Көшбасшы ғалымның жиырмаға жуық кітабының шоқтығы биігі – осы «Әдебиет танытқыш» екені даусыз. Әдебиет теориясы аталатын ғылымның ірі саласына қазақтың қаймақты тілімен қазыналы дүниетанымына бейімдеп, жарық ғұмырындағы жеткен парасатының биігінде отырып жазған, оқырманды ойға жетелеп, әлем ғалымын таң-тамаша еткен баламасы жоқ жәдігер. «Әдебиет танытқыш» туралы аға буын ғалымдардан артық айта алмаспыз. Академиктер З.Қабдолов, Р.Сыздық, Р.Нұрғали, профессор Т.Кәкішев сынды абыздар «Әдебиет танытқыштың» қазақ ғылымында тыңнан түрен салған сүбелі еңбек екенін баса жазған. Бүгінгі таңда профессорлар Ғ.Әнес, Д.Қамзабекұлы, А.Ісмақова, О.Жұбай секілді ғалымдар да аталған құнды мұраның ұлт әдебиеттануы мен тіл ғылымындағы ортаймас орнына жоғары баға береді.
Алаштың ғылым ісінде өзгеше мәнге ие «Әдебиет танытқыштың» соңғы беттері күні бүгінге дейін табылмай келген еді. Бұл туралы жоғарыда аты аталған ғалымдар А.Байтұрсынұлы туралы жазған мақала, берген сұхбаттарында жиі айтып жүр. Филология ғылымдарының кандидаты, ахметтанушы, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Р.Имаханбет өзінің «Ғасыр саңлағы» атты еңбегінде ғалым мұрасының түгенделу барысын зерделей келе, 1988 жылдан бері қазақ ғылымы «Әдебиет танытқыштың» соңғы бірнеше бетін іздеп келе жатса да, ұшты-күйлі ғайып болған соңғы беттер туралы деректердің жіпұшы табылмай тұрғанын баса жазады. Д.Қамзабекұлы «Әдебиет танытқыш» – әлемдік құндылық» атты мақаласында да бұл жәдігер жазбаның теңдесі жоқ мұра екенін саралай келе, тағы да қолға түспей жүрген «соңғы беттер» туралы ғалымдарға сауал қойып, Ақаңның кітабы сақталуы мүмкін деген орындарды нұсқады.
А.Байтұрсынұлының еңбектері ғалым ақталғаннан бері әр алуан үлгіде елу шақты рет қайта басылды. Соның ішінде 1988 жылдан бүгінге дейінгі таңдамалы шығармалар жинағында және көптомдықтарында «Әдебиет танытқыш» он шақты рет енгізілді. Отыз алты жылда сан қайтара басылған жинақтарында өзге еңбектерімен қатар, ғалымның «Әдебиет танытқышы» да түпнұсқамен салыстырылып, қате басылған тұстары түзетіліп, жыл сайын кемеліне келіп отырды. Дегенмен қайсы жинақты алып қарасақ та, ізім-қайым жоғалдыға баланып жүрген «соңғы беттері» табылмай келді. Әр жылдары ғалым еңбектерін құрастырушылардың бәрі «әттеген-аймен» ғалым мұрасына нүкте қоюмен келді. Тіптен, 2022 жылы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығында да бұл жоқ табылмады.
Бүгін біз Алаш баласына осы жоқтың табылғанын айтып, ақжарма жазбамызды ұсынып отырмыз. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышының» соңғы беттері табылды. Жәдігер мұраның соңғы беттері жыртылмаған нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында болып шықты. Бұған дейін алаштанушы ғалымдар, олардың ізін басқан жастар сан рет шиырлаған қазыналы қордан арнайы іздегенде табылмай, кездейсоқ ұшырасып қалғанына өзіміз де таңбыз. Себебі Ұлттық кітапхана қорындағы бір нұсқаны бұған дейін талай рет парақтап көргенбіз. Ол – отыз бес жыл бойы Ахмет еңбектерін жинақтауда қолданылып келген соңғы беттері жоқ нұсқа еді.
Байыптап қарауымыз арқылы, қазірге дейін «Әдебиет танытқыштың» 1926 жылы басылған (өзі бір-ақ рет баспа көрген) нұсқаның үш данасы ғана белгілі. Оның бірі – Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорындағы 280-беттен аяқталатын нұсқа, екіншісі – Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорындағы 282-беттен аяқталатын нұсқа. Үшіншісі – ғалым Әди Шәріповтің жеке қорында сақтаған нұсқа. Бұл үшінші нұсқаны біз көзімізбен көрмедік. Сондықтан ол нұсқа туралы айта алмаймыз. Ал 1926 жылғы Ташкент басылымында «Әдебиет танытқыштың» негізгі мәтін бөлегі (мазмұн бетін қоспағанда) 284-бетке дейін баратынын ол кітаптың мазмұнында (Ақаңда «бастары») анық көрсетілген. Оқырманға түсінікті болу үшін жоғалып табылған соңғы беттерді кітаптың тұлғасы (құрылымы) арқылы түсіндірелік:
Ғалымның «Әдебиет танытқышы» үлкен екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде «Сөз өнерінің ғылымы» екшеле зерделенеді. Екінші бөлімінде күллі әдебиет жанрларын Қара сөз және дарынды сөз деп екі үлкен топқа бөліп, оларды бұтарлап анықтама береді. Мұндағы дарынды сөз аталатын тарауды өз ішінен ауыз әдебиет және жазу әдебиет деп үлкен екі топқа жіктейді. Мұндағы жазу әдебиетті алдымен діндар дәуір және сындар дәуір деп екі дәуірге жіктеп алады да, енді сындар дәуір әдебиетін үлкен жанрларға бөліп көрсетеді. Мұнда А.Байтұрсынұлы үлкен үш жанрды: әуезе түрлілері, толғау түрлілері және айтыс-тартыс түрлілері деп бөледі. Ғалым «Әдебиет танытқыштың» бірінші бөлімдерінде әдебиеттің алып мұхитын алдымен еуропалық әдебиет ғылымының топтастыруы бойынша, өзі қазақша балама арқылы осылай бөлген болатын. Бұл дегеніміз қазіргі жазба әдебиеттің үш жанры: проза (әуезе), поэзия (толғау), драмма (айтыс-тартыс) еді. (Осындағы түрлілері деген сөз А.Байтұрсынұлының көптеген жинақтарында түрлері болып қате беріліп келді. – Ә.А).
Жазба әдебиеттің үш жанрын проза (әуезе), поэзия (толғау), драмма (айтыс-тартыс) деп бөлген ғалымның аса құнды бұл еңбегінің бүгінге дейін жоғалып кеткен беттері соңғы бөлімнің соңғы тарауының соңғы тараушасындағы «Айтыс-тартыс» (драмма) жанрының түрлерін ашып көрсететін тұсы еді.
Сындар дәуір әдебиетіндегі жазу әдебиетінің үшінші бір жанры аталған «Айтыс-тартыс түрлілерін» ғалым еңбегінде мынадай бірнеше кіші топтарға бөледі.
1) Әлектеніс
2) Әуреленіс
3) Азаптаныс
4) Зауықты айтыс-тартыс
5) Қулықты айтыс-тартыс
6) Күлдіргі айтыс-тартыс
7) Сиқырсымақ
1926 жылғы басылымда мазмұн бетінде «Айтыс-тартыс» түріндегі шығармалардың бұл бөлінісі мазмұн беттен көрініп тұрғанымен, жалпы мәтінде әлектеніс пен әуреленіс қысша түсіндірілгеннен кейінгі беттері жоғалып кеткен. Қысқасы, мазмұн бетте айтыс-тартыстың жеті түрлі көрсетілген, мәтінде тек екеуі бар, соңғылары жыртылған бетпен бірге кеткен. Енді бүгін сол жоғалып кеткен соңғы беттер табылып отыр.
Қазақстанның ұлттық электронды кітапхана сайтына (https://kazneb.kz ) Ұлттық кітапхана қорынан жүктелген «Әдебиет танытқыштың» нұсқасында ұзақ жыл бойы іздеген жоғымыз тұр. Сірә, «С.Х.»-да (спец. хранение) сақталған бұл нұсқаны кітапхана енді цифрлық жүйеге түсіріп, оқырманға ұсынған. Зерттеушілер бұрынғы «Пушкин кітапханасында» Ақаңның аталған кітабы тіркелмегенін (яғни картотекада) айтады. Демек Ұлттық кітапхана қорында «Әдебиет танытқыштың» бұрыннан белгілі соңғы беттері жыртылған нұсқамен қоса, ешбір беті жыртылмаған, бүгін біз сүйінші сұрап отырған нұсқасы да болған. Себебі Ұлттық кітапхана қорындағы осы екі кітаптың бір нұсқа тұрғанына қарамастан, кейбір жыртылған, сызылған, таба басылған, т.б. беттерінде де айырмашылық кездеседі.
Бұған дейін пайдаланылып келген, соңғы беттері түгел болмаған нұсқаға қарап, ғалымдар кітаптың жоғалған беттері біршама көп болуы мүмкін деген болжамдар жасаған. Олай болуы заңды. Себебі мазмұн бетке қараған кісі «Айтыс-тартыстың» жеті түрінің екеуін ғана (әлектеніс пен әуреленісті) оқып танысқан соң: «Соңғы бес атау бірнеше беттен тұрады, онан кейін де автор біраз дүниені қаузап барып, кітабына нүкте қойған болар», – деп шамалауы орынды. Алайда біз табылған соңғы екі бетті оқып көрсек, «Айтыс-тартысқа» жататын соңғы бес атауды ғалым қысқаша ғана таныстырып, екі бетке сыйғызған. Себебі «Айтыс-тартыс» туралы «Әдебиет танытқыштың» бастапқы бөлектерінде, қатысты тарауларында тоқталғандықтан қайталап отырмаған. Қазақ әдебиетінде айтыс-тартыс жанрындағы шығармалардың дамуы ол уақытта әлі кенже болғандықтан, қысқаша қайырғанын айтады автор.
Айтыс-тартыстың драммалық шығармалар жанры екені айтылды. Енді оқырманға осы жанрға жататын аталған жеті түрдің әдебиет теориясы бойынша аталымын да А.Байтұрсынұлы ескертуі бойынша көрсете кетелік.
Әлектеніс (мерт немесе трагедия)
Әуреленіс (арам тер яғни комедия)
Азаптаныс (сергелдең немесе драмма)
Зауықты айтыс-тартыс (мело-драмма)
Қулықты айтыс-тартыс (уддаул)
Күлдіргі айтыс-тартыс (парс)
Сиқырсымақ (пейерия)
Міне, осылайша, ұлттың ұлы ұстазының іргелі еңбектерінің бірі, қазақ әдебиеттану ғылымының бірегей қазынасы «Әдебиет танытқыштың» жал-құйрығы бүтінделді. Ғасыр қойнауынан небір сұрапыл кедергілерді басып, тәуелсіздіктің аз-ақ қарсаңында Алаш баласымен қайта қауышқан ғалым мұраларының ішіндегі аса құнды бір еңбегінің кеш келіп қайта қосылған екі бетінің жайы осылай. Парасаттың асқар биігінде ұлтына ұшан-теңіз мұра қалдырған ғалымның әр кітабын қойғанда, әрбір беттегі әрбір сөйлемі қадірлі. Сондықтан Алаш баласына сүйіншілі жаңалықты іркілмей жеткізуге ынтықтық.
Академик Р.Нұрғали «Күлтегін» баспасынан жарық көрген өзінің «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеуінде, біздің бүгінгі қаузап отырған тақырып туралы айта келіп: «Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс. Осылардың біріншісі – әлектеніс пен үшіншісі әуреленіс талданады, ал, екіншісі – азаптаныс жоқ. Сондықтан сақталған кітап бойынша болашақта «Әдебиет танытқыштың» толық текстін табу міндеті тұр», – деп жазған еді. Аға буын ғалымдар аңсап өткен алтыннан қымбат екі парақ енді табылды. Кейінгі жинақтарында ұлт ұстазының ұлы еңбегінің нүктесі қойылған, бүгін табылған бұл беттер қалыс қалмайды деп сенеміз. Жарық көргеніне ғасырға жуық уақыт болған, қиын кезеңнен басым бөлігі өртеніп, бірлі-жарым қалған нұсқасын сақтап келген, заманауи талаптарға сай, ресми сайттағы электрондық қорға жүктеген Ұлттық кітапхана ұжымына, нұсқаларды салыстыра отырып зерттеуімізге қолұшын берген Сирек кітаптар бөлімінің қызметкерлеріне, аталған бөлімнің меңгерушісі Гүлшат Мәсәлімқызына айырықша алғыс білдіреміз.
Әділет Ахметұлы,
мұратанушы