Әдебиет • 05 Наурыз, 2024

Жүсіпбектің әншілігі

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ілкідегі данышпандардың «сөз өзінің шырқау шыңына жеткенде музыкаға айналады» деген көркем тұжырымы бар. Ал түркі мифологиясында дүние ыңыранған, күңіренген дауыстан жаралған деген аңыз-әпсаналар жоғарыдағы ойымызды қуаттап, сәулетіне сәуле түсіріп тұр. Демек сөз қағазға түспестен бұрын, қаламгердің санасында әуен болып әуелеп тұрмай ма екен? Зады, сөз зергері Жүсіпбек Аймауытұлының да жан дүниесінде осындай ғаламат құбылыстардың болғаны ақиқат.

Жүсіпбектің әншілігі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1921 жылы 31 қаңтарда өткен Халық ағарту комиссариаты ал­қа­сының мәжілісінде Жүсіпбек Аймауытұлы Комиссар орынба­са­ры және көркемдік сектор меңге­ру­шісі қызметіне тағайындалған. Көркемдік сектор республика­дағы өнер мәселесін шешуге басшы­лық жасады. Атап айтқанда, әде­биет, музыка, бейнелеу өнері салаларына және жалпы театр ісіне, өнер мектебі және арнаулы студия ұйымдастыру жұмыста­рына Жүсіпбек жетекшілік еткен. Жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, ән салғанын, сонымен қатар спектакль қойып, онда басты рөлде өзі ойнағанын замандастарының естелігінен аңғара аламыз.

«Бұл туралы кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Мо­мыш­ұлы: «Мен Жүсекеңнің тікелей шәкірті боламын. Одан оқыған үш адам қатарға іліктік. Мен, Құрманбек Сағындықов және Әб­ділда Тәжібаев. Қалғандарының дені есімде қалмапты. Жүсекең өте мәдениетті, өнерлі, кішіпейіл адам еді. Музыка аспабының бәрінде ойнайды, жақсы даусы бар еді. Өзінің ән шығаратыны бар екен. Скрипкада тамаша ойнайтын. Аспаптарды өзі жасайтын. Етікті жақсы тігетін. Менің ойымша, ол кісіге өтірік жала жабылды. Оған менің көзім анық жетеді. Кеңес өкіметіне қарсы үндеу жазыпты деген сөз – жала. Түбі ақталатын ұлы адамның бірі – осы Жүсекең», деп әрі қарай шығармаларын тізбе­лей жөнелді», деп еске алады 1977 жылы қараша айында батырдың өз аузынан естелік жазып алған алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай.

Жүсіпбектің өзі секілді өнер­­­паздарды жанына ерекше жа­қын тұтқанын шәкірті Қа­ла­бай Бек­дул­лаевтың сөзінен бай­­қаймыз. Онда жазушының Жұ­мат Шанинмен, Құр­манбек Жан­дар­бековпен және айтулы әнші-ақындар Иса Бай­зақ, Әміре Қашау­баевпен тығыз бай­ланыс­та болғаны айтылады. «Бұл әртіс­тер Шымкент қаласына кел­ген бетте-ақ жарқын достары ретін­де Айма­уытұлының үйінің төрін бермейтін», дейді ол.

Көбі біле бермес. Жүсіпбектің дәстүрлі өнердің бізге аман же­туі­­не үлесі зор. Ол Александр За­­тае­­вич­тің «Қазақтың 1000 әні» жи­­­­на­­ғына 29 ән мен 1 күй қос­қан. Оның ішінде танымал «Ғалия», «Қа­ра­­торғай», «Қарғам-ау» секіл­ді ән­дер бар. А.Затаевич жинақ­тың со­ңында «Орындаушы Аймауыт­ұлы Жүсіпбек. Павлодар уезі, Баян­ауыл ауданының тумасы» деп көрсеткен.

Ал оның Алаш полкіне арнал­ған «Алаш ұраны» маршы – клас­сикалық Еуропа музыкасы мен қазақ­тың жорық жырларының син­тезінен жасалған бөгенайы бө­лек шығарма дерсіз. Сайып кел­генде, жазушының музыкалық мұ­­расы әлі де көп зерттеуді талап етеді. Жүсіпбектің шығармашылық гео­гра­фиясындағы толық ашылмай жат­қан аралдың бірі осы.