Үкімет • 01 Наурыз, 2024

Кешенді тәсіл мен жүйелі шара

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұмысты қайта форматтау және өңірлердегі халықты жайы­лымдармен қамтамасыз ету Пайдаланылмай жатқан және заң бұзушылықпен берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссияның алдында 2024 жылға осындай міндет тұр. Вице-премьер С.Жұманғариннің төрағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында осы бағытта не істелгені, сондай-ақ жоспарлар талқыланды.

Кешенді тәсіл мен жүйелі шара

Қайтарылған жерлерді қайта бөлу және топырақтың деградациясына қарсы күресті күшей­ту арқылы өңір тұрғын­дары­ның жайылым орындары қажеттіліктерін қамтамасыз ету – осындай мүмкіндіктерді жақында Жайылымдарды пайдалану мәселелері бойын­­ша қабылданған заң беріп отыр. Жинақталған мәселелерді шешу және жер саласындағы жағ­дайды жақсарту үшін Үкіметте бірқатар кешенді тәсіл мен жүйелі шара әзірленіп жатыр. Олардың ішінде қызмет көрсетудің қағазсыз форматына көшу және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру бар. Бұл ретте жер мәселелері­не байланысты барлық рәсім­ді цифр­ландыру сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерінің алдын алуға және жергілікті жерлерде жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Қазақстанда 2023 жылы «Жыл­жымайтын мүліктің бір­ың­ғай мемлекеттік ка­дастры» ақпа­рат жүйесі іске қосыл­­ды. Астана, Алматы, Шымкент қала­ларында, облыстық және аудандық маңызы бар қала­лар­да жер учаскелерін беру­дің электрондық тәртібі заңна­малық түрде енгізілді. Цифр­лық ауыл шаруашылығы кар­та­лары жасалып жатыр. Өткен жыл­­дың қорытындысында барлығы 145 млн га ауыл шаруа­шылығы жерлері цифрлан­дырылды. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптары аумағының 77%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы жер­лерін цифрландыруды 2025 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.Бұдан басқа мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесі базасында қағаз бе­тін­де жүзеге асырылатын жер қатынастары саласындағы функ­цияларды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Комиссия отырысында ақпа­рат жүйелерін интеграциялау үдері­сінде туындайтын негізгі қиындықтар қаралды.

«Қайтарылған жерлер бірін­­ші кезекте ауыл мен аудан тұр­ғындары үшін жайылым тап­шылығын төмендетуге тиіс. Шалғай­дағы жайылымдарды пайдалану қажет. Мұны қалай жасау керектігін келесі отырысқа дайындауды тапсырамын. Сондай-ақ жайылымдарды жос­парлы басқаруды қамтамасыз ету, олардың деградациясын болдырмауға назар аудару және ауылдық жерлерде цифрландыру мәселесін шешу қарқынын жеделдету қажет. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және әкімдіктермен бірле­сіп, оның техникалық дайын­дығын қамтамасыз ете отырып, Жылжымайтын мүлік­тің бірың­ғай мемлекеттік кадастры ақпарат жүйесінің бар кем­шіліктерін пысықтауы қажет», деді отырыс қорытын­дысында Серік Жұманғарин.