
Бұл еңбекте еуразиялық үлкен империя Алтын Орда ұлысының мемлекет басқару жүйесі, әскери-шаруашылық құрылымы, сонымен қатар дүние жүзі елдерімен орнатқан дипломатиялық қатынасы хақында, әсіресе Орданың қас-қабағына қарап өмір сүрген русь кінәздерінің әрекеті т.б. тарихи оқиғалар тың көзқараспен, жаңашыл бағытта жазылған, дейді мамандар.
Кітапты біз де шолып көрдік. Расында ой саларлық дерек көп екен. Өйткені біздің бұған дейінгі Алтын Орда хақындағы идеологиялық ұстанымымыз ресейлік көзқарас пен олардың деректік негіздері бойынша қалыптасқан еді. Ал Мари Фавэру ханымның кітабы жаңаша ойлауға жетелейтін дүние екен.
Осы орайда айтпағымыз, 368 беттік көлемді туындыны көктей шолып келе жатып, 121-бетінде тұрған мына бір сабына ұлу мүсіні бейнеленген алтын саптыаяққа тап болдық. Кешікпей ғалам қақпасын ашып, Ұлу жылы келе жатқандықтан бұл жәдігерге еріксіз назар аудардық.
Кітаптағы саптыаяқ туралы анықтамада: «ХІІІ ғасыр. Алтын Орда жәдігері» делініп, әрі қарай, «Саптыаяқ сабындағы ұлу бейнесі Хятан, Алтын немесе Сүн мемлекеттерінің рәмізі болғаны анық, дейтұрғанмен бұл саптыаяқ Жошы ұлысына тиесілі екені даусыз. Бұл ыдыспен ұлыстың билеуші тұлғалары қымыз ішкен» деп жазылыпты.
Жоғарыдағы деректерді негізге ала отырып, саптыаяққа интернет желісі арқылы сұрау салып көрсек, бұл жәдігер қазір Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитаждың «Алтын Орда» бөлімі қорында сақтаулы екен. Осындағы алтын саптыаяқ туралы анықтамалықта: «Ковш. Улус Джучи, середина-вторая половина XIII в., золотая гравировка, высота – 4, диаметр 12,5 см. Место находки: Россия, Ставрополь» деген мәтін жазылыпты.