Сенат • 07 Наурыз, 2024

Қазақстанда мектеп психологтарының мәртебесін көтеру ұсынылды

58 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының мәртебесін көтеру мәселесін көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда мектеп психологтарының мәртебесін көтеру ұсынылды

Фото: stan.kz

Депутаттың айтуынша, елімізде, әсіресе ауылдарда психологиялық көмек көрсету жүйесінің нашарлығынан проблемалар уақытылы анықталмайды.

Сенатордың пікірінше, балалардың мінез-құлқындағы алғашқы проблемалар мектепке дейінгі және мектеп жасында анықталады. Сондықтан педагог-психологтардың оқушыларға жеке-дара қолдау көрсетуге қол жеткізу мүмкіндігіне және оның сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет.

«Орта есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4500 және одан да көп оқушылары бар білім ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни, бір психолог 2000 оқушыға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетіп отыр. Психологтың жүктемесі үлкен болуына байланысты, нақты мұқтаж адамға көмек берілмей жатады», деді сенатор.

Сенатор мәселені шешу үшін мектеп психологтарының саны жөніндегі нормативін есептеуді қайта қарауды және сынып санына сәйкес түзетулер енгізуді ұсынды.

«Психолог штаттары мектептерге 1987 жылы енгізілсе де олардың заңды мәртебесі әлі анықталмаған. Еңбек ақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде белгіленген. Психолог ерекше мамандық екенін ескере отырып, негізгі мамандар тізбесіне енгізуді ойластыру қажет», деді Ғалиасқар Сарыбаев.