Әскер • 05 Наурыз, 2024

Әскердің әлеуеті – білікті маман

160 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әскери кадрларды даярлау деңгейі қандай? Бұл сұрақтың жауабы әскерлер­дің жауынгерлік дайын­дығына қатысты міндеттердің қай дең­гейде екенін көрсетіп береді. Себебі әскердің әлеуетін айқындайтын бірден-бір фактор – кәсіби маман, оның білімі мен біліктілігі.

Әскердің әлеуеті – білікті маман

Қарудың тілін білу де – қабілет

Елімізде заман талабына сай әскери білім беру жүйесі құрылған. Ал бүгінгі әңгімеміз Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімнің әскери маман даярлау қызметі жа­йында болмақ. Ол үшін біз осы бөлім­дегі түрлі қызметтің тұтқа­сын ұстаған офицерлерді әңгімеге тарттық. Олар көп жылдан бері жас сарбаздарға қару-жарақты меңгеру мен басқа да қызмет барысын үйре­тіп, тәрбиелеп келеді.

Үшінші оқу ротасының, 2-оқу взводы­ командирі, лейтенант Әділ Ті­­л­еу­­кенов – артиллериялық оқ-дәрі­­­л­ерді жөндеу, зарарсыз­данды­­ру, оқтау секілді инженер­лік жұ­мыстардың маманы. Өске­мен қаласының тумасы әкесінің әс­­кери қызметіне байланысты елі­міз­­дің әртүрлі өңірінде білім алып, ер жеткен. Әкесі Талғат Тілеу­кенов Ұлттық ұлан Бас қол­бас­шы­лығының Байланыс бас­қар­масы бастығы лауазымын атқарған. 

Бүгінде Қорға­ныс министрлі­гінің Байланыс департаменті басшысының орынбасары. Әке жолын қуған Әділ 2018 жылы Астанадағы №67 мектепті бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түседі. Сол жерде Ресей Федерациясына барып, әскери білімін жетілдіргісі келетін тәлімгерлер қатарына қосылады. Барлық емтиханнан сәтті өткен жас өрен Пенза қаласында орналасқан әскери институтқа артиллериялық оқ-дәрілер инженері мамандығына оқуға түседі. Ол мұнда арнайы станоктармен жұмыс істеуді үйренді. Артиллерияда қолданылатын оқ-дәрілерді ашып-шашып, қайта құрап індете зерттеді. Ірі калибрлі оқтардың ішкі реакцияларына сараптама жасап, физикалық құры­лымын зерделеді. Бүлін­ген, істен шыққан оқ-дәрілер­ді жөндеу де оның сабақ барысын­дағы міндеті еді. Оқ-дәрінің ішіндегі жарылғыш күкірттерді нығыз­дау, бөлшектерді құрас­тыра отырып, оқты зарядтау се­кілді қызық та қиын оқудан өтті.

Бүгінде оқу взводында қару-жарақты жөндеу шеберлерін дайын­дауға атсалысып жүр. Оған бұл істі толық меңгеруге нұс­қау­­шысы көмектескен. Соның ар­қа­сында оған жауынгерлік дайын­дық бағытында сарбаздарға сабақ беру бақыты бұйырды. Қазір Ұлт­тық ұланның әртүрлі әскери бө­лімдерінде әскер қатарына жа­қын­да қосылған сарбаздарға Кала­шников автоматының қыр-сырын таныстырып жүр. Бағдарлама бойын­ша оларға 270 сағат берілген.

– Осынша сабақтан өткен сарбаздар атыс қаруы жөніндегі шебер болып шығуға тиіс. Мұнда олар жартылай және толық бұзып-жинау сабақтарын және қару ақау­ларын жөндеу дәрістерін өтеді. Тәжірибе жинайды. Олар автоматтан бөлек, тапаншалар, мергендік винтовкалар, автоматты және ірі калибрлі гранатометтер, пулеметтер секілді өзге де қару-жарақпен етене танысады. Кейін сарбаздар осы атыс қаруларын жөндей алатын әскери маман болып шығады, – дейді Әділ Тілеукенов.

Оның айтуынша, әскери бөлім­ге жылына екі рет мерзімді әскери қызметке тартылған сарбаздар бі­лім алу үшін келеді. Бір жылда 80-ге жуық адам қару-жарақ жөндеуді кәсіби тұрғыда үйреніп шығады екен.

 

Дәлдік пен кәсібилік

Дәл осы әскери бөлімде 4 взвод­тың аға маман-аға нұсқаушысы, аға сержант Ержан Бабажан үш жылдан бері БТР-80 көздеушілерін дайындап келеді. Алматы облы­сына қарасты Еңбекшіқазақ ауда­нының Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген ол мектепті аяқтай салысымен, 2004 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түсіп, 2010 жылы 6654 әскери бөлімде әскери бөлімше ко­мандирі болып қызметке кіріскен.

2021 жылы оқу батальонының 3 оқу ротасының 4 взводына аға маман-аға нұсқаушы болып та­ғайын­далған. Қазір әскери маман мұнда БТР-80 көздеушілеріне сабақ береді. Қарапайым тілмен айтқанда, сарбаздарға БТР-80 әскери көлігінің ірі калибрлі танкіге арналған Владимиров оқшашарын қалай қолдану кере­гін үйретеді. Оның көмегімен әскери қызметшілер пулеметтің қалай бөлшектенетінін, онымен қалай нысананы көздеу керегін үйренеді. Сонымен қатар танкіге бейімделген Калашников оқшашарының да қыр-сырын меңгертіп, тиімді қолданудың әдіс-тәсілін көрсетеді. Оның айтуынша, тәлімгерлері пулеметтердің құрылысын, оқшашардан көздеуді және оқ атуды жылдам үйреніп алады. Дегенмен одан бұрын білім іздеп келген әскери қызметшіге ең алдымен қауіпсіздік ережесі оқытылады екен. Содан кейін ғана салалық білім беріледі.

– Владимиров оқшашары – ірі калибрлі қару. Ал Калашников пулеметі кіші калибрлі қару түрі­не жатады. Біріншісімен үлкен бронды техникаларды атуға болады. Екіншісі жаяу әскерді және қорғанысы осал көліктерді талқан­дауға арналған. Біз осынау қос қару­ды қалай қолдануды ғана үйре­ніп жатқан жоқпыз, сонымен қатар істен шыққан жағдайда жөндеуге де машықтанып жат­қан жайымыз бар, – дейді әскер қатарына үш ай бұрын қосылған қатардағы жауынгер Ілияс Мүліков.

Көп жағдайда көздеуші ма­ман­ның рөліне бойы қысқа, бірақ күш-қуаты мол әскери қызмет­шілер сай келеді. Себебі ұзын бой­лы, ірі денелі адам үшін броне­транспортердің ішінде қозғалу қиынға соғады. Ал физикалық күшке мән берілетін себебі – ауыр пуле­меттерді көтеріп, жүгіру керек. Әрине, ең бастысы – білім. Он­сыз қара күштен қайран жоқ. Өзі қол­данатын құралдың бөлшек­тері мен ерекшеліктерін білмейтін адам­ның пайдасынан зияны көп. Сосын аты айтып тұрғандай, көз­­деу­шінің көзі өткір болғаны аб­зал. Өйткені алыс-жақындағы нысан­дарды жою үшін мергендік қажет.

– Бізге еліміздің барлық же­рін­дегі Ұлттық ұлан әскери бө­лім­дерінен жылына екі рет білім алу­шылар келеді. Бір жылда ша­мамен 120-130 тәлімгерді қа­был­даймыз. Олар өздерінің әс­кери бөлімдерінде ерікті түрде ірік­теледі. Денсаулығы, әсіресе көзінің көру қабілеті бас­ты назарға алынады. Сондай-ақ сарбаздың өз ынтасы де ескеріледі, – деді аға сержант Ержан Бабажан.

Мұнда өз қалауымен келген мерзімді әскери қызметшілер аз емес. Сарбаздардың сөзіне сүйен­сек, мұндағы білім беру деңгейі жаман емес. Дегенмен бізді аға сержант Ержан Бабажановтың білім беруге қалай бет бұрғаны қызықтырды.

– Мен бұған дейін 4 взвод сержанты болып жүрген кезде сарбаздармен үнемі бірге болатынмын. Оларды атыс алаңдарына апаратын едім. Сол кезде пулемет қолдануды оқыту және бөл­шектеу жұмыстарына да атса­лыс­тым. Нұсқау­шыларға көмек­тесе жүріп, өзімнің де қызы­ғу­шылығым барын білдім. Нәтиже­сінде бір адамдай білім мен білік­тілік жинаған соң, қазіргі лауазымым ашылғанын естіп, ауысуға өтініш білдірдім. Біз екі айлық оқудың соңғы кезеңдерінде сарбаздарды атыс алаңына апарып, ату жат­тығуларын жасатамыз. Бұл кезде өзіміз де БТР-мен оқ атып, үлгі көрсетеміз. Мұндағы мақ­сат – сарбаздарға әдіс-тәсілді көрсе­­ту. Мысалы, ауа райы жел бо­лып тұрған сәтте немесе қараң­ғы уа­қыт­та қалай ату керек деген се­кілді сұрақ­тарға жауап бере­міз. Қысқасы, кез келген ауа райы жағдайында дәл көздеуді үйре­теміз, – дейді аға сержант.

 

Ерекше саланың ертеңі

Осы әскери бөлімнің тағы бір аға сержанты Асылан Момоев Ұлттық ұлан РХБҚ бөлімшелерінің командирлерін қалай даярлайтынын айтып берді. РХБҚ дегеніміз – Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау. Осы салада 15 жыл тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Асылан Момоев Ең­бек­шіқазақ ауданының Ақши ауылында 1987 жылы 9 наурызда дүниеге келген. 2009 жылы маусым айында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміне қызметке алынған.

Кейіпкеріміз радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдарын жөндеу шебер­лерін дайындайды. Келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерді, взвод сержанттарын әзірлеу, радиациялық, хи­миялық және биологиялық қор­ғау взводының сержанттарын жауынгерлік дайындықтан өткізу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің командирлерін даярлау және қайта дайындау, арнайы өңдеу бөлімшелерінің командирлерін, арнайы құралдарды және тұтандыр­ғыш – отшашқыштарды дайындау және тағы басқа да мамандарды әзірлеумен шұғылданады.

– Пандемиядан кейін РХБҚ бөлімшелеріне ерекше назар аударыла бастады. Мысалы, ертеректе бізде РХБҚ бөлімшелері болса, 2021 жылдан бастап Ұлттық ұлан сапында РХБҚ взводтары жасақтала бастады. Взводқа үш бөлімше кіреді: барлау, арнайы өңдеу және отшашқыштарды да­йындау. Осыдан кейін штат саны артты. Оң өзгерістер бастау алды, – дейді Асылан Момоев.

Біз келгенде ол РХБҚ бойын­ша білім алушыларға АРС-14 әске­ри көлігін таныстырып жатты. Бұл көлік әскери техникалар мен қару-жарақтарды және жол­дарды залалсыздандыруға ар­нал­ған сұйықтық шашуға ар­нал­ған. Қызметі жағынан өрт сөн­дірушілердің көлігіне келіңкірейді. Аталған мамандық бойынша қай­та даярлықтан өтетін әскери қыз­метшілер мұндай техникалармен егжей-тегжей танысады. Ал білім алатын сарбаздар РХБҚ құралдарын жөндеуді оқиды.

Мұнда да жылына Ұлттық ұлан­ның әскери бөлімдерінің сарбаздары екі рет екі айлық мерзімге оқуға келеді. 2018 жылдан бері жылына кемінде 60 сарбаз оқытылады. Бұдан бөлек келісімшарт бо­йынша қызмет ететін әскери қыз­метшілер де қайта даярлаудан өтеді. Солардың бірі – 5511 әскери бөлімнен келген қатар­дағы Мұхтар Үсенов. Ол – Қаңтар оқиғасы кезінде жеке құрамды сақтап қалғаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін иеленген азамат. Бүгінде Қаракемерге Арнайы құрал өңдеу бөлімшесінің командирі ретінде біліктілігін арттыруға келген.

– РХБҚ-ға қатысты құрал-жабдықтарды қандай жағдайда және қалай қолдану керектігі жөнінде сабақ өтіп жатырмыз. АРС-14 техникаларынан бастап, ИДК-1, ДК-4, ДП-5В, РКС-01 секілді басқа да аппараттарды қол­дануды меңгердік. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері РХБҚ бойын­ша білімді жеке құрамды сақтау мақсатында игереді. Өйткені түрлі жарылыстар болғанда және ауа­­да улы заттар таралған кезде бе­ріл­ген тапсырмаларды орындау үшін РХБҚ-дан білімің болғаны жөн. Бұл білім жалпы кез келген адамға артық болмас еді. Міне, сондықтан біліктілігімізді арттырып жатырмыз. Білім көк­жиегіміз кеңейген соң бізге кіші сержант шені беріледі. Содан кейін жеке құрамдағы сарбаздарға осы тақырыпты үйретеміз, – деді Мұхтар Үсенов.