Қоғам • 07 Наурыз, 2024

Жүсіпбек мұрасы зерделенді

142 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы ұлттық акаде­мия­лық кітапханада «Қазақ руха­нияты және Жүсіпбек Аймауытұлының көркемдік әлемі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиын­ды осы кітапхана мен «Қазақ газеттері» серіктестігі, Жазу­шы­лар одағы Астана филиалы бірігіп ұйымдастырды. Іс-шара­ға филология ғылымдарының докторы, профессорлар Тұрсын Жұртбай, Рақымжан Тұрысбек, Айгүл Ісмақова, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар мен Жазу­шы­лар одағы төрағасының орынбасары, жүсіпбектанушы Нұржан Қуан­тайұлы қатысты. Мәдени мәжілісті «Қазақ газеттері» серік­тес­ті­гінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Жүсіпбек мұрасы зерделенді

ХХ ғасыр басындағы қо­ғам­­­дық қопарылыс пен сая­си сапы­рылыс уақытында өмір сүріп, заман сұмдығы мен адам шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол – бір өзі бірнеше жанрдың жүгін арқалаған талантты жазушы һәм қазақ халқының отаршылдық пен ішкі ауқатты топтың екіжақты езгісіне қарсы күрескен азаткер азамат. Оның рухани мұрасын дәріптеп, өміріне қатысты нақты деректерді бір ізге түсіру – тарих алдындағы борыш. Осы тақырыпта баяндама жасаған ғалымдар Жүсіпбектің әдеби әлемі, педагогикадағы еңбегі және қайраткерлік тұлғасы төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, елорда студенттерімен тағылымды кездесу өткізді.

Ең әуелі Дихан Қамзабек­­ұлы Жүсіпбек Аймауытұлы шы­ғар­ма­шы­лығының өзектілі­гіне тоқта­лып, бүгінгі қоғамның тәрбие­ге­ мұқ­таждығын атап өтті. «Педа­гогиканың басты мақ­­­­са­ты – ұлтқа пайдалы жақсы адам қалыптастыру. Жүсіпбек Айма­уытұлы – осы ұстанымды шығармашылық ұстынына айналдыра білген тұлға», деді ол. Жазушы Нұржан Қуантайұлы «Жүсіпбек және «Абай» журналы» тақырыбында баяндама жасады. «Жазушы Семейдегі оқытушылар семинариясында оқып жүрген кезінде Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен танысады. Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар басылымдардың бірі қоғамдық-саяси және әдеби «Абай» журналын шығаруды қолға алады. 1918 жылдың 4 ақпанынан Семей қаласынан журналдың алғашқы саны шыға бастаған. Журналдың негізін салып, шығарушы редакторы болған – қазақтың қос талантты азаматы Жүсіпбек Айма­уыт­ұлы пен Мұхтар Әуезов», деп ақпарат берді.

Тұрсын Жұртбай «Қазақ тілінің көркем сұлулығын қағаз бетіне шұрайлы һәм шұғылалы қылып түсірген бірден-бір қалам­гер болса, ол – Жүсіпбек Ай­мауытұлы», деп жазушының көркемдік кеңістігін баяндай келе, балалары Жанақ, Бектұр мен Мәруа туралы естеліктерді айтты. «Отызыншы жылы арнайы жасақ вокзалды түгелдей қоршап, Жүсіпбекті пойызбен алып кетіп бара жатты. Сонда пойыздың артынан ағалап жүгірген екі бала­ның даусы күллі халықтың жан жүрегін тебірентті. Ол – Жүсіп­бектің қос оғланы Бектұр мен Жанақтың жан даусы еді...», деп тебіренді Т.Жұртбай.

Әлібек Асқар қазақ­тың­ қа­һар­ман ұлы Бауыржан Мо­мыш­­­­­­ұлы­ның Жүсіпбек Айма­уыт­ұлынан дәріс алғаны төңі­регінде біраз мағлұмат берді. «Жүсекең өте мәдениетті, өнерлі, кішіпейіл адам еді. Музыка аспабының бәрінде ойнайды, жақсы даусы бар еді», деген жас шәкірттің ұлағатты ұстазы туралы жылы лебізін жеткізді. Алаштанушы Айгүл Ісмақова жазушының қоғамдық саяси қызметіне тоқ­та­лып, ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік өзгерістердің қазақ халқына қалай әсер еткенін баса айтты.

Жүсіпбектанушы Рақымжан Тұрысбек «Алаштың ардағы, сара сөздің саңлағы» атты баян­дамасында жазушының көр­кемдік арналары мен айқын көз­қарас, бедерлі қолтаңбасы жөнінде ой сабақтады. «Ол ел әдебиетін дамытумен бірге, тақырыптық тұрғыдан байытты, жанр жүйе­сін қалыптастырды. Ізденіс мұрат­тарынан, адам әлемі мен өмір өрімінен, еңбек мәні мен тұрмыс суреттерінен, ой-сөз жүйесінен, тіл-стиль сипаттарынан мол тәжі­рибесі, дәстүр сабақтастығы, тарих пен таным арналары кеңінен көрі­ніс береді. Тұтастай алған­да, Алаштың қайраткер-қалам­гері, дара дарын иесі, сөз зер­гері Ж.Аймауытұлының шығар­ма­шылық мұрасы азат елмен бірге жасап, жаңа уақыт рухымен қанаттасып, қатар дамып, кең өріс алып, сабақтастық сипат аясында тың серпін, соны бағыт алары хақ», деп түйіндеді ғалым.

Іс-шара соңында студенттер ға­лымдарға сұрақтарын қойып, ғалым­дар мен зиялыларға ізгі ілти­­патын жеткізді. Жаны мен жүре­гін ағартушылыққа арна­ған Жүсіп­бектің барлық мұра­сы – ұлты­мыздың өшпес сәулесі. Ол: «Оқы­ғандар! Бұл уақыт – жан ты­ныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қыла­тын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойла­ңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор боры­шы, ауыр жүгі жатыр», деген еді. Расында да, солай.