Жемқорлық • 11 Наурыз, 2024

«Өлі жандар» әшкереленді

833 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кереку мектептерінде қазынадан ақша жымқыру әрекеттері тыйылар емес. Гогольдің әйгілі «Өлі жандарының» кейіпкерлері білім саласында әлі де елес беріп тұрғаны байқалады. Проку­рор­лар жыл басынан бірнеше былықтың бетін ашты.

«Өлі жандар» әшкереленді

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Осы аптада прокурорлар Павлодар қаласындағы мектеп директорларының бірі ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрла­ғанын әшкереледі. Ол білім ұясына әлдебір азаматты жұмысқа алып, соның атына ай сайын еңбекақы аударып отырған. Түптеп келгенде, әлгі қызметкер мектепте жұмыс істемеген. Облыстық проку­ра­ту­раның дерегінше, мектеп басшысы осы заңсыз әрекеті арқылы мемлекетке жалпы сомасы ­2,5 млн теңге шығын келтірген.

«Материалдар Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметке жолданды. Қылмыстық кодекстің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.

Бұған қоса жуықта Аққулы ауданындағы «Қызғалдақ» балабақшасының директоры мен бухгалтері мекемедегі жалақы мен үстемеақыларды заңсыз есептеу жолымен 62 млн теңгеден астам бюджет қаражатын қолды қылғаны ­туралы іс сотта қаралды. Белгілі болғандай, 2016-2023 жылдар кезеңінде балабақша директоры мен бухгалтер қызметкерлер­дің еңбекақысына қосымша жалақы мен үстемеақыны заңсыз белгілеп, ай сайын ол қаражатты өздері иемденіп отырған. Сот отырысында айыпталушылардың қылмысы куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қоры­тын­дыларымен және басқа да дерек-дәйектермен дәлелденді.

Облыстық соттан мәлім­де­­гендей, бұл заңсыз әрекет ауыр сыбайлас жемқорлық қыл­­мыстарға жатады, ол үшін қыл­­мыстық заңда 7 жылдан 12 жыл­ға дейінгі мерзімге бас бос­тан­ды­ғынан айыру түріндегі жаза көз­дел­ген. Аққулы аудандық соты ди­ректордың зейнеткерлік жасын ескере отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған қоса мем­лекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Ал бухгалтерді 8 жылға кес­ті. Дей­тұрғанмен оның соттағы шын ниетпен өкінуін, мүліктік залал­­дың ерікті түрде ішінара өте­генін, асырауында кәмелетке тол­маған төрт баланың, оның екеуі жас бала екенін ескере оты­рып, Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жазасын өтеуді кейінге қал­дырды. Бух­­галтерлік қызметпен ал­да­ғы 10 жыл ішінде айналыса ал­майды.

Атап өтерлігі, прокурор­лар бұған қоса Павлодар қаласының барлық мектебінде бейне­бақы­лау камералары жазу функция­ларынсыз жұмыс істейтінін анықтады. Олардың бейне­мұрағаттарына кіру мүмкіндігі жоқ және полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған. Бұл кемшілік 2023 жылы «Smart City Pavodar» жоба­сы аясында түзетілуге тиіс еді. Алайда жеткізушінің шарт­тық міндеттемелерді орындамауына байланысты әлі іске асырылмаған.

 

Павлодар облысы