Мереке • 01 Наурыз, 2024

Ынтымақ пен мейірім мерекесі

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алғыс айту күні – сан түрлі сынақтан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін танытатын тағылымды мереке. Ризашылық пен мейірім, бейбітшілік пен келісім үйлесім тапқан мерейлі мезет. Бұл мейрам елімізде 2016 жылдан бастап енгізілді. Сол жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісінде 1 наурыз Алғыс айту күні болып белгіленді.

Ынтымақ пен мейірім мерекесі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бейбітшілік пен татулық – адамзаттың асыл құнды­лық­тарының бірі. Адам баласы бүкіл саналы ғұмырында үнемі тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді арман етеді. Алыс-жақын ұлт-ұлыстармен, ағайын-туыспен, көрші-қоң­сы­мен тату-тәтті, бейбіт өмір сүруге ұмтылу – қазақ хал­қының қанына сіңген қасиет­те­рінің бірі. «Сырт көз – сыншы» деген, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, қонақжай, кеңпейіл, ешкімге жа­мандық ойламайтын, қас­көй­ліктен ада халық еке­нін, өз бетінше ешкімге ұрын­­баған, соғыс ашпаған ел еке­нін сүйсіне жазған.

Тарлан тарихтың тағы­лым­­ды тұстары аз емес. Ұшы-қиыр­­сыз қазақ даласы сан ға­сыр­лар сорабында өзіне сан алуан өркениет пен мәдениетті сі­ңірді. Бүгінгі Қазақ­стан – озық, жасампаз рухани және мәдени дәс­түрлердің мұрагері.

Ағайын арасында ауызбір­лік пен сыйластық салтанат құрса ғана қызмет өрісті, еңбек жемісті болатыны бесенеден белгілі. Ел бірлігі – барша демо­кра­тиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет құрудың айнымас шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, әлеуметтік ілге­­рілеуі, демо­кратиялық дамуы қоғам бірлігі келіс­кен жағдайда ғана жүзеге асады. Сол тұрғыда ел көлемінде бей­бітшілік пен ауызбірлікті көздің қарашығындай сақ­тап, оны әрі қарай нығайта беру – басты мақсатымыз.

Бүгінгі таңдағы елімізде қалып­тасқан этностар тұтас­тығы мен халықтар достығы арқасында көсегеміз көгеріп, егемен елі­міз орнықты даму жолына түсті. Ел ішін­де­гі ұлтаралық татулықты нығай­ту­да кон­стит­уциялық орган болып саналатын Қазақ­стан халқы Ассамблеясының орны ай­рық­ша екенін атап өткен жөн. Ассамблея – бей­біт­ші­лік пен келісімді тиімді на­си­­хаттау­шы қоғамдық инс­титутқа, этносаралық және кон­­фессияаралық толерант­ты­лық­тың отандық үлгісінің не­гі­зіне айналды.

Еліміздің халықаралық түр­­лі қауіпсіздік шараларына белсене қатысуы, бастамашы болуы, төрағалық етуі, сондай мазмұндағы түрлі форум, конференциялардың Астанада тұрақты өтуі – Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың конституциялық негіз­де жүр­гізіп отырған сали­қалы саясатының айқын көрі­ні­сі. Ұлтаралық келісім­ді қа­лып­тастыру, конфес­сияа­ра­­­лық диалогті жалғас­ты­ру үшін жағдайлар жасау – мем­ле­кеттің бұлжымас стра­те­гиялық бағдары. Ал бұл бағ­дар – халықтар мен діндер арасындағы бір-біріне деген сенім мен ынтымақтастың арта түсуі үшін алтын көпір.

Дүние дүрбелеңге түсіп жатқан қазір­гідей кезеңде бір­­­лі­­гіміздің беріктігі ғана баян­­ды болашаққа бастайты­нына көзіміз жетті. Қазақ­станның халқы өзгелер қызық­тай қарай­тын тыныштық пен тұрақтылықтың жемісін көріп отыр. Осы ретте әрбір отанда­сы­мызға артылар жауап­кер­шілік зор.

Қарға тамырлы халқы­мыз­ды, қазақ байтағын қасиетті қара­ша­ңы­раққа бала­сақ, елі­міз­­дегі барша этнос – сол шаңыраққа шаншылған уық­тар. Осының өзі этнос­ара­лық келі­сім мен достық қа­ты­­настың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сон­­дықтан қоғамда, әрбір отба­сында ке­лісім мә­дениеті мен бей­біт­шілік қағи­дат­тарын берік ор­нық­тыра беру керек.

Қазақстандағы этнос­ара­лық қатынас­тар­дың әлемдік қауым­дастық тара­пынан мо­йындалуы – ең алдымен, қазақ ұлтының жауапкершілігіндегі жетістік. Елдің эко­номикалық өсу, әлеуметтік игілік пен демократия – ұлттың тұтастығы мен берекесімен келетін жетіс­тік.

Алғыс айту күні – аға буын­­ға, ата-анаға,  ұстаздарға, сыйлас, сырлас, тағдырлас ізгі жандарға құрмет көрсететін, барлыққа, тірлікке тәубе айтатын тамаша мереке.

Көктемнің алғашқы атаулы күні ізгі іс­тер­ге негізделген қоғам қалыптастыруға, жү­йелі реформаларды нақты жүзеге асыру­ға тың серпін береді. Жер іргесі аман, ел іші тыныш болсын деп тілейік. Халқымыз береке-бірлігінен, ырыс-ынтымағынан айы­рылмасын.