Аймақтар • 08 Наурыз, 2024

«Есімде әліппені жаттатқаны...»

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпан айының соңында Астана қаласында «Зерделі» ақыл-ойды дамыту мектебінің ұйымдастыруымен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасы өтті.

«Есімде әліппені жаттатқаны...»

Бұл сайысқа Батыс Қазақстан облысынан 7 бастауыш сынып мұғалімі қатысып, барлығы жеңіс тұғырынан көрінді. Сөйтіп, облыс командалық есепте жүлдері 3-орынды иеленді.

Соның ішінде Орал қаласы №25 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұрбақыт Жамбылова, Бәй­терек ауданы Макаров орта мекте­бінің бастауыш сынып мұғалімі Люд­мила Кичатова және Теректі ауданы Талпын негізгі мектебінің бас­тауыш сынып мұғалімі Ақтолқын Нық­мұқанова екінші орын алса, Орал қаласы Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нина Есжанова, Бөрлі ауданы Пугачев мектеп бөбекжай-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Наталья Мосейко, Шыңғырлау ауданы Л.Қылышев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сағынай Нағымова және Қаратөбе ауданы Үшағаш негізгі орта мектебінің баста­уыш сынып мұғалімі Жанат Зейнул­лина үшінші жүлдеге ие болды.

Біз елордадан жеңіспен келген Нина Есжановаға жолығып, жетістігімен құт­тық­тадық.

«Шынын айтсақ, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық, рес­публикалық сайыстар көп емес. Бұ­дан бұрын қалалық байқаулардан бірін­ші орын алып жүрсем де, жоғары деңгейдегі сайысқа жолдама алып көрме­ген едім. Бұл Астанаға бірінші баруым. «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасы өте тартысты өтті. Соңы­нан мұғалімдерге арналған оқыту семинарында олимпиадалық есептерді шығару жолдары, балаларды дайын­дау жөнінде нақты ақыл-кеңес алдық. Осы екі күндік іс-шара өзім үшін өте пайдалы болды», дейді Нина Нұрман­ғалиқызы.

Нина Есжанова – педагог-зерттеу­ші біліктілік санатына ие, 17 жыл педаго­гикалық өтілі бар тәжіри­белі ұстаз. Жаңақала ауданы Қызылоба аулында туып-өскен Нина Нұрманғали­қызы 2006 жылы Махамбет Өтемісұлы атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетін бастауыш сынып мұ­ға­лімі мамандығы бойынша бітірген екен. Кейінгі алты жыл бойына Қадыр мекте­бінде қызмет етіп келеді.

Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 орта мектебінің ғимараты 1200 оқушыға арналғанымен, мұнда қазір білім алып жатқан балалар саны 3 мыңнан асып кеткен. Біздің кейіпкеріміз 2 «а» сыныбын оқытады, сыныпта 28 оқушы бар. Ал мектеп бойынша дәл осы 2-сынып­тың 12 параллель сыныбы бар екен. 

«Мен бұрын №45 мектепте қызмет еттім. Ол жерде әр сыныпта ең көп дегенде 24 оқушыдан асып көрмеп еді. Әрине, сыныпта бала аз болған сайын оны оқыту сапасы жоғары болады. Дегенмен барынша тырысып, еңбек етіп жатырмыз. Бастауыш сыныпта балаға ата-ананың көмегі керек. Мұғалім мектепте, ата-ана үйде екі жақтан тізе қосса, баланың оқу үлгерімі де жоғары, нәтижелі болады. Құдайға шүкір, параллель сыныптар арасында біздің 2 «а» сыныбы алдыңғы қатарда», дейді Нина Нұрманғалиқызы.

Әңгімелесе келе Нина Есжанованың ұстаздар әулетінен екенін естіп білдік. Әу баста әжесі Ұлдай Тоқтарова 60-жылдардан бастап Жаңақала ауда­нын­дағы мектептерде кітапханашы болып қызмет еткен екен. Ал өз әкесі Нұрманғали Шәріпқалиев математика пәні мұғалімі болса, анасы Ираида Шәріпқалиева орыс тілі пәні мұғалімі болып өмір бойы шәкірт оқытыпты. «Олар Қызылоба аулында 40 жыл ұстаздық етіп, зейнет демалысына шықты. Ауылда тұратын көп әулеттің үш буыны менің ата-анамның алдынан оқушы болып өткен», дейді Нина.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой қазақ. Мұғалімдер отбасында дүниеге келген төрт бала да ата-ана жолын қуыпты. Ағасы Гей­рат Шәріпқалиев музыка мектебінде мұғалім болса, апасы Әсел Шәріп­қа­лиева мектепте психолог болып қыз­мет еткен. Ал інісі Тимур Шәріпқалиев өзі туып-өскен Қызылоба аулында информатика пәнінің мұғалімі екен.

«Ата-анам менің математика фа­куль­тетіне барғанымды қалады. Кіш­кен­­тайымнан есепке жүйрік едім. Бірақ өзім әуелден кішкене балалармен жұмыс істегенді жақсы көргендіктен, өз қалауым­мен бастауыш мектеп мұғалімі маманды­ғын таңдадым», дейді Нина.

Нина Нұрманғалиқызының өзі де бүгінде 4 ұл тәрбиелеп отырған көп­бала­лы ана екен. «Уақытымды жаным сүйген жұмысым мен отбасыма тең бөлемін. Түрлі ұсыныс көп болса да, қосымша жұмыстардан бас тарттым. Түске дейін өз сыныбымды оқытамын, қажет болса, кей күндері балаларды қосымша сабаққа шақырамын. Қалған уақытымның бәрін отбасыма, балаларыма арнаймын», дейді ұлағатты ұстаз.

...Бастауыш сынып – бала бойын­дағы білімнің іргетасы қаланатын өте маңызды кезең. Шәкірттің жұлдызы жанып, ілім-білімге ықыласы ашылуы көбіне алғашқы ұстазына байланысты. Мектеп табалдырығын аттаған балаға Нина Нұрманғалиқызы сынды білікті ұстаз тап болса, ата-ананың арманы сол емес пе?

 

Батыс Қазақстан облысы