Шаруашылық • 05 Наурыз, 2024

Құс өсіру неге тиімсіз?

276 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықтың күнделікті сұ­ра­нысына ие азық-түлік тауарлары қатарына жа­­татын тауық еті мен жұ­мырт­қа дүкен сөре­ле­рін­де қолжетімді ба­ға­мен әрі жеткілікті мөл­шерде тұруы керек еді. Алайда қыс ортасынан ауа жұмыртқа бағасы көтеріледі. Соның ізін ала бірқатар сауда желі­сіне аталған өнімдерді жеткізіп беру бойынша елеулі қиындық туындайды. Бұл – жыл са­йын айна-қа­те­сіз қайта­ланатын құ­бы­­лыс.

Құс өсіру неге тиімсіз?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лі­гінің мәліметі бойынша, елде 65 құс фабрикасының 34-і жұмыртқа өндіру бағы­тында жұмыс істейді. Олар ішкі қажеттілікті толық жа­уып, сыртқа да еркін экспорттап жатыр. Өндіріспен қатар баға да өседі ара-тұра. Осыдан үш жыл бұрын он жұмыртқа 396 теңге болса, қазір 600 теңгеге жуықтайды. Сауда және интег­рация министрі Арман Шақ­қа­лиевтің айтуынша, елде әлеу­меттік маңызы бар тауарлар бағасының маусымдық өсімі байқалып тұрады. «Жұ­мырт­қа жазда арзандайды, қыста қымбат­тайды, бұл – қалыпты нәр­се», деді министр.

2023 жылдың соңын ала, биыл жыл басында Ресей жұ­мыртқа тапшылығына ұрын­ды және бізге сұрау салды. Бұл өз кезегінде біз­дегі баға өсіміне әсер еткен сы­ңай­­лы. Жыл басынан бері бірін­ші санаттағы жұмыртқаның құны орта есеппен 1,6%-ға, ал былтыр­ғы бір жылдың өзінде 15%-ға өскен. Бүгінгі күні жұ­мырт­қа бағасы 700-830 теңге ара­лы­ғында қым­баттап отыр.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігі жұмыртқаның 2,5%-ға өскенін растады. Мұны қыс мез­гілінде аталған өнім тұтыну­шы­лар қатары артып, жазғы уа­қытта бағаның төмен­дей­тін­дігін, осылайша бағада ауыт­қушылықтын орын алаты­ны­мен түсіндіреді. Арман Шаққалиев еліміз өзін жұмырт­қамен толық қамтамасыз етеді дейді, алайда құс етінде им­портқа тәуелділік бар екенін жа­сыр­майды.

«Бірақ біздің нарыққа келетін ағындар әртараптандырылған. Егер импорттың бір бағыты қыс­қарса, онда біздің ауысуға және басқа бағыттардан импортты ал­мас­тыруға мүмкіндігіміз бар», дейді министр.

Елімізде аталған сала бо­йынша 34 жұмыртқа және 31 ет бағы­тын­дағы құс фабрика­сы жұмыс істейді. Жыл са­йын олар 5 млрд дана тауық жұ­­мырт­­­қасын өндіреді екен. Өткен жыл­дың 11 айында 4 919,9 млн дана жұмыртқа (98%) өн­ді­­ріліп, 186,6 млн данасы экс­порт­тал­ған (Ресейге – 2 млн 600 мың, Ауғанстанға – 114 млн, Қырғызстанға – 70 млн). Сол аралықта Қазақстан сырттан 264,1 млн дана жұмыртқа им­порт­таған. Былтыр 328,6 мың тонна сойыс салмағындағы құс еті өндірілген (2022 жылы – 288,7 мың тонна). Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 25 мың тоннаға жуық аз. Отандық құс фаб­­рикалары ішкі нарыққа өнім­­нің 74%-ын жеткізген. Бы­­тыр қаңтардан бастап бір данасы 3 теңге нормативтегі жұмырт­қа өндірісінің өзіндік құнын тө­мендетуге берілетін субси­дия­лар алынып тасталған болатын. Осыған қарамастан, Азық-түлік корпорациясы құс фаб­ри­ка­ларына 126,7 мың тонна жем­дік астықты қосымша құн салы­ғын қосқанда тоннасына 117 мың теңге бағамен, яғни нарық баға­сынан 30 мың теңгеге арзан сат­қан.

Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары жоқ өңірлерде, мә­селен, Шығыс Қазақстан, Маң­ғыстау, Абай және Ұлытау облыс­тарында отандық жұмырт­қамен қамтамасыз етуді арттыру үшін қуаттылығы жылына 802 млн дана жұмыртқа өндіретін 10 ин­вес­тициялық жобаны іске асыру көзеліп отыр. Ол үшін министрлік «Инвестициялық субсидиялау ережесіне» тиісті өзгерістер ен­гізуді қалайды.

Тауық жұмыртқасын өндіру­ші «Alsad Kazakhstan» кәсіпор­ны­ның бас директоры Оңдасын Тілеулиев бүгінде жұмыртқа ба­ғы­­­тындағы құс өндіру пайдасы төмен бизнеске айналғанын айтады.

«Құс өндіру басқа бизнес түр­лері сияқты мемлекеттің қол­дауы­мен бірге дамуға тиіс. Мем­лекеттен қолдау болмаған­дық­тан елімізде көптеген фабрика жұмысын тоқтатқан. Суб­сидия алынып тасталғаннан кейін жа­­былып қалғандары да бар. Жұ­­­мыртқа өндіруге арналған субсидиялардың күшін жоюы отандық өндірушілерге кері әсерін тигізіп отыр. Бұл ретте мемлекет жеңілдетілген несие беру, вакциналарға жұм­сал­ған шығындарды өтеу се­кіл­ді өзгеше қолдау көрсете алмайды. Сондай-ақ жұмыртқа бизнесі маусымдық өзгерістерге бейім. Жаз мезгілін­де өнім баға­сы халықтың сұра­ны­­сының тө­мен­деуіне бай­ла­нысты өзіндік құнынан төмен­деп кетеді, ал қыста жазғы кезең­ге дейінгі ба­ғаға оралады. Сөй­тіп, құс өсі­ру­шілер несие бе­рушілер ал­дын­да­ғы қаржы­лық мін­дет­те­мелерін орындауда қиын­­дық­қап тап болады. Кейбір құс өсі­ру­­шілер жұмысының тоқ­тап қалуы­на шетелден келетін жем­шөп пен вак­цинаның қымбат­тауы да себеп болып отыр», дейді ол.

Сарапшылар субсидия беруде реформа қажет екендігін айтады. Өйткені кей кәсіпкерлердің ақшаны мақсатсыз пайдаланатыны шындық. Сондықтан субси­дия­­­ларды бөлу үдерісі ашық болуы, ал субсидия алушы­лар үшін талап қатаңдатылуға тиіс.

«Субсидия – бұл мемлекеттік бюджет, халықтың салық төлем­де­рі. Халықтың ақшасымен тиім­сіз жүргізген кәсібінің қары­зын жабу дұрыс емес. Өз биз­не­сін жақ­сарту үшін салық төлеу­ші­лер­­дің ақшасын алды ма, онда жүр­­гізіп отырған кәсібін де жақ­сартуға тырысу керек. 20 жыл бойы субсидияға қаншама ақша алып, бірақ сол уақыт ішінде бизнесті құра алмаған адамдар кә­сібін тоқтатып, нарықтың бас­қа ойын­шыларына орын бер­сін», дейді экономист Әлішер Қожасбаев.