Тағылымды шараны өткізуге ұйытқы болған – «Alash.kz» ұлттық порталы. Іс-шара барысында зиялы азаматтар Алаш көсемінің өмір жолы мен еңбегіне тоқталып, парасатты ой өрбітті. Республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбай ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге тіккен тұлғаларымызды ұлықтау – елдігіміздің белгісі екенін айтты.
«Әлекең «Хан баласында қазақтың хақысы бар. Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деп бекер айтқан жоқ. Ол барлық саналы ғұмырын халқымызға қызмет етуге арнады. Сол ұстанымнан ешқашан тайған емес. Қандай қайсарлық! Ел мүддесі жолында қыруар жұмыс атқарды. Алаш автономиясын құрып, Алашорда үкіметінің төрағасы болды. 20-жылдардың ортасында екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Одан кейін Мәскеуге жер аударылып, он жылдан аса мырзақамақта отырды. Осының бәрі ұлт көсемін мойыта алмады», деді ол.
Ал алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай қытымыр қыстың өзегінен шығып, көктемге бет алған маусым секілді Алаш қозғалысы да қатты қыспақтан, жаншудан, саналық құлдықтан, қалың қардың астында қалған қазақтың тамырын оятып, келешекке бастағанын бейнелеп жеткізді.
«Соның ішінде біз тағзым етіп отырған ұлт көсемі дәрежесіне көтеріліп, елін ертеңге бет алдырған Әлихан Бөкейхан секілді саяси тұлғалар оған дейін де, одан кейін де қазақ сахарасында әлі шыққан жоқ», десе, қоғам қайраткері Әлихан Байменов айтулы тұлғаның бекзат болмысы мен еңбегі туралы әңгімеледі.
Бұдан кейін іс-шара шаһардағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейі мен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі өткізген «Рухқа тағзым» атты кешке жалғасты. Онда Алаш арысы туған топырақта өмірге келген өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан қариямен мектеп мұғалімдері мен оқушылар кездесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ оларға Т.Мұқан ағамыздың авторлығымен шыққан «Әлихан Бөкейхан – ұлт-азаттық күрескері» атты деректі фильм көрсетілді.