Қазақстан • 01 Наурыз, 2024

Отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары отандық ғылымды дамыту мәселелерін Astana IT University басшылығымен бірге талқылады. Сондай-ақ сенаторлар аталған ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, ғылыми-техникалық жетістіктерімен танысты және заманауи ғылыми зертханаларда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Кездесуге қатысушылар Қазақстан және күллі әлем қоғамдастығы ғылымының дамуына Қаныш Сәтбаевтың қосқан үлесін талқылады. Сонымен қатар ғалымның еңбектері мен сөйлеген сөздерінде қалыптасқан идеялардың және ұстанымдардың қазіргі ғылым, білім, мәдениет салаларындағы мән-маңызы қаралды.

Университет ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев сенаторларға академик Қаныш Сәтбаевтың ғылымды дамытудағы ірі ұйымдастырушы ретіндегі тарихи рөлін әңгімелеп берді.

Кездесу барысында жалпы қаржыландыруы 3 млрд теңгеден астам 53 ғылыми жобаны аталған жоғары оқу орны іске асырып жатқаны айтылып, Scopus-та 250-ге жуық мақаланың жария етілгені, 24 авторлық куәлік алынып, 3 ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі тіркелгені туралы айтылды.

Жиында ғалымдар, докторанттар, магистранттар баяндамалар жасады. Кездесу Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауын іске асыру шеңберінде «Отандық ғылымды дамыту және ғылыми-техникалық прогресс» тақырыбындағы дөңгелек үстелге дайындық аясында өтті.