Тәрбие • 03 Наурыз, 2024

Біртұтас ұлттық тәрбие

649 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркіс­тан­ның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отыры­сында білім беру саласына қа­­тысты бірқатар міндетті ай­­қын­дап берген болатын. Со­ның аясында қазір білім беру ме­кемелеріне ұлттық тәрбие­нің тұ­жырымдамалық негіздері енгі­зіліп жатыр.

Біртұтас ұлттық тәрбие

Биыл 2023-2025 жылдарға ар­налған «Біртұтас тәрбие бағдар­ламасы» жүзеге аса бастады. Шалқар қаласындағы №8 орта мектепте ұлттық жәдігерлер көрмесінің ашылуы аталған бағдарламаның шарапаты деуге болады. Тарих қой­науынан сыр шертетін көне бұйымдар көрмесінің ашылуы жоға­ры деңгейде өтті. Оған мектеп ұжы­мы мен ата-аналар қазақы киім киіп келіп, іс-шараның рухани деңгейін арттырды. Кимешек киген әжелеріміз шашу шашып, ақ­са­қал­дарымыз ата дәстүрді ар­дақ­таған бұл баянды бастамаға риза­шылығын білдіріп, батасын берді. Оқушылар қол күрестіріп, асық ойнап, дәстүрлі спорттық ойындардан көрініс көрсетті.

Көрменің ашылу лентасын Шал­қар қалалық ардагерлер ұйымы­ның төрағасы Аманкелді Қалыбаев пен ақ жаулықты ана Базаргүл Сырғабекова қиды.

– Жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Бұл көрме мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымының белсенділігімен аз уақыттың ішінде жасақталды, алда мұндағы жәдігерлер қатары толығатынына сенемін. Осы көрме залында өтетін қосымша сабақтарда әр сынып оқушылары ұлттық құндылықтарға терең бойлап, рухани тұрғыдан да зейіндері артады. Сананы сан мыңдаған ақпа­рат алаңдатқан бүгінгідей жа­һан­дану кезеңінде жастарды рухты етіп есейту үшін оларды ата жол­дан алшақ­татпай, салт-дәстүр негіз­дерімен сусындатқан абзал. Мек­тебімізде ата-аналарды педагоги­калық қолдау кабинеті де жұмыс істейді. Оның мақсаты – балаларды оқыту және тәрбиелеу бойынша ата-аналармен қарым-қатынасты күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту, – дейді №8 орта мектептің директоры Рита Басмағанбетова.

Заманауи мектеп ғимаратының бір бұрышынан қазақы киіз үй пішінінде жасақталған көрмеге қойылған абажа, абдыра, ағаш төсек, адалбақан, асадал, жозы, сандық, кебеже сынды байырғы үй жиһаздарының түп тарихын мектеп мұғалімі Мәншүк Мапутова тиянақты таныстырды.

85 жастағы Дүйсенбай Ешмұха­нов ақсақал мұнда қойылған әрбір жәдігердің өзіне ыстық көрінетінін айтып, жастық шағын, бұғанасы бекімей ауыр еңбек жүгін арқалаған замандастарын есіне алды. Осы білім ошағының жас ұстазы, «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Мер­гендер мекені» реалити шоуы­ның жүлде­гері, мерген қыз Сәндігүл Әленова
садақ ату өнерінің төл мәдениеті­міз­дегі орнын, асыл діні­міз­дегі мер­гендік жайлы қасиетті сөз­дерді айта келе, жастарды осы өнерге көбірек тарту жөнінде ой-пікі­рін ортаға салды.Республикалық деңгейдегі мергендер сайысында оқ бойы озып шыққан Сәндігүл – мектебін­­дегі мақтаулы ұстаздардың бірі.

Іс-шара барысында мектептің дарынды оқушылары өз өнерлерін паш етіп, меймандар мерейін үстем етті. Кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасымен салынған №8 орта мектебі – ауда­нымыздағы көрнекті білім ошақ­тарының бірі. Мұнда қазір әр апта­ның дүйсенбісі «Ұлттық тәрбие» күні болып белгіленген. Бұл күні ұстаздар мен оқушылар мектепке қазақы нақыштағы киіммен келеді. Үзіліс қоңыраулары дәстүрлі күй әуенімен соғылып, ұлттық ойындар ойналатын осы күнді оқушылар да асыға күтеді екен.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН

 

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы