Әлем • 04 Наурыз, 2024

Сайлау қарсаңындағы жолдау

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15-17 наурызда Ресейде президент сайлауы өтеді. Елдің Орта­лық сайлау комиссиясы қаңтар айында Владимир Путинді канди­дат ретінде тіркеді. Саяси науқан алдында Ресей басшысы Федералдық жиналысқа Жолдау жасады. Ол «соғысқа қатысу­шылар үшін ипотека жеңілдетіледі, тұрақты диспансерлік салық шегеріледі, бизнестің бір бөлігі тексерістен босатылып, отбасылық несие ұзартылады», деп уәде берді.

Сайлау қарсаңындағы жолдау

В.Путин Федералды жиналысқа арнаған Жолдауын Батысқа сес көрсетуден бастады. Ол Украинаға әскери контингент жіберсе, «Батыс елдері қайғылы жағдайға тап болады», деп қорқытты деді.

«Бір кездері өз контингенттерін еліміздің аумағына жіберген мем­лекеттердің тағдыры есімізде. Біз­де де қару бар, иә, олар бұл туралы біледі», деді Путин. Бұдан соң Ре­сей президенті Украинадағы қақ­­тығыста қолданылып жатқан «Кинжал» және «Циркон» гипер­соникалық кешендерімен мақ­танды. Сондай-ақ ол 2018 жылы жасаған жолдауында ұсынған басқа да қа­рулардың сынақтардан сәтті өт­кенін айтты. Бұған қоса Пу­тин стра­те­гиялық ядролық күш­тер де қол­дануға толық дайын екенін мә­лім­деді.

Жолдаудың жиырма минутын Батыспен қақтығыс тақырыбына арнаған Ресей басшысы, елдің әлеу­меттік және экономикалық қол­дауына баса назар аударды. Ол бес жаңа ұлттық жобаның іске қосыл­ғанын айтты.

Жобаның алғашқысы «Отбасы» деп аталады. Бұл бойынша 2030 жылға дейін отбасылық ипотека уақыты ұзартылып, үшінші бала туылғаннан кейін ипотекалық несие өтеледі. Туу деңгейі төмен ай­мақ­­тарға отбасын қолдау бағдар­ла­масы аясында 75 миллиард рубль бөлінеді.

Екінші ұлттық жоба денсаулық сақтау саласын дамытуға бағыт­талған. Путин ұсынған іс-шаралар­дың қатарында әйелдер консульта­циялары желісін кеңейту және ба­лалар емханалары мен ауруханаларын жаңғырту, диспансерлеуге салық шегерімі, шағын қалалар мен ауылдарда спорт объектілерін салу бар.

Үшінші ұлттық жоба «Ресей жас­тары» – мектеп, колледж директор­ларының кеңесшілері 5 мың рубль, ал шағын елді мекендердегі сынып жетекшілері мен мектеп кураторлары 10 мың рубль сыйақы алады. «Кадрлар» төртінші ұлттық жобасы түрлі саладағы мамандарды даярлауға бағытталған. Ал соңғы «Деректер экономикасы» жобасына кемінде 700 миллиард рубль бөлу жоспарланған. Путин «ақпараттық егемендік» және «жасанды интел­лекті да­мытудың ұлттық стратегия­сы» туралы ұзақ сөйледі. Оның идея­сына сәйкес 2030 жылға қарай ресейлік суперкомпьютерлердің жалпы қуаты 10 есе артуы керек. Ол кәсіпкерлерді Ресейдің IT индустриясына инвестиция салуға шақырды.

Сонымен қатар Ресей пре­зи­денті Үкіметке салықтан құтылу үшін бизнесін «кішірейткен» ша­ғын компанияларға рақымшы­лық жасауды тапсырды. Ол «мұн­дай компанияларға өткен кезең­дер үшін айыппұл, санкциялар са­лын­байды, салықтар қайта есеп­тел­мейді», деп уәде берді.

Сондай-ақ 2030 жылға қарай Путин ең төменгі жалақы мөлшерін 35 мың рубльге дейін арттыратынын айтты (қазір ол 19 мыңнан сәл асады). Ресей басшысының ай­туынша, қазір Ресей халқының 9 пайыздан астамы (13,5 миллион адам) кедейлік деңгейінде, 2030 жылға қарай оны 7 пайызға дейін төмендету көзделген.

Қарап отырсақ, Владимир Пу­тин өзінің жоспарларын 2030 жылға дейін жасақтаған. Биылғы президенттік сайлауда жеңіске жет­се, ол кезде оның бесінші пре­­зи­денттік мерзімі аяқталады. Путин­нің айтуынша, 2030 жылға қа­рай Ресей роботтар саны бойын­ша алдыңғы 25 елдің қатарына кіруі, импорттың үлесі ІЖӨ-нің 17 пайызына дейін төмендеуі және мектептерді күрделі жөндеу м­әселесі шешілуі керек. Ол соңғы мә­се­леге 400 миллиард рубль бө­луге уәде берді.

Өткен сенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауын­ша Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің Федералдық жина­лысқа жолдауы мазмұнды, бағдар­ламалық сипатта болғанын ерекше атап өтті.