Әскер • 08 Наурыз, 2024

Шекара шебінде

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әскери өмірдің айнасына айналған аймаңдай арулар аз емес. Темірдей тәртіп орнаған мекемеге жып-жылы шуақ сыйлап жүретін де солар. Көрікті жүзіне сабыр мен сенім ұялаған майор Мақсат Тілеуқабыловамен жұмыс бабында таныстық.

Шекара шебінде

Оны алғаш рет ақ желең киген қыз-жігіт­термен бірге әскер қата­рына жаңадан алынып, шекара бас­қармасының табалдырығынан енді аттаған жас сарбаздарды медициналық тек­серуден өткізіп жатқан сәтін­де көрдік. Жұмысына жанымен берілген білікті маманға әскери салаға қалам тербейтін тілшілердің де, өз әріптес­терінің де құрметі ерек.

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облыстық департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының медициналық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы, майор Мақсат Тілеуғабылованы айналасы өз ісінің білгірі ретінде біледі. Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген кейіпкеріміздің өмірі әскери саламен өрілген. Өмірлік серігі Ербол да – шекарашы офицер.

Семей қаласындағы мемле­кет­тік медицина академиясы табыстырған ерлі-зайыптылар арманға бірге қанат қағып, өздері білім алған оқу ордасында оқытушы болып еңбек жолын бастаған. Бұл – елімізде мемлекеттік тілге ерекше назар аударылып, оқу орындарында қазақ бөлімдері көптеп ашылып жатқан 2000 жылдардың басы болса керек. Сондықтан Шекара қыз­метінің сапына шақырылғанға дейін азаматтық білім ошақтарында өзі­нің мамандығына сай жұмыс істеген Мақ­сат Серікбайқызының ғылыми-педа­го­гика өтілі 14 жылды құрайды. Екі оқу құра­лы­ның, 10 ғылыми еңбектің тең авторы.

Ол анасына қарап бой түзепті. Анасы Күләш Майданбайқызы Арал қаласында ұзақ жылдар бойы медбике болып жұ­мыс істеген. Бұл туралы Мақсаттың өзі бізге берген сұхбатында былай деп ағы­нан жарылған: «Мен сабақтан кейін көбіне анамның жұмыс орнына баратынмын. Сонда анам секілді медбикелер мен дәрігерлердің алдарына келген адам­­дарды қалай емдегендері, олардың науқас­тарға көрсеткен ерекше ықыласы мен қам­қорлығы жадымда жаңғыра берді. Осыдан кейін мен де әскери дәрігер болуды ұйғардым».

2008 жылы жолдасы Ербол Тілеу­ға­былов шекарашылар қатарына қа­был­данып, қазақ-қытай шекарасы­ның бойында орналасқан Жаркент шекара жасағына жіберіледі. Осы­лайша, Мақсат үшін гарнизоннан-гарнизонға көшу басталады. Жаңа ортаға келе салып, өзінің мамандығына сай осындағы «Диана» медициналық колледжіне жұмысқа қабылданып, студенттерге сабақ беруге кіріседі. Бұл қызметі шекарашы жолдасының лауазымы өсіп, Шонжы шекара жасағына медицина қызметінің басшысы болып тағайындалғанға дейін жалғасады. Мақсат мұнда да жұмыссыз отырмайды. Шонжы медициналық колледжіне оқытушы болып кіреді. Ал бір жылдан кейін өзі де иығына қос жұлдыз тағып, Алматы іргесіндегі Қарасай шекара жасағына қызметке алынады. Осыдан кейін әскери тәртіпке сай жолдасы да осындағы әскери бөлімдердің біріне ауыстырылады.

Қазір бұл әскери ұжым Қара­сай ауда­ны бойынша шекара басқармасы деп аталады. Мамандығына адал Мақсат Серікбайқызының лауазымына қоса, иығындағы кішкентай жұл­дыздары үлкейіп, майор дәре­же­сіне жеткен. Өзі 2021 жылдан бері медициналық қамтамасыз ету бөлім­шесін басқарады.

Біздің кейіпкеріміздің ұстанымы – кәсіби шеберлік һәм сарбаз саулығына сапалы қызмет жасау. Бүгінге дейін талай шекарашы Мақсат ханымның ем-домын алып, денесін дендеген дертіне қош айтқан. Осындай ерлікке пара-пар еңбегі үшін ол – «Медицина саласының үздігі» атануға әбден лайық жан. Бұдан өзге, құралайды көзге атқан мергендігі бар. Аңға шық­пай­ды, әрине. Департаменттің қала іргесіндегі полигонына барып, нысана көздеуден сынақ тапсырған кезде арулар ішінен офицерге тең келетін жан табылмаған.

Көпбалалы ана. Қыздары – Жан­ерке, Аружан, ұлдары – Бейбарыс, Бек­сұлтан. Шекарашы офицер­лердің тұла бойы тұң­­ғыш­­тары жоғары білімді, өз маман­дығы­мен жұмыс істейді. Ару­жан – Абай атын­­дағы Қазақ ұлттық педа­­­го­гикалық уни­­вер­си­тетінің сту­денті. Бейбарыс 8-сыныпта оқиды. Ал үй­дегі ең кішілері Бексұлтан 5 жаста.

Әу баста өзі білім алған оқу орда­сын­да оқытушы болып еңбекке ара­ласқан Мақсаттың шәкірттерін бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Олардың дені шекара қызметінде. Майор ханымнан дәріс алған Әлімхан Кәрімбаев деген сарбаз бүгінде Ресей­дің Санкт-Петербург қаласындағы бірнеше ғасырлық тарихы бар әскери-медициналық академияның екінші курсында оқиды.

Біз майор Мақсат Тілеуға­былованы «Медицина саласының үздігі» атануға әбден лайық деп бекер айтып отырған жоқпыз. Көктем мен күз айларында жас­тарды әскерге шақыру науқаны бас­талған бойда Мақсат бастаған әскери медицина қызметкерлерінің толас­сыз жұмысы қыза түседі. Бұған ел шебіндегі шекара бөлімшелерін қо­сыңыз. Әлбетте, шекара шебін кірпік қақ­пай күзететін әскери қызметшілер темір­ден жаралмаған. Олар да аяқ асты ауы­рып қалуы мүмкін. Осындайда, бірін­ші болып шешім қабылдайтын Мақ­сат Серікбайқызы. Сарбаз шекара басқармасының медициналық лаза­ретіне жет­кізіліп, тиісті ем-домын қабыл­­дауға кіріскенге дейін дамыл тап­пайды. Жағдайды өзінің бақы­лауында ұстап отырады. «Босаңсу – бізге жат» дейтіні сондықтан.

 

АЛМАТЫ