Қазақстан • 06 Наурыз, 2024

Меморандумға қол қойды

77 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Достық үйінде Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен еліміздің ғылым саласын жаңғырту мәселеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Меморандумға қол қойды

Іс-шараға салалық және қоғамдық академиялар басшылары қатысты.

Алқалы жиынды жүргізген Ұлттық ғылым академиясының президенті А. Күрішбаев Мемлекет басшысының Ұлттық ғылым академиясын реформалап, оның бүгінгі заман талабына сай миссиясы мен міндеттерін қайта айқындауды қолдап отырғанына баса назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ғылым саласын дамытуға аса зор көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде жаңадан Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президент жанындағы Ғылым мен технологиялар кеңесі құрылды. Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе беріліп, ғылым саласын қаржыландыру 3 есеге артты. Ғылым саласына көрсетілген қолдау ғалымдар қауымдастығына үлкен міндеттер жүктейді және оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін «Бірлік бар жерде тірлік бар» немесе «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген қағидаларды басшылыққа ала отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етуге тиістіміз. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясын тәуелсіз, әкімшілік емес, министрліктердің міндеттерін қайталамайтын, Үкіметке сараптамалық тұжырымдар беретін және форсайттық ізденістер және де технологиялық болжамдар негізінде отандық ғылымның стратегиялық даму бағыттарын анықтайтын органға айналдыру міндеті тұр. Сондай-ақ ғылыми ізденістердің әлемдегі алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтары мен мектептерінің тәжірибесіне негізделген жаңа форматын ұсынатын боламыз. Ұлттық ғылым Академиясы еліміздің ғылымының интеграцияланған жүйесін құрып, мемлекетіміздің ғылым әлеуетінің қорын құратын болады. Сонымен қатар ғылым саласына жас таланттарды тартуға мейлінше ықпал етеді», деді өз сөзінде А. Күрішбаев.

Жиын барысында Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразәлі Сәбден, «Қазақстан Экономикалық ғалымдар академиясының» президенті Рахман Алшанов, «Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғалымдар академиясының» бірінші вице-президенті Владимир Школьник, Ауылшаруашылығы  ғылымдары академиясының  президенті Тілектес Есполов, «Халықаралық репрудуктология академиясының» президенті Вячеслав Локшин, тағы да басқа салалық академиялардың өкілдері, ғалымдар Ұлттық ғылым академиясын реформалау қадамдарына қолдау білдіре отырып, ғылым саласын дамыту мен заман талабына сай жоғары деңгейге көтеруге бағытталған нақты ұсыныстарын бөлісті.

Осы орайда ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін көтерген ғалымдар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын жетілдіру, ғылыми жобаларды, өнертабыстарды өндіріске енгізу, ғалымдардың мәртебесін көтеру мен қаржыландыруға қатысты тұщымды ойларын ортаға салды. Ғылымда соңғы отыз жыл ішінде қордаланған көптеген мәселені академия басшылары көтере отырып, осы істе ҰҒА тарапынан маңызды әрі мазмұнды қадамдардың жүзеге асатынына сенім білдірді. Түйткілді мәселелер қатарында инфрқұрылым, зертханалық мүмкіндіктер, бөлінген қаржыны тиімді игеруге қатысты жайттар басшылыққа алынды.  

Жиын соңында Ұлттық ғылым академиясы мен салалық және қоғамдық академиялар өзара түсіністік және ынтымастық меморандумына қол қойды.

С

 

АЛМАТЫ