Қоғам • 04 Наурыз, 2024

Журналистиканың өзекті тақырыбы

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордадағы «Болашақ» университетінде «Қазақ жур­на­­листикасының өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел мә­жілісі өтті. Оқу орны мен жергілікті «Сыр медиа» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған басқосуды университет құрыл­тай­шысы, академик Бақберген Досманбетов ашып, саланың өт­кені мен бүгіні және алда тұрған мәселелер тура­сында әңгі­ме өрбітті.

Журналистиканың өзекті тақырыбы

Университеттегі Рекрутинг және мансап орталығының жетекшісі Берік Саймағамбетов отырыстың мақсаты туралы айтып, «Сыр медиа» ЖШС директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев серіктестіктің қазіргі жай-күйі, ел дамуына үлес қосып келе жатқан журналистерді шығармашылық тұрғыда қолдау бағытындағы бастамалар туралы хабарлама жасады.

Былтырдан бері сарап­тамалық бағыттағы, эксклю­зивті материал жазған газет тілшілерге тәуелсіз комиссия шешімімен ай сайын ақшалай жүлде беріліп келеді. Газеттер дизайны да сарапқа түсіп жатады. Басылымдар беттерінде қоғамдағы өзекті мәселелер қалыс қалып жатқан жоқ. Серіктестік биылдан бастап «Миллионер журналист» атты жобаны жүзеге асырмақшы. Жыл бойы барлық талапқа сай келіп, өнімді қызметімен көзге түскен серіктестік тілшісіне кәсіби мереке қарсаңында 1 миллион теңге табысталады.

Саланың өзекті мәсе­л­е­­лерін талқылап, қоғамның қозғаушы күші ретіндегі БАҚ рөлін ай­қындауға арналған жиын­да филология, журналистика және тарих кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмаханов оқу орнында болашақ журналис­терді дайындау ісіне тоқталды. Оқы­тушылықтан бөлек «Әлім­сақ» жур­налы мен «Ұстаз мәртебесі» газетіне жетек­шілік ететін әріптесіміз 2012 жылдан бері «Болашақ» университетінен журналис­тика мамандығын 200-ден астам жас бітіріп шыққанын атап өтті. Олардың алды қазір еліміздің беделді ақпарат құралдарында қызмет етеді.

Жиында «Болашақ» уни­вер­ситетінің оқытушысы, арда­гер-журналист Айткүл Шал­ғынбаева журналистика менеджменті, мемлекеттік тапсырыс, БАҚ пен билік қарым-қатынасы жайында ой өрбітті.

– Мемлекеттік тапсырыс екі­ жаққа да тиімді болуы керек. Бұл жерде БАҚ еркіндігі, оқыр­­­ман құқы да ескерілуі керек, – деді ол.

Ортақ тақырып аясында Қазақ­стан Журналистер одағы облыстық филиалының жетек­ші­сі, облыстық «Сыр бойы» га­зе­тінің бас редакторы Қуат Шара­бидинов те пікір-пайы­мын жеткізді.

– Кезінде мемлекеттік тап­­сырыс ұлттық баспасөзді дағ­дарыстан аман алып қал­ғанымен, әлі күнге қазақ жур­на­листерінің мұң-мұқтажы толық шешіле қоймады. Дегенмен үміт үзілген жоқ. Қоғамдағы өзге­рістер ақпараттық салаға соны леп әкеледі деп сенеміз. Әсі­ресе жазылым, жарнама және мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеп келе жатқан дәстүрлі БАҚ-қа жа­ңа­ша қолдау аса қажет, – деді ол.

Басқосу соңында журналистика кафедрасының студенттері түрлі сауал қойып, мамандармен пікір алмасты. Дөңгелек үстелге қатысқан қонақтар оқу ғимаратын аралап, мұндағы жаңалықтармен, білім берудің әдістемелерімен танысты.

 

Қызылорда