Қоғам • 11 Наурыз, 2024

Ақша бопсалаған: Танымал қоғам белсендісінің не себептен қамалғаны мәлім болды

3444 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұратын, желіде танымал белсенді Сандуғаш Тұрлыбекованың ұсталуына қатысты полиция мәлімет таратты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақша бопсалаған: Танымал қоғам белсендісінің не себептен қамалғаны мәлім болды

Белсенділігімен қатар, көпбалалы ана ретінде де белгілі әйелдің ұсталуы желі қолданушыларының түсініспеушілігін тудырған болатын. Осыған орай Қызылорда облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын, қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатқанын мәлім етті.

«28 ақпан және 6 наурыз күндері Қызылорда облысының полиция департаментіне облыстың екі тұрғыны жүгінді. Олар осы азаматшаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арызданған. Тұрлыбекова бопсалау арқылы және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрлыбекова ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше бопсалау фактілері анықталды. Процеске қатысушылардың жауабын бұрмалауға ықпал етіп, тергеудің жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тергеу соты оны күзетпен ұстау шарасын санкциялады. Ұстау заң шеңберінде жүргізілді. Арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістер қолданылған жоқ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», — деп жазды Жаңақорған аудандық полиция бөлімінен.