Фото: csp_parasport.kz
csp_parasport.kz инстаграм парақшасының мәлім етуінше, финалда өзін жақсы көрсетіп, екінші орын алған Еркін Ғаббасовтың алтын медаль алуына 3 ұпай ғана жетпей қалды. Жарыс жеңімпазы кореялық Джангхо Ли-да Паралимпиада ойындарының жолдамасы болғандықтан, екінші орын алған Қазақстан спортшысына Париж-2024 лицензиясы тиесілі.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Сұлтанбек Қаби: «Осымен биылғы Паралимпиада ойындарына 11 лицензиямыз бар. Бұған дейін волейболды отырып ойнау құрамасы, пара каноэдан Спатай Бибарыс, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жүзуден 3 спортшы, пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нұрлан Домбаев, Нышан Өмірәлі алған еді. Енді міне пара оқ атудан Еркін Ғаббасов байрақты додаға жолдама алып отыр. Паралимпиада ойындарына дейін лицензиат спортшылардың саны әлі артады деп сенемін», деді.
Айта кетсек, пара оқ атудан 49 елден 268 спортшы қатысып жатқан WSPS әлем кубогы Үндістанның бас шаһары Нью-Делиде 6 наурыз күні басталған, 15 наурызда аяқталады.