы инфляция динамикасы себеп болған.

Базалық мөлшерлеме төмендеді

Осыдан бір жыл бұрын инфляция жоғары мәнге жетіп, 21,03% -ға бір-ақ шыққан еді. Бұл қарапайым халық үшін оңайға соқ­пады. Сол кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өсі­ріп, қатаң ақша-несие саясатын ұс­тан­ды. 2022 жылдың соңында база­лық мөлшерлеме 16,75% болып бекітілді. Қатаң монетарлық сая­саттың арқасында қазір инфля­ция деңгейі 9,5%-ды құрап отыр. Осыдан екі жыл бұрын биз­нес қауымдастық, жекелеген сарапшылар, тіпті кейбір де­пу­таттар да базалық пайыз­дық мөл­шерлеменің қымбат­тауына қар­сылық білдіріп, бұл ел экономикасын құрдымға жібе­реді әрі несие алғысы келетін кәсіп­кер­лерге кедері келтіреді деп мәлім­де­ген болатын.

Сарапшылардың пікірінше, банк жоспарында базалық мөл­шер­леме одан әрі де төмендей түсуі тиіс. Өйткені біраз уақыттан бері инфляция бір таңбалы мәнге то­лық ауыс­ты деуге болады. Де­ген­­мен кез келген сәтте туын­дауы мүмкін тәуекелдерді санат­тан шығарып тастауға тағы бол­­майды. Жылдық инфляция бәсең­­дегенімен, айлық инфляция жо­ға­ры деңгейде қалыптасып отыр.

«Жылдық инфляцияның баяу­­­лауы біздің болжамымызбен сәйкес келіп жатыр. Оның орнық­ты бөлігіндегі көрсеткіштер әлі де жоғары. Экономикада про­ин­фляциялық факторлар сақ­та­лып отыр. Олардың арасында тұтынушылық сұраныс, фис­кал­дық ынталандыру және жоғары инфля­циялық күтулер бар», дейді Ұлт­тық банк төрағасы ТимурСү­лей­­менов.

ҰБ басшысының сөзінше, биыл­ға инфляция болжамы өзгер­ген жоқ. Баға 7,5-9,5% шегінде өсуі мүмкін.

«2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталды. 2026 жылы біздің бағалауымыз бойынша инфляция таргетке жақындап, 5-6% шегінде қалыптасады. Осы жылдың ақпан айында өткен жылғы жоғары база толық шыққанына және экономика ішінде баға қысымы факторлары­ның болуына байланысты ин­фля­цияның төмендеу қарқыны баяулайды. Ақша-кредит шарт­тарының ұстамды қатаң сипаты және сыртқы ортадағы баға өсу жағдайының одан әрі жақсаруы инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді», деді.

Айтуынша, Ұлттық банк бол­­­жа­мында бюджет саясаты пара­метрлерінің жеткіліксіз анық­тығы, ағымдағы фискалдық ынта­­ландыру, тұрақсыз инфля­ция­­лық күтулерге негізделген инфля­цияның орнықтылығы, сон­дай-ақ Қазақстанның негізгі сау­да-серіктестеріне қатысты санк­ция­лық қысымның ықтимал өсуі сияқ­ты тәуекелдер көрініс тауып отыр.

Тимур Сүлейменов: «Орта мер­зімде инфляция бойынша­ мақсатқа қол жеткізе ала­ты­нымызға сенімдіміз», дейді. Ол үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Осыған орай саясатты одан әрі жеңілдету мүмкіндігі де шектеулі болмақ. Өйткені ішкі сұраныс көрсеткіштерінде, инфляциялық күтулерде байқалатын үрдістер, сондай-ақ бюджет саясаты параметрлеріндегі және сыртқы жағдайдағы белгісіздік ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді.